«Аяғы жоқ адамға айыппұл»: Қостанайда мүгедекке жол ережесін бұзды деген айып тағылды

cover Фото: Elements.envato.com

Аяғынан айырылған Қостанай облысының тұрғынына жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтті деген айып тағылып, әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды Orda.kz.

Жүре алмайтын Александр Соколов бұл шешімнің қисынсыз екенін айтып, хаттаманың заңсыздығын дәлелдеуге ниетті. Ол полиция қызметкеріне қатысты шара қолдануды талап етуде

«ТоболИнфо» агенттігінің мәліметінше, Фёдоров ауданының Успеновка ауылында тұратын Соколовқа 5 маусым күні Kaspi банк қосымшасы арқылы айыппұл келген. Онда азамат жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтті деп көрсетілген.

Соколовтың адвокаты Ділмұрат Сәрсеновтың айтуынша, әкімшілік хаттамада Соколов тәртіп бұзушылықпен таныс және онымен келіседі деп жазылған. Алайда ол жүре алмайды, өйткені оған аяғын кесіп тастаған.

«Бұл азамат 22 сәуірден бері жүре алмайды. 18–28 сәуір аралығында Фёдоров аудандық ауруханасында емделіп, аяғының бір бөлігін кесіп тастаған. Бұл жөнінде тиісті медициналық құжаттары бар. Жасалған ота оған ұзақ уақыт бойы өздігінен жүруге мүмкіндік бермейді», — деп түсіндірді адвокат Сәрсенов.

Қазіргі уақытта Соколов мүгедектер арбасында отыр және ауруханадан шыққалы бері Фёдоровка ауылында достарының үйінде тұрып жатыр. Оның айтуынша, әкімшілік хаттамада қойылған қол оған тиесілі емес.

«Менің қорғауымдағы азамат жолды рұқсат етілмеген жерден өткен жоқ. 5 маусымда ол үйінде болған және ешқайда шықпаған. Оған ешқандай полиция қызметкері келіп, ешқандай қағазға қол қойдырмаған», — дейді Сәрсенов.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы Қостанай қалалық полиция басқармасының инспекторы Бексұлтан Шайжановтың атымен шығарылған. Қазір Соколовтың қорғаушысы бұндай құқықбұзушылықтың болмағанын дәлелдеп, қаулыны жоюды және инспекторға қатысты шара қолдану туралы жеке қаулы шығаруды сұрап, сотқа шағым түсірді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар