Ақтөбедегі шошқа фермасы 7 млрд айыппұл төлейді

cover

Ақтөбенің экономикалық соты шошқа қалдықтарын жерге көмген «Парижская коммуна» компаниясына 7 млрд теңге айыппұл салды.

Бұл туралы Orda.kz Азаттыққа сілтеме жасап хабарлады.

– Жауапкер экологиялық заңнамалар талабын бұзған. Табиғатқа келтірілген залалдың есебі дұрыс. Сот шешімі бір апта аралығында дайын болады. Сот кезіндегі тараптар уәжіне берілген бағаны шешімнен оқи аласыздар. Шешімге наразы тараптар бір ай аралығында шағым түсіруге құқылы, - деді судья Мәрия Шәріпова.

Сот шешімі күшіне енген жағдайда Бестамақ ауылындағы шошқа фермасы 7 млрд 27 млн теңге айыппұл төлейді.

«Парижская коммуна» компаниясына Ақтөбе облысының экология департаменті шағым түсірген.

– Біздің талабымыз 100 пайыз орынды. Сот талабымызды толық қанағаттандырды. Экологиялық заңнамаларды бұзған компания айыппұл төлеуі тиіс, - деді шешімге риза екенін айтқан Ақтөбе облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ғасыр Орынбасаров.

Экологтар шошқа фермасын 2020 жылы 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында тексерген. Ондағы шұңқырлардан 189 тонна қалдық шыққан. Уақыт тапшылығына байланысты барлық қалдық қазып алынбаған, сондықтан бұл нақты көрсеткіш емес.

Экологтардың айтуынша, шошқа фермасы табиғатқа 63 млн теңге залал келтірді.

Сондай-ақ, шошқа фермасы заң жүзінде тек 40 мың бас шошқа ұстауы керек еді, алайда тексеріс кезінде оның аны 50 мыңнан асып кеткен. Салдарынан қалдық өңдейтін экструдердің қуаты жетпей, ферма 2019-2020 жылдары қалдықтарды жерге көме бастаған. Кәсіпкердің шайынды суды тазартатын қондырғысы да істен шығып, лас сұйықтықтарды Байбақты өзеніне құйған.

«Парижская коммуна» компаниясы шошқа қалдықтарын жерге көміп, 13,80 гектар алқапты бүлдірген және жердің 5,46 гектар құнарлы қабатын жойған.

Алайда, компанияның адвокаты Юлия Стех экологтардың сөзіне күмән келтірді.

Прокурор Эльмира Коргулина экологтар жинаған дәлел жеткілікті деп санап, өз үкімін шығарды. Осылайша, кәсіпкердің шағымы қайтарылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар