Абайсызда адамдарды қағып кеткен жасөспірім 7 млн өтемақы төлейді

cover

Ақмола облысында кәмелетке толмаған бала Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша жауапқа тартылды. Үкім шығарылды.

Бұл туралы Orda.kz Ақмола облыстық сотының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.

2020 жылдың 7 қыркүйегінде жүргізуші куәлігі жоқ 16 жастағы жасөспірім рөлге отырып, көлікті басқара алмай қалған. Ол Қараөткел ауылында жаяу жүргіншілерді қағып кеткен.

Салдарынан екі әйел орташа және кішкентай қыз ауыр дене жарақаттарын алған.

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді.

Прокурор мен зардап шегушілер оны 1 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Кәмелетке толмаған бала өзінің кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінді.

Сот мұның кішігірім қылмыс екенін атап өтті. Заң бойынша кәмелетке толмағандар мұндай қылмысы үшін түрмеге қамалмайды. Сондай-ақ, оларға айыппұл немесе түзеу жұмыстары жазасы тағайындалмайды, өйткені олардың жеке табыстары жоқ. Нәтижесінде сот жасөспірімді 1 жыл 9 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығын шектеді.

Бозбаланың ата-анасынан моральдық зиян үшін өтемақы ретінде 7 млн теңге өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар