Алаяқтар қалайша рақымшылыққа ілінді?: «Қазақтың Робин Гуды» Сәриев 3 жыл 8 айға сотталды, Дүйсеева сот залынан босатылды

cover Коллаж: Orda.kz

Алматыда «Қазақтың Робин Гуды» деген атпен танымал блогер Ілияс Сәриевті сот 3 жыл 8 айға соттады. Ал Ақтоты Дүйсееваға 3 жылға бас бостандығынан айыруды үкім етіп, оған рақымшылық жасалғандықтан баласы 14 жасқа толғанша жазасын өтеуді кейінге қалдырылып, сот залынан босатылды. 

Сот жарыссөзімен, соңғы сөзде қос күдікті көздеріне жас алды. Судья конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылықты неліктен екі күдіктіге бірдей бергенін Orda.kz тілшісі анықтап шықты.

Екі жарым айға созылған алаяқтықпен айыпталған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі  Ілияс Сәриев пен оның серіктесі Мекке мен Мединаға апаратын «MM Travel»  туристік фирмасының директоры Ақтоты Дүйсееваның сотына қатысты нүкте қойылды.

Бүгінгі сот процессі бір таңғаларлығы судья Ернар Қасымбеков әдетте үш бөлікпен өтетін процесті бір күнде өткізуді шешті. Яғни күдікті тараптың жарыссөзі мен соңғы сөзі әрі үкім бір күнде шықты. 

Еске сала кетейік, іс екі эпизод бойынша қаралып жатыр. 26 жәбірленушіге келтірілген залал 35 миллион теңгеден асқан ал залал көлемі 500 мыңнан 6 миллион теңгеге дейін жеткен. 

Сәриев судьядан өзіне тағылған айыпқа қатысты қылмыс құрамы болмағандықтан өзін ақтауды сұрады. 

Жарыссөз барысында Ілияс Сәриев өзін кінәсіз деп мәлімдеп, қайырымдылық видеоларына байланысты алты жәбірленушіден кешірім сұрады. Ол видеолардың не себепті жарияланбағанын түсіндіріп, ешкімді алдау ниеті болмағанын айтты.

«Құрметті сот менің адамдарды алдайын деген ойым болған жоқ. Барлығын дәлелдедім, түсірілген видеоларды көрсеттім, олардың неге жарияланбағанын түсіндірдім. Парақшадағы охваттар түсіп кеткен, видеоны сәуірде жариялайтын болдым, бірақ сол кезде мені қамауға алды», – деді Сәриев. 

Ал қалған 20 эпизод бойынша істі Дүйсеева жауапты деді. Еске сала кетейік, сот басталғалы бері   Дүйсеева Сәриевтің оның банктік шоттарына толық қолжетімділігі болғанын және 2024 жылы ірі көлемде ақша шешіп алып, оны құмар ойындарға жұмсағанын айтқан. Сәриев бұл айыптаудың сотта дәлелденбегенін жеткізді. 

Сот барысында сөз алған Сәриевтің адвокаты Эльмира Кішкенебаева Сәриевті 20 эпизод бойынша ақтауды сұрады. Оның айтуынша, айыпталушының бұл жағдайларға еш қатысы жоқ. Сондай-ақ ол 6  эпизодтың әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралуы керек екенін айтты. 

«Ілияс Сәриев қоғамға еңбегімен, азаматтық белсенділігімен және жақсы мінезімен танылған. Алты жәбірленушінің үшеуі оны кешірді. Қалған эпизодтар, біздің ойымызша, қылмыстық емес, әкімшілік тәртіпте қаралуы тиіс. Қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қорғауымдағы азаматты ақтауды сұраймын», – деді Кішкенебаева.

 
Соңғы сөзінде Сәриев көзіне жас алып,  соттан өзінің асырауында 5 кәмелетке толмаған баласы және жұмыссыз әйелі барын жеткізді. 

«Барлығынан кешірім сұраймын. Соттан мені ақтауды немесе ең жеңіл жаза тағайындауды сұраймын. Сіз де әкесіз ғой, құрметті сот. Менің бес балам бар: төртеуі қыз, бірі ұл. Конституцияның 30 жылдығына байланысты маған амнистия қолдануыңызды сұраймын», – деді күдікті.

Дүйсеева  жазаны уақытын өтеуді кейінге ысыруды сұрады. 

Жарыссөз барысында  Ақтоты Дүйсеева 20 эпизод бойынша кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ол да көзіне жас алып, 2024 жылы Сариев оның есепшотынан ақша шешіп алмаған болса, жағдай мұндай деңгейге жетпес еді. 

«Бұл жағдай мен үшін өмірлік сабақ болды. Барлық жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, қылмыстық кодекстің 74-бабын қолданып, жазаны кейінге қалдыруыңызды сұраймын. Менің жалғыз 10 жастағы ұлым бар, ол қазір жалғыз әкемнің қолында», – деді Дүйсеева.

Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасап, 74-бабын қолдануды сұрады.  Бұл бап кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол сонымен қатар қорғауындағы азаматтың алғаш рет қылмыстық іске тартылып отырғанын айтты. 

Жәбірленушілер тарапының адвокаты Жандос Палманов рақымшылқытың нақты қандай жағдайда берілетінін айтты. Ауыр емес қылмыстарға қатысты екенін еске салып, бұл істе заң бойынша алаяқтық бірнеше рет жасалған соң «ауыр қылмыс» санатына жататынын жеткізді. 

Судья Ернар Қасымбаев Ілияс Сариевті 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Рақымшылыққа іліккендіктен, оның бастапқы жазасы 4 жыл 8 айдан қысқартылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеуге тағайындалды.

Ақтоты Дүйсееваға да рақымшылық заңы қолданылды. Бастапқыда оған 4 жыл 6 ай жаза берілген болса, рақымшылық арқылы жазасы 3 жылға қысқартылып, 10 жасар баласы 14 жасқа толғанша жазасын кейінге қалдыру туралы шешім қабылданып, сот залынан босатылды.

Сонымен қатар, судья Қасымбаев Сариевке қатысты істің бұнымен аяқталмайтынын мәлімдеді. Ол Сариевке түсіп жатқан барлық шағымдарды біріктіріп, жаңа тергеу жүргізуді міндеттейтін жекеше қаулы шығарды.

Сәриев үкіммен келіспеді, «Маған жазылға айып тым ауыр, мені үйде күтіп отырған бес балам бар,Берілген жазамен келіспеймін деді », – Сәриев.

Еске сала кетейік,  Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға қылмыстық кодекстің 190-бап, яғни «алаяқтық» бойынша айып тағылып отыр. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәриев үйі жоқ әрі дертіне шипа іздеген науқастарды емдетіп оларға баспана алып беру үшін елден жылу жинауға көмектесемін деп, олардан әртүрлі қаражат жинап, артынша уәдесінде тұрмай бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламаған. Нәтижесінде көмекке үміттенген отбасылар ақша да, қолдау да ала алмаған. Бұл эпизод бойынша 6 адам жәбірленуші деп танылды.

Ал екінші сотталушы адамдарға қажылық пен умраға жолдаманы арзан бағада сатып, артынша ол да міндетін орындамай істі болып отыр. Тергеу мәліметінше, бұл істе 20 адам зардап шеккен.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар