Қазақстан атынан Токио Олимпиадасына кімдер қатысады?

cover Фото: Eurosport

Қазақстан атынан Токио Олимпиадасына 95 спортшы қатысады. Нақты тізім 5 шілдеде бекітіледі.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Olympic.kz басылымының айтуынша, Қазақстан Олимпиада ойындарында спорттың 27 түрінен 96 жолдама ұтып алған.

Еске салсақ, 23 шілде басталатын Токио Олимпиадасында 339 медаль ұтысқа тігіледі.

– Токиоға ел намысын абыроймен қорғайтын спортшыларды жасақтадық. Барлық Олимпиадалық отбасының атынан мемлекет басшысына және ел үкіметіне қазақстандық спортшыларды қолдап, барлық қажетті жағдайды жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.

Қазақстан алғаш рет спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша Олимпиада бағдарламасына қатысады.

Каратэге 5 спортшы қатысады:

  • Дархан Асаділов
  • Нұрқанат Әжіқанов
  • Данияр Юлдашев
  • Мөлдір Жаңбырбай
  • Софья Берульцева

Спорттық құзға өрмелеуден жарысқа Ришат Хайбуллин қатысады. Ал жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова көш бастайды.

Сондай-ақ, 8 жылдық үзілістен кейін су добына жалғыз ерлер құрамасы жарысқа қатысады. Тоғыз жолдамамен боксшыларды Қамшыбек Қоңқабаев көш бастап тұр.

Ал гимнаст Милад Каримиға жеті жолдама берілген. Жүзуден үш жолдаманың екеуі Дмитрий Баландинге тиесілі.

– Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортышының қатарына енді. Афиныдағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге  команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді, - деді Құлыбаев.

Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш жолдама бар. Қазақстан бұл спорт түрі бойынша жарысқа бірінші рет қатысып тұр.

20 жылдық үзілістен кейін үш садақшы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайды.

Балуандарға 11, жеңіл атлеттерге 11, теннисшілерге 7, байдарка мен каноэде есуден 6, дзюдошыларға 6 жолдама берілген.

Үстел теннисі, таеквондо мен слаломды есу бойынша 2 жолдама бар.

23 маусымда Токио Олимпиада стадионында Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар