«Есеңгіреп қалдым». Александр Винокуров қызметінен кетуі жөнінде пікір білдірді

cover

Astana-Premier Tech-тің бұрынғы бас менеджері Александр Винокуров қызметінен кетуі туралы шешімге таңданғанын айтты.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

– Шынында да, мені қызметімнен алып тастады, маған маусымның дәл ортасында жылдың ең маңызды жарысы - Тур де Франс басталуға бірнеше күн қалғанда жазбаша хабарлама келді. Барлығы менің өмір бойы айналысатын ісім – велоспорт екенін біледі, - деді Винокуров.

L'Equipe француз басылымының мәліметіне сәйкес, Винокуровты жұмыстан шығаруға жеке мәселелер себеп болған. Алайда спортшының өзі бұл ақпаратты жоққа шығарады. Ресми хабарламада шешім команданың биылғы жылғы нашар жұмысының нәтижесінде қабылданғаны айтылған. Спортшы мұнымен келіспейтінін айтып, қазіргі уақытта командада 8 жеңіс, 33 подиум бар екенін еске түсірді.

– Маусым әлі аяқталған жоқ және жұмыстан шығару туралы шешім қабылдау өте таңқаларлық жағдай, - деді ол.

Винокуров спортшы ретінде Қазақстанды танытқанын айтып, көптеген шәкірт тәрбиелегенін еске салды. Өзінің кәсіби пікірін айтқаны үшін жұмыстан қуылған спортшы бұл жағдайды дөрекілік деп санайды.

– Мен өзім спортшы ретінде Отанымды таныттым, көптеген жеңістерге жеттім және Қазақстанға екі Олимпиада медалін (күміс және алтын) әкелдім, ал кейінірек жаттықтырушы ретінде халықаралық жарыстарда елдің намысын қорғаған бірнеше буын медаль иелерін тәрбиеледім. «Астана» велокомандасы әлемдік аренада Қазақстанның беткеұстарына айналды. Енді, «Астана» жобасы әлемдегі ең жақсы командалардың біріне айналған кезде, мен өзімнің кәсіби пікірімді ашық айтқаным үшін ғана мені командадан алып тастауы – дөрекілік, - деді Винокуров.

Спортшы алдағы Олимпиада ойындарында Алексей Луценко жақсы нәтиже көрсететеді деп сенетінін айтты. Сондай-ақ, Токиода өтетін халықаралық жарыста қазақстандық велоспорттың танылуына тілек білдірді.

– Қалай болғанда да, енді мені алдағы Олимпиада ойындары алаңдатады және біздің басты үмітіміз – Алексей Луценко қазір командадағы барлық жағдайға байланысты туындаған күйзеліссіз жақсы дайындала алады деп сенемін. Токиода лайықты нәтиже көрсетіп, бүкіл әлемге өзінің бай тарихы бар қазақстандық велоспорттың құдіретін дәлелдеуін тілеймін! – деп түйіндеді ол.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар