Алматы қалалық соты төрағасының өкімі бойынша татуластырушы судьялар бекітілді

cover Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласының аудандық және оған теңестірілген соттарында және Алматы қалалық сотында Алматы қалалық соты төрағасының өкімі негізінде татуластырушы судьялар бекітіліп, өз жұмысын бастады. «Татуластырушы судья» ұғымы азаматтық процестегі жаңа ұғым, деп хабарлады Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дүйсембекова.

Суретте Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дүйсембекова

Судьяның айтуынша, азаматтық іс жүргізудегі бұл жаңа іс жүргізу фигурасы соттың тараптарды татуластыруға белсенділігін арттырады және оның қызметі белгіленген іс жүргізу нормалары бойынша дауды кәсіби шешуді қамтиды.

Татуластырушы судьяның басты міндеті - дауласқан тараптарды ақылға қонымды және өзара тиімді шешімге келуге көмектесу. Мұндай институт сот рәсімдеріне жұмсалатын шығындарды және соттардың жүктемесін азайту үшін енгізілді.

Талап арызды қабылдау сатысында - арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде татуластыру рәсімдерін жүргізу заң жүзінде бекітілді.

Татуластыру рәсімдерін жүргізу нәтижелері туралы талап арызды қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы сот ұйғарымында көрсетіледі.

«Талап арызды қабылдау кезінде татуластыру рәсімдерін судья АПК-нің 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізеді» деп түсіндірді судья.

Медиацияны жүргізетін судья медиацияны өткізетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Медиацияны судья «Медиация туралы» ҚР Заңына сәйкес және АПК-де белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып жүргізеді. 

Татуластырушы судья қалыптасқан жағдайды объективті бағалап, оның ішінде: жанжалға қатысушылармен және басқа адамдармен келіссөздер жүргізе алады; істің материалдары мен құжаттарын зерделей алады; дауды аяқтау және іскерлік қатынастарды сақтау үшін іс-әрекеттер бойынша ұсыныстар бере алады, яғни іс жүзінде дау тараптарына оны шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі.

Осылайша, даулы мәселені сот қабырғасында шешуге болады, бұл ретте оны сот шешімі қабылданғанға дейін жеткізу міндетті емес. Даудың мұндай нәтижесі оның қатысушылары үшін алдымен жақсы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді, уақыт пен моральдық күшті үнемдейді.

Сонымен қатар, осы шараларды қолдау үшін заң шығарушы мемлекеттік бажды қайтару мүмкіндігін қарастырған, бұл азаматтарға оны төлеуге, өкілдер мен адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге және т. б. мүмкін болатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Рәсімнің басты мақсаты не?

«Мұндай татуластыру рәсімдеріне қатысудың нәтижесі тараптардың нәтижелі ымыраға қол жеткізуі, істерді қарау мерзімдерін қысқартуы күтіледі, ең бастысы, тараптар бір-бірін түсіне бастайды және бірлесіп қиын жағдайдан шығудың жолын табады деп ойлаймыз» дейді Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

Айта кетсек, әлемді дүркіреткен коронавирустық пандемия біздің де елімізді айналып кеткен жоқ. Бұл жағдай жалпы қоғамдағы және сот төрелігіндегі өзгерістердің өзіндік қозғаушы күші болды.

Алайда, төтенше жағдайға қарамастан соттардың жұмысы тоқтатылған жоқ. Сондықтан сот билігі адам құқығы мен процестің барлық қатысушыларының денсаулығын сақтау туралы шешім табуға тырысты.

Сот төрелігінің қолжетімділігі, жоғары сервис, азаматтарға және олардың құқықтарына құрметпен қарау басты орынға қойылды.

Қазақстанның Жоғарғы Соты кезек күттірмейтін істерден бөлек істерді қарауды кейінге қалдыруға не отырыстарды қашықтан өткізуге кеңес берді. Соттар барлық сот отырыстарының 96% - ын онлайн режимге аударды. Қашықтан форматтың күндізгі кездесуден айырмашылығы - бұл процеске қатысу үшін гаджеттерді қолдану әдісі. Қалғанының бәрі күнделікті өтетін сот отырысына ұқсас. Атап айтқанда, онлайн-процестер сот отырысының электрондық хаттамасында да тіркеледі.

Технология Қазақстан соттарында бұған дейін де қолданылған, бірақ дәл осы жағдай соттарды істерді онлайн-режимде қарауды күрт арттыруға мәжбүр етті.

«Онлайн режимде іс қарау барысында олқылықтар да жоқ емес, мысалы, байланыстың жоғалуы, кескіндердің бұрмалануы, дауыстық ағынның кешігуі және басқа да қиындықтар бар. Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс арналарының өткізу қабілетін екі есе ұлғайту туралы өтініш жолданғаны мәлім. Бұл бар техникалық қиындықтарды азайтуға көмектеседі деген ойдамыз. Соттардағы татуластыру шаралары электронды түрде жүргізуде де оң нәтижесін беруде» деді Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дүйсембекова.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар