Қазақстан ауған босқындарын қабылдай ма? – Ресми жауап

cover Фото: RT

Әлеуметтік желілелерде Қазақстанның ауған босқындарына арнап лагерь салатыны туралы ақпарат тараған еді. Telegram-дағы «Чиновник» каналы «Қазақстан АҚШ үкіметіне жұмыс істеген ауғандарды уақытша қабылдау туралы келісімге келді» деген ақпарат жариялап, елді дүрліктірді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

«Бастапқы келісім 2000 ауғанға арналған, бюджет бөлінген. Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстан сыртқы істер министрі Тілеуберді Мұхтармен телефон арқылы сөйлесіп, босқындарды қабылдау процесінің егжей-тегжейін талқылады» делінген «Чиновник» каналында жарияланған жазбада.

Бүгін мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалға байланысты жиын өткізді. Жиында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Қазақстан ауған босқындарын елге кіргізе ме?» деген сұраққа президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли ресми жауап берді.

Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады, - деп жазды Берік Уәли Facebook парақшасында.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар