Қарағанды облысында жоғалған кәсіпкер әлі табылған жоқ

cover

ОКҚ брифингінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бір апта бұрын Нұра өзені аумағында жоғалып кеткен Қарағанды облысы Нұра ауданындағы шаруа қожалығының басшысын іздеу бойынша жұмыс барысы туралы айтты.

— Аталған азаматты іздеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келесі күні оның көлігі су жағасынан шамамен 10 метр қашықтықта табылды. Азамат көліктің жанынан табылмады. Іздеу жұмыстары мамандарды, еріктілерді және туыстарын тарта отырып жүргізіледі. Оның сыртқы киімдері өзеннен табылды. Іздестіру жұмыстарына сүңгуірлер қатыстырылады, - деді Ильин.

Адамның өлі не, тірі дерегі табылғанша іздеу және құтқару жұмыстары жалғасады.

—  Өкінішке қарай, адамды тірі табу екіталай, бірақ біздің қызметкерлер іздеу жұмыстарын жалғастырады. Әдетте, 10-14 күн ішінде міндетті түрде жағдайға байланысты іздеу жұмыстарын жүргіземіз. Одан кейін жұмысты жалғастыру немесе аяқтау туралы шешім қабылдаймыз. Естеріңізде болса, Шығыс Қазақстан облысында балықшыларға қатысты осындай жағдай болған. Біз қар үстімен мұз қатқанша 20 күн бойы жұмыс жүргіздік. Қазір туыстарының өтініші бойынша бұл жұмыстарды тағы да жалғастырамыз, - деп нақтылады ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Сүлейменов 8 сәуірге қараған түні Кәрім Мыңбаев ауылынан Нұра ауданының Тассуат ауылына шығып, межелі жерге жетпеген. Бірнеше сағаттан кейін бұл аймақта су деңгейі едәуір көтеріліп, жолды су басты. Нұра ауданының тұрғындары су тасқыны салдарынан көлік суға түсіп, ер адам суға батып кетті деп есептейді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар