Алматыдағы Академқалашықтағы дау: тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасындағы текетірес

cover Фото: Orda.kz

Алматыдағы Академқалашық тұрғындары өз үйлерінің қасында салынбақ болған сауда орталығы мен пәтер түріндегі қонақүйге қарсы. Олардың айтуынша, мұндай құрылыс тығыз орналасқан бұл аумаққа қауіп төндіреді.

Даулы мәселені талқылауға мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек, жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырған «SABA GROUP» құрылыс компаниясының өкілдері, сондай-ақ Алматы қалалық және Бостандық ауданының тиісті басқармалары қатысты.
Дегенмен, басты сұрақтар жауапсыз қалды. Нақты шешім қандай? Құрылысқа рұқсатты кім берді? Ал мұндай шағын аумаққа нысан салу қаншалықты заңды және қауіпсіз?

Orda.kz тілшісі жиында тұрғындардың талап-арызын да, жауапты өкілдердің уәжін де тыңдап қайтты. 

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жиналған тұрғындардың талап-тілегін Алматы қаласының құрылысқа жауапты өкілдеріне жеткізгенін айтты. Сондай-ақ ол қаладағы тиісті барлық ведомствоның өкілдері осы жиында отырғанын атап өтіп, тұрғындарды өздерін толғандырған сұрақтарды ашық қоюға шақырды.

Айта кетсек, Бақытжан Базарбек бұған дейін де Академқалашық тұрғындарымен осы мәселе бойынша кездескен болатын.

Әл-Фараби даңғылы бойындағы Академқалашық тұрғындарының белсендісі Сонара Бекқожаева тұрғындардың уайымын жеткізді. Оның айтуынша, салынғалы тұрған сауда орталығы мен қонақүй үйлерге тым жақын. Сонымен қатар, Алматыда жиі жер сілкінісі болатынын ескерсек, құрылыс жоспарланған аумақ тектоникалық жарық сызығына жақын. Сондай-ақ ол бұл нысан экология мен қала құрылысы нормаларын бұзуы мүмкін екенін айтты.

«Әл-Фараби көшесі қаламыздың ең кептеліске толы көшесі екенін айтпасақ та білесіздер. Ертең мына алақандай жерге сауда орталығы мен пәтер үлгісіндегі қонақүй салынатын болса, онсыз да кептелісі көп көшеде көлік түгілі адамның, бала-шағаның жүруі қиындайды. Себебі ғимарат дәл біздің үйіміздің алдынан салынып жатыр. Адамдар кіріп-шығатын жолдың қақ ортасына. Ертең осылардың кесірінен қарапайым үйімізге кіру бізге мәселе болды», — деді қалашық белсендісі.

Тұрғындардың пікірінше, тығыз құрылыс көбейсе, үйлерге күн сәулесі аз түседі, көлік қою орындары жетіспейді, ал аумақтағы шамамен 500 ағаш кесілуі мүмкін. Сонымен қатар, жаңа кешен ауданның көлік тұрақтарын толықтырып, жүктемесін арттырады, өйткені бұл ғимараттарға қаладағы басқа жерлерден де адамдар келетін болады.

Тұрғындар сондай-ақ, Алматыда жер сілкінісі болса, 9 қабатты үйлердің қарсы тұрған ғимараттарға құлап қалуы мүмкін екенін айтты. Сол кезде қауіптен қашқан тұрғындар далада жүгіріп жүріп, қауіпсіз орын таба алмай қалуы мүмкін.

Фото:Orda.kz
Фото:Orda.kz

 Танымал адвокат әрі Академқалашық тұрғыны Жанна Оразбақова Әл-Фараби даңғылындағы негізгі жол қозғалысының жүктемесін ескере отырып, жер сілкінісі кезінде тұрғындардың қай жаққа қашып, қалай бас сауғалайтынын сұрады.

«Жер сілкінісі болған жағдайда, немесе былтырғы қаңтар айындағыдай жер сілкінісі қайталанса, біз бәріміз қайда барамыз? Ол кезде біз тек тәпішкемен үйден жүгіріп шықтық, басқа жер болмаған соң, осы жерге жиналдық. Екінші сұрақ — бұл әл-Фараби даңғылының негізгі магистральдық жүктемесі туралы. Мен жұмыстан үйге дейін бір жарым-екі сағат кептелісте тұрып келемін. Себебі барлық көлік ағыны —  Орбита мен Мамыр бағыттарына дәл осы Әл-Фараби даңғылы арқылы өтеді. «SABA Group» компаниясы Гагарин мен әл-Фараби қиылысында тұрғын үй кешенін салды. Ең кемі 10 мың тұрғын сол жерде тұрады. Егер тағы жаңа нысандар салынса, біз үйлерімізден мүлде шыға алмай қаламыз. Үйге қатынау мүмкін болмай қалады», – деді Оразбақова.

Saba Group компаниясының президенті Ілияс Қарбозов тұрғындардың айтқан уәждеріне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, құрылыс дәл қазір басталмайды, алдымен оны бастауға рұқсат беретін тиісті органдардан ресми құжат алу қажет.

«Біз бұл жерге тоғыз қабатты пәтер үлгісіндегі қонақүй мен 3 және 5 қабатты сауда орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Ал өтпелі жолға келер болсақ, қазір біз сол өткел мен жолды қалпына келтірдік, тіпті жаңа жаяу жүргіншілер жолын жасадық. Бас жоспарда бәрі нақты көрсетілген. Тұрғындар өз үйлеріне еркін қатынай алады, көліктер үшін де бөлек айналма жол қарастырылды. Сонымен қатар, осы маңда тектоникалық жарылыс сызығы бар деген де шындыққа жанаспайды. Ол жолдың арғы бетінде жатыр. Инженерлік желілердің бәрі бөлек орналасқан, тұрғын үйлердің жүйелеріне ешқандай жүктеме түсірмейді», – деді компания президенті Қарбозов.

Тілшілердің «Тұрғындар соңына дейін қарсы болса да, соған қарамастан құрылысты бастайсыздар ма?» деген сұрағына ол: «Біз не жасасақ та, тек заң аясында жұмыс істейміз» деп қысқа жауап қайырды.

«Біріншіден, бұл — жекеменшік жер және біз оны сатып алдық. Сонымен қатар, салғалы жатқан жобаны да жаңартып жатырмыз, оны қайтадан сараптамаға жібереміз. Құжаттар толық рәсімделген соң ғана құрылыс басталады. Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың екінші тоқсанында бастауға ниетті. Біз қазір тұрғындармен барынша диалог жүргізіп, құрылыс барысын түсіндіріп келеміз. Не істесек те, заңның аясында істейміз», – деді Қарбозов.

Компания нысанды шамамен бір жарым жылда аяқтауды жоспарлап отыр. Қазірге дейін Алматы қаласының қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс жүргізуге қажетті ресми рұқсат алған жоқ.

Айта кетейік, бұл басқарма қаладағы барлық құрылыс жұмыстарын қадағалап, рұқсат береді. Сонымен қатар, құрылыс заңға, қауіпсіздік пен техникалық талаптарға сай жүргізіліп жатқанын тексереді.

«Құжаттар бойынша бәрі дұрыс рәсімделген. Бұл — меншік құқығы бар жер. 2023 жылы Алматы қаласының әкімдігі бекіткен жоспарлау жобасына сәйкес, бұл аймақ коммерциялық аумақ болып белгіленген, яғни бизнес орталықтары сияқты нысандар салуға рұқсат етілген. Ал қазіргі таңда жаңа меншік иесі — Saba Group-пен ешқандай сәулет-жоспарлау жобасы келісілмеген. Олар бізге салынатын ғимараттың эскиздік жобасын әлі ұсынбады. Сондықтан оны көрмегендіктен нақты ештеңе айта алмаймыз. Жалпы, компания бізден сәулет-жоспарлау рұқсаттамасын алуы керек. Ол үшін олар жер учаскесін растайтын құжаттар мен салынатын ғимараттың техникалық шарттарын көрсетуі тиіс. Біз сол құжаттарды қараған соң ғана нақты жауап бере аламыз», – деді Берікұлы.

Ал Алматы қаласының сейсмология институтының өкілі Айгүл Данабаева бұл жер аумағынын тектоникалық жарылыс сызығы өтіп жатпағанын растады. Алайда бұл аймаққа ғимараттар салу қауіпті екенін айтты.

«Тектоникалық сызық бұл аумақитан 160 метр жерде жатыр.Ал біз тұрған жер 9 балдық аймаққа кіреді. Мен сейсмолог маманы ретінде тұрғындармен келісемін, шынында да жер сілкінісболған кезде сыртқы шығып қашып шығатын жер болу керек. Ал ғимараттар соғып тастаса да  зілзалада тұрғындардың бір жерге жиналатын жері болмай қалады», – деді Данабаева.
Фото:Orda.kz
Фото:Orda.kz

 Сондай-ақ, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Бағдат Шайзада да бұл аймақта ашық орын қалмаса зілзалада тұрғындардың жиналуы мен құтқару техникасының кіруі қиын болатынын айтты. 

«Шынында да, төтенше жағдай кезінде уақытша жиналу орны – бұл ашық алаңдар, яғни ғимараттардан, ағаштардан және құлауы мүмкін бағандардан алыс орналасқан орындар болады. Аталған учаскеде мұндай ашық алаңдар жоқ, сондықтан дәл осы жер төтенше жағдай кезінде жергілікті жиналу орны болып саналады. Сонымен қатар, бүгінгі күні азаматтық қорғау органдары құрылысқа, жобалауға және жер телімдерін бөлуге қатысты ешқандай рұқсат беру құжаттарын бермейді. Алайда, біз  барлық тиісті органдарға — әкімдікке, СҚББ мен жер қатынастары басқармасына ресми түрде хат жазуға дайынбыз», – деді Шайзада.

Бүгінгі кездесуде Бақытжан Базарбек кейбір мемлекеттік органдар нақты жауап бермеген мәселелерді бақылауда ұстайтынын айтты. Өкінішке қарай, жер телімінің мемлекеттік меншіктен жекеменшікке өту тарихына қатысты сұрақ пен оның мақсатты пайдалануының өзгеру мәселесі де ашық күйінде қалды. Осы сұрақтар бойынша мәжіліс депутаты Базарбектің ресми сұраулары бойынша тұрғындарға жауап күтуден басқа амал қалмады.

Orda.kz. бұл оқиғаны өз бақылауына алады. 






Жаңалықтар

барлық жаңалықтар