Ақтауға ICАО-дан бақылаушы ретінде апатты тергеу бойынша 17-ші халықаралық сарапшы келді

cover Фото: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Ақтауға Халықаралық азаматтық авиация ұйымынан (ICАО) бақылаушы келді, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.


«29 желтоқсанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICАО) Бас хатшысының тапсырмасы бойынша Ақтауға аккредиттелген бақылаушы, авиациялық оқиғаны тергеу бөлімінің басшысы Тормодур Тормодсон мырза келді» делінген хабарламада.


Осылайша, 17 халықаралық сарапшының барлығы Ақтау қаласында жиналды.

Көлік министрлігі ICАО Қазақстанның авиациялық билігінің тергеудің ашықтығы мен мүдделі мемлекеттердің қатысуы бойынша әрекетін жоғары бағалайтынын атап өтті. 


Еске сала кетейік, бұған дейін ІСАО Ақтауға өз сарапшысын  ұшақ апаты болған жерге жіберуге дайын екенін хабарлаған болатын. 27 желтоқсанда Росавиация ұшақ құлағанға дейін ұшқышсыз ұшақтардың шабуылдарына тойтарыс беру жұмысы болғанын мойындады. 28 желтоқсанда Астанада президент Тоқаевтың төрағалығымен ұшақ апатына байланысты жиын өтті.


Сол күні президент Путин мен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Қоңырау барысында Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мәселелер сөз болды. Путин Әзірбайжан президентінен кешірім сұрады. Президенттер ұшақ апатына кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігін талқылады.

Айта кетейік, ұшақ апаты салдарынан Qazaq Air Екатеринбургке рейстерді тоқтатты, ал SCAT Ресейге рейстер тәуекелдерін бағалау күн сайын жүргізілетінін мәлімдеді.


Соңғы ресми мәлімет бойынша, апат салдарынан 38 адам қаза тапты, оның ішінде алты Қазақстан азаматы, оның ішінде балалар бар. Қайғылы апаттан қаза болған 29 адамның аты-жөні белгілі болды.

 Әзірбайжан азаматтарының мәйіттері 28 желтоқсанда Ақтаудан еліне жөнелтілді. 29 желтоқсанда Бакуде Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан экипаж мүшелерімен  қоштасу рәсімі өтіп жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар