«Алтын орда» базарын кім қорқынышта ұстап отыр?

cover Коллаж: Orda.kz

Алтын орда базары Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев басқаратын «KURYLYS LTD» компаниясына тиесілі екені қаңтар оқиғасынан кейін ғана белгілі болды. Басып алу, есірткімен ұсталу, алаяқтық сияқты түрлі қылмыстардың ордасына айналған базардың Youtube арнасындағы бейнежазбаларына қарасақ, қазіргі басшылары қайырымдылықпен айналысатын, атымтай-жомарт адамдар екен.

Orda.kz миллиондаған тауар айналымдары бар алып базарға таласқан алпауыттар мен қазіргі басшылық жайлы бар ақпаратты саралап көрді.

Тілшілерден үріккен басшылық нені жасырады?

Әуелі басшылық қана емес, базар сатушылары мен кәсіпкерлердің тілшілерге жауап беруден ат тоннын ала қашқаны жайлы айта кетсек. Базардағы саудагерлер әкімшілік қанша теңге алатынын сұраған адамға үрке қарайды. Қазір бұл базардың 95%-ы «Компания номер один» ЖШС компаниясына тиесілі. Оның басшысы Александр Недогарко, құрылтайшысы Еркебұлан Хамзин (экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы орынбасары).

Ал базардың басшысы Данияр Дүзбаев директоры болып отырған «Big city market» компаниясы.

Фото: AltynOrdaresmi.kz, А.Недогарко, Д.Дүзбаев, Н. Ақмурзин

Нысанның жалпы аумағы 218 мың шаршы метрден асады. Ал оның ай сайынғы тауар айналымы 147 миллион теңге. Күніне 500 жүк көлігі кіріп шығады. Әрине, мұндай табыс көзіне айналған «қайнар бұлаққа» көз салмаған адам жоқ шығар. Қылмыс, шабуыл, басып алу, қоқан-лоққы жасау, заңсыздық, жемқорлық т.б. дау-дамайдың ортасында қалатын базардың әуелі тарихына үңілсек. 

Қысқаша тарихы

  • 2000 жылдары Алтынбек Әлпиев базардың негізін қалап, 2007 жылға дейін басқарды. Алайда оның ұлы Данияр Әлпиевтің сөзінше, әкесін 2007 жылы қасақана өлтіріп, базарды күштеп тартып алған. Бұған дейін Алтынбек Әлпиев алдын ала үлестерін тартып алмас үшін сенімді адамдарына бөліп беріп тастайды.
  • 2007 жылдан 2012 жылға дейін «Kurylys LTD» ЖШС-ға тиесілі болып, үлестер Болат Назарбаев тартып алмауы үшін бөлініп кетеді. Директоры Әлпиевтің ұлы Данияр Әлпиев болады. Ал компанияның 16,4706%-ы Е.А.Жақсыбаевқа, 19,6470% С.Т. Сексенбаевқа, 24,7058% Г.Н. Исаевқа, 0,003% В.В. Губенкоға тиесілі болды. Ал оның ең көп үлесі, яғни 39, 1763% М.Е. Тулепбеков (негізгі иесі Айдарбек Хусаинов) болды.
Фото: Egov.kz 
  • 2012 жылы бұл жамыраған үлескерлердің тізімі өзгеріп, экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың ықпалымен, үлескерлер өз үлесін берді. Тек үлесі ең көп Айдарбек Хусаинов 39% үлесін өз бағасынан он есе арзан бағаға, 1,3 миллионға сатты. Бұл жылдары базар иесі әлі Алтынбек Әлпиевтің ұлы Данияр  (қазір түрмеде) еді. Ол күшпен басып алу сияқты заңсыздық жайлы сол жылдары мәлімдеме жасаған. Мәлімдемесінде кейіннен Болат Назарбаевқа тиесілі болатын «Kurylys LTD» ЖШС адамдары қысым көрсеткені жайлы айтады. Назарларыңызға сол ескі архивте қалған бейнежазбаны ұсынамыз.

Сонымен заң жүзінде базар толығымен Болат Назарбаевтікі болып шыға келді.

Фото: Egov.kz

2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтардың ықпалы азайып, ең көп үлесі болған Айдарбек Хусаинов сотқа жүгінді. Базарды басып алуға көмектескен Болат Назарбаевтың сенімді адамы — Серік Апсапаров 2023 жылғы 9 ақпандағы сот үкіміне қарасақ, өз кінәсін мойындаған. 

Сонымен күшпен басып алған Серік Апсапаровтан 2007 жылдан бергі үлескерлердің жапа шеккені белгілі болды. Сот заңсыз басып алу болғанын анықтады. Оны шартты түрде 2 жыл бас бостандығынан айырды.

Алайда Қарасай сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы үкімі толығымен Айдар Хусаиновтың шағымын мақұлдамады. Хусаинов өз үлесін мойындатып, Болат Назарбаевтан 5 млрд өндіріп, Данияр Әлпиев пен «Компания номер один» ЖШС арасындағы келісімді жоққа шығаруды сұраған еді.

 

«Майшелпек» кімге тиді?

2022 жылы Айдарбек Хусаинов Алматы облыстық Экономикалық тергеу департаментіне арыз жазған соң, ЭТД базардың бар үлестері арестке қойған болатын. Ал сот шешімі бітпей жатып, Болат Назарбаевтың өкілі «Kurylys LTD» ЖШС-дағы 95% үлесін «Компания номер один» ЖШС-ға сатып жібереді. Altyn-Orda.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы 22 сәуірде Назарбаев базар сатылған соң 2 күннен кейін Түгелбаевты өзінің сенімді өкілі құқығынан айырған. Болат Назарбаев тіпті базардың заңсыз сатылып кеткені жайлы құзырлы органдарға арыз жазыпты. Ақша да алмағанын айтқан. Сонымен қазіргі БАҚ беттеріндегі деректерге қарасақ, 95% базардың үлесі «Компания номер один» ЖШС-ға тиесілі болды және арест шешілді де базар жұмысын бастап кетті.

Ал 5%-ы базарды салған Алтынбек Әлпиевтің ұлы Данияр Әлпиевке тиді. Қазір ол алаяқтық жасады деген айыппен қамауда отыр. Ал оның орынбасары Ермек Мархабаев көлігінен есірткі мен тапанша табылды деп сотталды. Тоқаевқа бейнеүндеу жолдаған Әлпиев қазір өз қауіпсіздігі үшін үндемей отыр.

Ал бұған дейін «өзін қорқытып отыр» деп дабыл қаққан Данияр Әлпиевтің жары Алмагүл Мергенбаева бізге жауап беруден бас тартты. Бұған дейін ол компанияның 20%-ы өздеріне тиесілі екенін айтқан болатын.

Бұған дейінгі Orda.kz Данияр Әлпиевтің хатын жариялады. Онда әуелде Хамзиннің өзін Қаныш Ізбастиннің туысы ретінде таныстырып, базарды қайтарып беруге көмек қолын созғаны айтылады. 

Еркебұлан Хамзин 

2022 жылдың ақпан айының соңында Астанада Саябек Нұртазин «Компания номер один» ЖШС-ны құрды. Бір ай өткен соң, «Компания номер один» ЖШС басқа адамға өтті. Жаңа иесі Астана қалалық экономикалық тергеу департаментінің экс-орынбасары Еркебұлан Хамзин болды. Ал директорлығын Александр Недогарко атқарады, ол сонымен қатар бұған дейін де «Алтын Орданы» басқарды. Бұрын Хамзин Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаментінде жұмыс істеді.

Фото: «Алтын орда» базарының Youtube арнасынан скрин

Александр Недогарко 

Александр Недогарко осы тұлғалардың ішіндегі ең қызық адам шығар. Бұрын ол Еркебұлан Хамзинмен бірге Солтүстік Қазақстанның салық департаментінде істеді. Ол қазіргі «Компания номер один» ЖШС-ның басшы. Ал statnet.kz сайтында бұрынғы Болат Назарбаев-қа тиесілі болған «Kurylys LTD» ЖШС-ның да басшысы деп көрсетілген.

Қазір де, сол кезде де «Kurylys LTD» ЖШС  басшы — Александр Недогарко. Бұл компания 1998 жылы наурыз айының 18-і тіркелді. Компания биылға дейін салық төлеп келген. Демек басшысы Недогарко бұл компанияны да жаппай, екі жердің тізгінін қатар ұстап отырған.

Фото: Kompra.kz

Қазіргі «Компания номер один» ЖШС 2022 жылы ақпан айының 23-і күні тіркелген. Яғни, қаңтар оқиғасынан кейін 1 айдан соң тіркелген «жаңа компанияға» 2 жыл 8 ай болыпты. (Еске сала кетсек, қаңтар оқиғасынан кейін бір айдан соң дәл сол күні Болат Назарбаевтың өкілі М.Түгелбаев базарды сатып жіберген).

Фото: Kompra.kz

Екі компания да салықтан жалтарғанын анықтадық.

Осы екі компанияның да басшысы болып бұрыннан келе жатқан басшы Александр Недогарко бұрын Солтүстік Қазақстанда «Титан-север» ЖШС басшысы болған екен.

Біз оның Facebook парақшасын таптық. Неге екені белгісіз онда Александр Недогарко Ресейдің президент аппаратында істейді және Ресейдің Благовещенск қаласының орта мектебін 1996 жылы тәмамдады деп көрсетілген.

Orda.kz тілшілері қазіргі «Компания номер один» ЖШС-ның 120 млн-нан аса ақшаны салыққа бөлгенін анықтады.

Фото: Kompra.kz

Алайда 5 қарашада көргенімізде төленбеген 60 мың және атқарушылық іс жүргізудегі борышкерлердің жалпы 8 млн қарызы бар екені көрсетілген.

Фото: Kompra.kz

Даудың ортасында жүрген Kurylys LTD» ЖШС-ның жабылғаны туралы ақпарат жоқ. Сонымен екі компанияның басшысы болған, екі кезеңді көрген осы Александр Недогарко дауға айналған павильондар жайлы естімеуі, білмеуі мүмкін емес бірден бір адам.

Ал Данияр Дүзбаев жайлы ақпарат өте аз.

Фото: «Алтын орда» базарының Youtube арнасынан

БАҚ беттерінде оның су тасқынынан зардап шеккен Оралдықтарға көмектескені жайлы ақпарат бар.

«Алтын орда» базарының ресми сайтында салтанатты рәсімге Данияр Дүзбаевпен бірге базар құрылтайшысы Еркебұлан Хамзиннің де барғанын көруге болады.

Orda.kz тілшісі осыдан кейін Оралдағы тұрғындарға хабарласып, ол жайлы сұрастырды. Олар салып берген үйлерде тұратындардың айтуынша үйдің сапасы өте жақсы.

«Салынған үйлер өте жақсы. Ешқандай шағым жоқ екен. Бізде тіпті қыс түсті, бірақ салқын емес», — деген жауап алдық. 

Сонымен тілшілеріміз жолыға алмаған қазіргі басшылық осы.

Қазіргі базар жағдайы

Қазір Алматының ең ірі әрі адам қаптаған орындарының біріне айналған алып базар қала мен оның айналасындағы өңірлерді азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника сынды түрлі тауарлармен қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл базар ондаған гектар жерді алып жатыр және мыңдаған адамға жұмыс орнын беріп отыр. 

2022 жылы Тоқаев үкімет отырысында «Алтын орда» базарын ретке келтіру жайлы тапсырма берді. Orda.kz журналистері осы жайлы біліп қайту үшін базарға арнайы барды. Алайда басшылық жауап беруден мүлде бас тартып, тіпті базарды түсіруге тыйым салды.

Біз базардың өкілі, заңгер Ізбасар Өтеулинге хабарластық. Ол да жауап беруден бас тартты.

Тілшілеріміз ат тонын ала қашқан басшылыққа қарамай, базардың күйі жайлы білу үшін саудагерлермен тілдесіп шықты. Саудагерлер нан тауып отырған орындарынан айырылып қаламыз деп қорықты ма, әлде біреу алдын ала аштеңе айтпауды өтінді ме, білмедік. Олар да қашқалақтаған соң, журналистерге сауда жасауға тура келді. Сауда жасап жүріп, әңгімеге тарттық. Ескерте кететін жайт, базар басшылығы бас тартқаннан кейін, түстеніп алып базарды араладық. Күзетшілер қыр соңымыздан қалмай, кеткенше торуылдап шығарып салды.

«Банданы қуған Хамит» немесе жыр болған павильон жағдайы

Иә, әзілдейтін жағдай емес. Бірақ бір қызығы Orda.kz тілшілері сатып алушы болып қай бутикке барса, соңымыздан қалмай күзет қызметкерлері еріп жүрді.

Бухгалтерлік кеңес беретін орында отырған күзетшіні біз әкімшілікке кіріп шыққаннан кейін, қадағалаушы шақырып отырғызып қойды.

Жаңадан екі павильон ашылғалы «Алтын Орда» даудан «көз ашпады». Осы жылдың шілдесінде 300 салымшы атынан базарға жиналған саудагерлер жаңа павильоннан бутик алу үшін Данияр Әлпиевке ақша бергендерін айтып наразылық білдірген болатын. Ал Данияр Әлпиевтің әйелі ол ақшаны «Компания номер один» ЖШС-ға аударғандарын айтқан еді.

«Біз салып береміз» деген «Big city market» ЖШС Данияр Дүзбаев пен «Компания номер один» ЖШС басшысына қатысты салымшылар қазір жақ ашпай отыр.

Дауға айналған 3 павильонның тіректерін орнатып қойыпты.

Бұған дейін жертөле мен оның төбесі жабылған еді. Қазіргі құрылысты базардың ресми Youtube арнасына да салып қойған. Осы «жылдың екінші жартысында бітіргелі отырған» құрылыстың кейпі, күздің соңғы айы қарашадағы көрінісі мынадай:

Фото: Orda.kz

Енді 1-2 айдың ішінде салып бітіре ме, жоқ па, білмедік.

Ал қазір 3 павильондағы кәсіпкерлердің біріне хабарластық. Ол «базардағы орнымды сатып жібердім» деп, сөйлесуден бас тартты. Тіпті басқа салымшылардың нөмірін бермеді.

Қазіргі жалға алу бағасы

Болат Назарбаевтың кезінде базар иесінің саудагерлерге өте жоғары баға қойып, олардан артық ақша алып отырғаны да сол кезде белгілі болған еді. Біздің ақпарат көздеріміз бұған дейінгі жалға алу бағалары 40 мыңнан 70 мыңға барғанын айтты.

Ал қазіргі бағаларды білу үшін Orda.kz тілшілері қасына базар күзетшілерін «ерте» жүріп, жалға алу бағасын сұрастырды. Бутик иелерінің бәрі қазіргі ай сайынғы бутик бағасының 100 мың екенін айтты.

Ал бутикті сатып алған кәсіпкерлерден жалға алатын саудагерлердің айтуынша да ай сайынғы базар әкімшілігі алатын баға 100 мың, ал бутик иесіне келіскенінше төлейді. Шамамен екі иеге сонда 350-450 мың төлеп тұр.

Ал базардың алдындағы қарапайым саудагерлер күнінен 4 мыңнан 6 мыңға дейін төлейтіндерін айтты. Кейбір көкөніс сатушылар көкөністің көптігіне қарай төлейді екен. Олардың бәріне әкімшілік тек талон беретін көрінеді. 

Ойыншық сататын бутикқа келіп, саудагермен тілдестік.

«Бутиктің бағасы 25 миллион. Ай сайынғы қазіргі жалға алу бағасы 100 мың теңге», — деді саудагер. 

Ал басқа саудагерлер де жалға алу бағасы 100 мың теңге екенін айтты. Одан басқа ақпарат сұрастырсақ, базар әкімшілігіне барыңыз деп сілтеді.

Ал күзетшілердің бірі жалақысының өзіне жететінін айтты. Ол айналаның бәрі камера екенін, бақылап отырғанын, түсіруге тыйым салынатынын, түсіргендердің басы бәлеге қалатынын айтып бәйек болды.

«Қыздар, мен сендерге түсіруге болмайды дедім ғой. Айналаның бәрі камера. Сенің не істеп тұрғаныңды, қайда бара жатқаныңды бәрін бақылап тұрады. Қытайлардың өздері ұсталып қалды. Жай ғана базарды түсіргені үшін айыппұл салды. Егер заңгердің өзі сіздерге түсіруге рұқсат бермесе, болды онда. Сол шешеді», — деді күзетші.  

Ал тығылып-қашып сауда жасайтын көпір астындағы, жанындағы ұсақ саудаға келсек. 

«Заң бойынша бізге рұқсат жоқ. Полиция бір келіп алып кетеді. Әкімшілік бір келіп тыйым салады», — деді сатушылардың бірі.  

Біз қазбалап сұрай бастағанда өзінің қартайғанда әрең жан бағып жүргенін айтып, түсіруден де, ақпарат беруден де бас тартты. Тіпті «түсіріп алмадыңдар ма?» деп дауласпақ та болды.

Бір ескеретін жайт — заңмен тыйым салынады деген күннің өзінде көпір асты мен жанында қаптаған көше саудасы толып тұр. Қайыр сұрап жүргендер де бар. Олардың «көзге көрінбеуі», бізді «аңдыған» қырағы күзетшілерінің көрмеуі мүмкін емес.

Еске сала кетсек, депутат әрі заңгер Абзал Құспан экономикалық тергеу департаменті базарға қатысты іс қозғап, бір-ақ күнде арестен шешіп, сол департаментте бұрын істеген адамның құрылтайшысы болып шыға келгені жайлы айтады. Оның айтуынша егер біз «Болат Назарбаевты басып алды деп кінәлай алсақ, қазіргі басшылықты да кінәлай аламыз. Ол «ұрыны қары тонапты» деп сөз сөйлеп, Тоқаевтың базарда тәртіп орнату жайлы тапсырмасын әлі орындалмай отырғандарын айтты. 

 

Әрине, бұған бас прокуратура жауап беріп, экономикалық тергеу департаментінің «Алтын орда» базарына қатысты тергеу ісін жүргізбегенін айтты.

Orda.kz базар тарихы мен бар оқиғаларды, ақпараттарды осылай тізбелеп шықты.

«Алтын Орда» — Алматы экономикасында маңызды орын алады. Бірақ оның заманауи мегаполис талаптарына сай болу үшін түбегейлі реформалар қажет. Осынша ақпараттан кейін көкейде мынадай сұрақтар туады: базардың басшылығы мен билік «Алтын Орданы» тек экономикалық емес, сонымен бірге әлеуметтік жағынан да қауіпсіз сауда орталығына айналдыруға дайын ба? Әлде базар «баяғы жартас, бір жартас» күйінде жасырын экономика мен жемқорлықтың орталығы болып қала бермек пе?

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар