Альберт Линдердің өліміне қатысты баспасөз-конференциясы өтті

cover

Қазақстандық ауыр атлеттер Альберт Линдердің қазасына байланысты баспасөз-конференциясын өткізді. Спортшылар Федерация басшылығының психологиялық қысымы мен әділетсіздігі туралы өздерінің көзбен көрген жайларын жайып салды.

Марқұмның інісі  Семен Линдер ағасы Альбертке жаттықтырушысы Сергей Седов тарапынан үнемі  психологиялық қысым көрсетілгенін айтты. Ол жаттықтырушы  Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары алдында Альбертке азаматтық ұстанымдарына қайшы келетін талап қойды деп отыр.  Альберт мұндай  талаптан бас тартқан. Артынша Ташкенттегі бақылау кезінде Альберттің сынамасынан допинг анықталған.

— Оған (Сергей Седов – ред.) Альбертке қысым жасау тиімді еді. Альберт оған көп қаржы әкелген болуы мүмкін және ағама деген үлкен жоспарлары болған. Седовке Олимпиада ойындарына қандай жолмен баратыны маңызды емес еді. Ол оның жігерін сындырды. Альберт бәріне шындықты айтып қоймауы үшін оған психологиялық тұрғыдан қысым көрсетті. Ол әлі күнге дейін ол шәкірттеріне бір қоңырау арқылы оттегін жаба алатынын айтады, - дейді Семен Линдер.

Семен Линдер жаттықтырушысының Альбертке  қандай талаптар қойғаны туралы нақтыламады. Дегенмен Тараздағы оқу -жаттығу жиынында жаттықтырушысымен ұзақ әңгімелескеннен кейін Альберттің  терезеден секіріп кеткенін жеткізді.

— Альберт терезеден секіріп, одан қашып, біздің бөлмеге жүгіріп келді, ол жерде Михаил Макеев, Денис Буланов  және мен болдым. Ол қатты әбіржіп, көзі жасқа толып тұрды. Қабырғаға қолын ұрып,  сындырды. Осыдан кейін Сергей Седов оны үйге жіберді. Альберт не істерін білмей,  өз-өзін жоғалтып алды. Анам оның қолына таяқ ұстап ұйықтағанын, ағамның олар артымнан келеді, мені  өлтіргілері келеді дегенін айтты.  Бұл Сергей Седовтың оның миына құйып тастағаны. Ол ұзақ уақыт қатты жылады, - деді марқұмның інісі.

Жиынға қатысқан басқа спортшылар да Седовқа тағылған айыпты растады.

— Біздің жаттықтырушымыз Сергей Седов туралы айтатын болсақ, бала кезімізден оның бізге қол көтерген сәттері болғанын толықтай растаймын. Біз одан қорқатынбыз. Қарсы сөйлеуге қорқамыз. Мен 28 жастамын, шынымды айтсам, мен әлі де қорқамын, - дейді Карина Горичева.

Спортшылардан  неге бапкерді ауыстырмағандарын сұрағанда олар «спорттағы мансабымызға алаңдадық» деп жауап берді. Сонымен қатар спортшылар физикалық және психологиялық қысымнан бөлек, Сергей Седов жалақымызды алды деп отыр.

— Жалақы ала бастағаннан кейін ол біздің карталарымызды жинап алды. Ақшамызды өзі алып отырды, – деді Семен Линдер.

Қазақстандық ауыр атлет Маргарита Елисеева да жаттықтырушылар тарапынан спортшыларға қатал қарым-қатынастың куәсі болғанын мәлімдеді.

— Халыққа түсінікті болу үшін қарапайым сөзбен жеткізгім келеді. Егер сіз балаларыңызды жеңіске жетуі үшін немесе басқа да тілекпен спортқа берсеңіз, онда кейбір бапкерлердің балаларыңызды мазақ ететінін біліңіз. Үкімет бізді естігенін қалаймын, егер сіздердің балаларыңызды да дәл осылай мазақ етсе, не істер едіңіздер? Мен өзім осындай жағдайға куә болдым, - деді Елисеева.

Баспасөз конференциясына қатысқан құраманың бұрынғы мүшелері де басшылық спортшыларға психологиялық қысым жасайтынын, нәтижесінде көп спортшылар мансабын тоқтататынын немесе депрессияға түсетінін жеткізді. Олар бапкерлер ұлттық құрамаға легионерлерді шақырып бизнес жасайтынын, салдарынан қазақстандық ауыр атлеттер шеттетілетінін де айтып өтті.  

Спортшылар жалпы Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясына реформа қажет деп санайды.

Естеріңізге сала кетсек 17 қыркүйекте 25 жастағы дарынды спортшы, ауыр атлет Альберт Линдер қайтыс болды. Спортшы қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар