Алматы облысындағы жер дауы: Сот шешіміне қарамайтын әкімдік және кәсіпкерлерді кім қудалады?

cover Коллаж: Orda.kz

Алматы облысында кәсіпкерлер 1900 гектар жерді рейдерлік жолмен тартып алмақ болғанын мәлімдеді. «Тұмар құрылыс компаниясы» ЖШС-ның жерін «Миялы Агро» ЖШС-ға әкімдік сот шешіміне қарамастан уақытша берген. Бір қызығы сот өз төрелігін айтса да, әкімдік оған пысқырып та қарамаған. Соттан жеңсе де, әкімдіктен опық жеген кәсіпкерлердің үстінен «жығылғанға жұдырық» болып, жазықсыз қылмыстық іс қозғап жіберген. 

Orda.kz айдың күннің аманында жер телімін күшпен тартып алу жайлы даудың мән-жайын және оған депутаттың қандай қатысы барын анықтап көрді. 

Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанастағы 1911,9 гектар жердің дауы жыр болғалы біраз болды. Бұл жер негізінен «Тұмар» құрылыс компаниясына 2004 жылы 230 пай иесімен жасалған келісімдер негізінде берілген. Адвокаттардың сөзіне қарасақ, компания құқығы 2022 жылғы 6 маусымда Алматы облыстық сотының заңды күшіне енген қаулысымен расталғанына қарамастан, аудан әкімдігі бірнеше рет сот шешімдерін орындамай, жерді заңсыз түрде «Миялы Агро» компаниясына рәсімдеп беруге әрекет жасаған. Кейін сот шешімдері бойынша жер «Тұмар құрылыс компаниясына» қайтарылғанымен, әкімдік қайтадан өзгертулер енгізіп, жерді «Миялы Агро» пайдасына шығарып берген. Сонымен әкімдік бәйек болатындай «Миялы Агроның» арты неге диірмен тартып тұр?

Даудың басы

2021 жылы үш пай иесі – Байұзақова, Бөлекбаев және Сапарәлиев «Миялы Агроның» қолдауымен 2004 жылы жер бөлу туралы шешімді сот арқылы жарамсыз деп танытты. Былайша айтқанда олар: «Тұмардың жерді пайдалану құқығын заңсыз» деді. Сол кезде жер учаскесі «Халық банкі» кепілінде болған, яғни «Тұмар» ЖШС бұл жерді банкке қарыздың кепілі ретінде берген.

Адвокаттардың сөзінше, жеке сот орындаушысы жерді ешқандай бағалау жасамай, конкурс немесе аукцион өткізбей, заңсыз түрде «Миялы Агродан» 78 миллион теңге алды да, жерді кепілден босатып берді. Яғни, банкке қарызды толық төлеместен немесе заң бойынша рәсімдеместен, жеке сот орындаушы жерді заңсыз түрде «Миялы Агроға» өткізіп қойған. Адвокаттар сот шешімін де қолдан жасалған деп санайды.

«Сот орындаушысы Мырзабаев Қазақстан Республикасының „Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы“ Заңын өрескел бұзып, мүлікті бағаламастан, аукционға шығармастан және оны өндіріп алушыға ұсынбастан, СПК «Миялы Агро» тарапынан заңсыз төлем қабылдаған… әрі 26.01.2021 жылғы қолдан жасалған қаулы негізінде жер учаскесін «Миялы Агроға» берген», — деді адвокат Меңдешов.

Сот шешіміне пысқырып та қарамайтын әкімдік

2021 жылғы қарашада облыстық сот Балқаш аудандық сотының шешімін жоққа шығарып, істі қайта қарауға жіберген. 2022 жылғы 6 маусымда облыстық сот «Тұмар» құрылыс компаниясының жерді пайдалану құқығын толық растап берді. Жоғарғы сот та бұл шешімді қайта қараудан бас тартты. Осы шешімге сәйкес, аудан әкімдігі компанияның құқығын қалпына келтіруі керек еді.

2022 жылғы 27 тамызда бұл шешім іске асса да, екі айдан кейін, 17 қазанда аудан әкімінің міндетін атқарушы Дәрібаев құжаттарды қайта «Миялы Агроның» пайдасына шығарып жіберген.

Адвокаттардың айтуынша, 2024 жылғы 3 шілдеде Балқаш ауданының әкімі Құтпанбетов бұрынғы 2004 және 2021 жылғы шешімдерді бір жақты қарап, жойып, соттың сәуірде қойған тыйымына қарамастан жерді басқа адамға рәсімдеген. Сол күні ауданның жер бөлімі жаңа иесіне келісім дайындаған. Бірақ ол «Азаматтарға арналған үкіметте» тіркелмеген.

«Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 06.06.2022 жылғы қаулысымен Балқаш ауданы әкімі 15.09.2004 жылы шығарған №151 шешім негізінде жерді пайдалану құқығы «СК Тумар» ЖШС-іне тиесілі екені танылды. Соттың күшіне енген шешімдерін және жер учаскесіне салынған тыйымды елемей, Балқаш ауданының әкімі Құтпанбетов 03.07.2024 жылы «Тұмар» ЖШС-не жер учаскесін беру туралы 15.09.2004 жылғы №151 шешімді заңсыз түрде жойды», — деді адвокат Меңдешов. 

Кәсіпкерлерге қарсы қылмыстық іс

Ақыры сот әділ шешім шығарды деп арқаны кеңге салғанда, «Тұмар» құрылыс компаниясының басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғалды.

А.Г. Нұрлан, М.Қ. Дәулетбаев және Ә.Н. Рысбектің үстінен Қылмыстық кодекстің 389-бабы («Өз бетінше билік ету») бойынша іс қозғалған. Тіпті айыпталушылардың екеуі бір айға жуық уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін үйқамаққа ауыстырылған. 2024 жылғы 13 қазанда А.Ғ. Нұрлан қайта қамауға алынған. Ең сұмдығы ол 8 ай бойы уақытша ұстау изоляторында отырған. Бұл қарсылық танытқаны үшін жергілікті биліктің қудалауы ма?

Алматы облысының Іле аудандық соты 9 маусымда даулы жер учаскесіне қатысты қылмыстық іс бойынша Марыс Қайшымбекұлы Дәулетбаев, Әнуар Нұрланұлы Рысбек және Нұрлан Айдарбек Ғабитұлын толық ақтап шықты. 

«Іле аудандық соты 2025 жылғы 9 маусымда оларды кінәсіз деп танып, әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ екенін жариялады. Сот олардың заңсыз тергеуден келген зиянды өтеу құқығын да қалпына келтірді. Жер учаскесінің иелігі «Миялы Агроға» емес, «Тұмар» ЖШС-ға тиесілі екені расталды. Сот прокурор мен «Миялы Агро» тарапынан қойылған талаптарды негізсіз деп таныды», — деді адвокат Меңдешов.  

Адвокаттар олардың әрекетінде ешқандай құқықбұзушылық жоқ екенін айтты. Себебі жерді пайдалану құқығын сот бекіткен, ал азаматтар өздерінің заңды жерін ғана өңдеген.

Таразының бір басын атан түйедей депутат басып тұр ма?

Адвокаттар шенеуніктерді белгілі бір депутаттың мүддесін қорғады деп айыптайды. Шағымда облыстық полиция департаменті мен прокуратура қызметкерлері «Миялы Агро» ЖШС мүддесін қорғайды деген ақпарат бар.

«Алматы облысының ДП және прокуратура қызметкерлері «Миялы Агро» мен мәслихат депутаты Атайбеков Б.-ның мүдделерін ашық түрде қорғап, «Тұмар» ЖШС жерлерін рейдерлік жолмен басып алуға жағдай жасап отыр», — деді адвокат Меңдешов.  
Адвокаттардың айтуынша, бұл компания облыстық мәслихат депутаты Бақыт Ынтықбайұлы Атайбековпен байланысты. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы қызмет бұл іс бойынша арыздарды екі рет тіркемей қайтарған.
Бақыт Ынтықбайұлы Атайбеков / Фото: Gov.kz

Мемлекеттік органдардың жер қатынастары мен сот шешімдерін неге орындамайды? Егер әкімдік сотқа бағынбайтын болса, онда сотқа жүгінудің қандай қажеті бар? Әзірге оқиғаның әлқиссасы осы. 

Жалпы «Тұмар» құрылыс компаниясы:

  • Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің араласуын;
  • Аудан әкімдігі, сот орындаушысы, полиция мен прокуратура әрекеттерін тексеруді;
  • Антикоррупциялық қызметтің әрекетсіздігін бағалауды;
  • Заңды жер пайдаланушыларға қарсы қылмыстық істі тоқтатуды талап етеді.

Қазір ақталған кәсіпкерлердің үстінен аппеляцияға «Миялы Агро» қайта арыз түсірді. Қылмыстық іске қатысты аппеляциялық сот өтіп жатыр.

Orda.kz істі ары қарай зерттеп, тікелей ақпарат таратуды жалғастырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар