Алматыдағы ең үлкен айналма жол құрылысы 2022 жылы аяқталады

cover Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 1 шілде күні Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының (ҮАААЖ) салыну барысын тексерді.

Бұл туралы Orda.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы жол құрылысының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңге.

Жобаны қаржыландыратындар қатарында Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі бар. Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қойылды.

Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.

Айта, кетейік құрылыс алаңына 1600 адам мен 600 бірлік техника жұмылдырылған. Осындай ірі жоба автомобиль көлігінің қоршаған ортаға деген зиянын азайтады деп күтілуде.

– Жобаны іске асыру көлік қызметін көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады. ҮАААЖ пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік ағын – тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде, - делінген хабарламада.

ҮАААЖ құрылысын 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырған Асқар Мамин бұл жобаның елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамытатынын айтты.

– ҮАААЖ құрылысы Алматы агломерациясын ғана емес, сондай-ақ жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды, - деді Мамин.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар