Ақорданы белгілеуге қарсы болған Ақтөбе әкімі қоқыс мәселесін шеше алмай отыр

cover Фото: Orda.kz

Ақтөбе қаласында әкімдік пен мердігер арасында текетірес басталды. Әкім Азамат Бекеттің әрекетсіздігін баяндаған мердігер соттан араша сұрамақ. Билік пен бизнес арасындағы дау ушыға түсті, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақтөбеде тұрмыстық қалдықтар полигонына қатысты дау өршіді. Қалалық әкімдік пен қоқыс полигонын сенімгерлік басқаруға алған  — «Таза әлем» ЖШС бір-бірін келісімшарт талаптарын орындамады деп айыптап отыр. Мердігер әкімдіктің әрекетіне қарсы сотқа жүгінбек.

«Таза әлем» компаниясының директоры Әлібек Серешовтің айтуынша, полигонды қабылдау кезінде әкімдік тарапынан кедергілер болған.

«Қабылдау-өткізу актісін беру бір айға созылды. Конкурсты ұтып, биыл шілде айында үш жылға сенімгерлік басқаруға алдық. Бірақ үш айлық сынақ мерзімінде әкімдік қоқыс шығаратын компанияларды бізбен келісімшартқа отырғызбады. Компаниялардан ақша төлеуді талап етсек, әкімдіктен қоңырау соғылады. Соның салдарынан бір теңге де төлемей, қоқысты тегін қабылдауға мәжбүр болдық», — дейді ол. 

Кәсіпкердің айтуынша, тариф айырмашылығы да үлкен мәселе туғызған. 2023 жылы қоқыс шығару екі есе өсіп, тұрғындарға адам басына 400 теңгеден төлеу міндеттелген. Бірақ полигон тарифі 2022 жылдан бері өзгермеген — тоннасына 1926 теңге. 

«Қоқыс шығаратын компаниялар халықтан ақша жинап, ал полигонға төлем жасамайды» деген кәсіпкер жұмысқа кіріскелі кедергілер болғанын жасырмайды. Оның сөзінше, қоқыс шығаратын компаниялардың полигон алдында миллиондаған берешегі бар.

«АКТ сервис – 47 млн теңге, «Нео Плюс» – 16 млн теңге, «Таза Қарғалы» – 2 млн теңге қарыз. Үш мекеме де ақша төлемеді. Сотқа шағым түсіреміз. Әкімдік бізге жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді, келісімшартты заңсыз бұзды. Соттан үш мекемеден ақшаны өндіруді, келісімшартты әрі қарай жаластыруды сұраймыз. Ақтөбенің әкімшілігі, қаланың әкімшілігі бірінші күннен бастап кедергі жасаумен болды. Келісімшартқа отырғаннан кейін үш күнде қабылдау-өткізу актісін жасау керек. Кәсіпкерге берілу керек. Олар бір айға созады. Білмеймін ақша дәметті ма, басқа ма, кедергі жасап бастады ма, білмеймін», – дейді мердігер. 

Мердігер қоқыс полигонында жиі тіркелетін өрттің әкімдіктің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан екенін алға тартты. 

Кеше ғана Ақтөбе қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс жану тіркелді. Қала тұрғындары жағымсыз иісті сезді. ТЖД мәліметінше, жану аумағы шамамен 1000 шаршы метр болды. Өрт 29 қазанда кешкі уақытта оқшауланып, таңертең толықтай жойылғаны хабарланды. 

Ал Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттің баспасөз қызметі мердігер шағымын жала деп бағалайды. Әкімдік мәселені шешуге емес, соттасуға дайын. 

«Таза әлем» компаниясының пікірімен тапсырыс беруші «Ақтөбе қаласының тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесі келіспейді.

«Олар бұны жала жабу деп біледі. Келісімшарт заң негізінде үзілді, алдын ала хабарландыру жіберілді. Қоқан-лоқы жасалған жоқ. Қысым көрген болса, заң аясында сот органдарына, құқық қорғау органдарына арыздануға құқылы. Құқықтық алаң аясында шешуге тарап дайын», — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінен Айгүл Байменова.  

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбеге президент сапары кезінде қаладағы қураған ағаштар бір күнде жап-жасыл түске боялғаны туралы жаздық. Әкімдік сол кезде де жасыл желекке күтім жасап жатырмыз деп ақталған еді.

Еске салайық, Ақорданы белгілегені үшін партия төрағасы Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттен сөз естігенін айтты. 

Кейін «қателік кетті» деп ақталған шенді «Тоқаевпен жұмыс істе» деген сөзі үшін түсініктеме жазғанын айтты. 

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар