5-сынып оқушысы мектептегі қысымнан кейін өзіне қол жұмсамақ болды

cover

Алматыда 12 жастағы 5-сынып оқушысы суицид жасауға оқталып, шұғыл отаға түсті. Баланың анасы бұл жағдайды мектептегі жүйелі қорлықпен байланыстырады. Orda.kz редакциясына баланың анасы сұхбат беріп, ұлы бірнеше ай бойы қатарластарынан қысым көргенін, алайда мектеп тарапынан тиісті шара қолданылмаған айтты.

«Бұл мектепке барғым келмейді, одан да балалар үйіне өткізіп жібер»

Оқиға 20 ақпанда болған. №20 жалпы білім беретін мектептің 5 «А» сынып оқушысы сабақ кезінде өзін жайсыз сезініп, кейінірек оның жағдайы күрт нашарлаған. Анасының айтуынша, сол күні таңертең баласы мектепке барғысы келмейтінін айтқан.

«Жұма күні бізде төтенше жағдай болды, балам түнде отаға түсті. Оны мектепте үнемі қорлаған, бірақ ол маған айтпаған. Соңғы рет тек жұма күні ғана: «Мен бұл мектепке барғым келмейді, одан да балалар үйіне өткізіп жібер», – деді. Көңіл күйі сырттай қалыпты сияқты еді. «Неге олай дейсің?» десем, жай ғана жымиып қойды. «Мектепте бірдеңе болды ма?», – дедім. «Жоқ, мама, бәрі жақсы», – деп бәрін жоққа шығарды», – деді анасы Ирина Ким.

Үшінші сабақта анасына қоңырау шалып, «балаңыздың жүрегі ауырып қалды» деп хабарлаған. Анасы мектепке жеткен кезде баласы бозарып кеткенін көрген. 

«Кейін рентгенге бардық. Сөйтсек, балам бірнеше магнит жұтып қойған екен. Менің түсінуімше, мектептегі қорлық салдарынан осындай қадамға барған. Сол күні екінші сабақта оны бір бала ұрып кеткен. Бұрын ол бала Г сыныбында болған, ұлым онымен бірге оқыған. Кейін үшінші сабақта оның жағдайы күрт нашарлап, жүрегі қысқан. Жедел жәрдем шақырылды. Алайда жедел жәрдем оны ауруханаға алып кетпей, «бұл неврология» деп кеткен. Бірақ бұған дейін ол аяғы ауыратынын айтып шағымданғаны тіркелген. Жұма күні жамбас буынын түсіруге жазылғанбыз. Сағат бірге дейін Папанинодағы №19 емханаға келіп, рентген түсіру керек деген. Мен бардым, сол кезде ғана оның ағзасында бөгде зат бар екенін білдік. Дәрігерлер дәрі ішкізіп, өздігінен шығып кетуі мүмкін екенін айтты. Алайда мен тәуекелге бармай, күйеуіммен бірге ауруханаға бардым. Онда дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау керек екенін айтты. Балам тек мұны мектепте істегенін айтқан, ал нақты қашан болғанын есіне түсіре алмады. Оны бірден отаға алып кетті», – деді анасы.

Қазіргі таңда ол ауыр, бірақ тұрақты жағдайда палатаға ауыстырылған.

«Үшінші сыныпта дене шынықтыру сабағында да оқиға болған. Футбол ойнап жүріп, әлгі бала ұлымды қабырғасынан қатты тепкен. Себебі, доп тиіп кетті деп ашуланған. Қатты итеріп, нәтижесінде қабырғасы көгерген. Ұлым мұғалімнен маған хабарласуын сұрағанда, мұғалім мән бермеген. Ұлым қатты құлап, миы шайқалып, есінен танған. Яғни, бұл оқиға сол баламен қайта-қайта қайталанып отыр, бірақ олар қазір әртүрлі сыныпта», – деді анасы.

Осыған ұқсас жағдайлар қыркүйек және қазан айларында да қайталанған. Анасының сөзінше, дәл осы қатарлас сыныпта оқитын оқушы оны мазақтап, жүйелі түрде қорлаған. Мұғалім бұл туралы хабарламаған. Анасы прокуратураға барып арыз жазған. Ол кезде 11 жаста болғандықтан құзырлы мекеме жазалай алмаймыз деп жауап қатқан.

«Жұма күні болған соңғы жанжалдан кейін баланы мектептің медпунктіне апарып, бетін жуып, «жағдайы жақсы» деп қайтарған. Бірақ медпунктте дәрігер болмаған. Біраз уақыттан соң бала өзін жайсыз сезініп, үшінші сабақта маған хабарласты», – деді анасы.

Сынып чатынан шығарылған

Оқиғадан кейін ата-аналар оны сынып чатына қоспай тастаған. Анасы ұлымен әзірге толық сөйлесе алмай отырғанын айтады. Дәрігерлер оны ақылы бөлімге ауыстырмауға кеңес берген. Себебі жағдайы тұрақтанғанымен, әлі жансақтау бөлімінің жанында бақылауда жатыр.

«Сол баланың анасы «сенің ұлың өлмегеніне шүкір де, менің ұлым оны ұрмаса, сен ештеңе білмес едің» деді. Ал мен сол күні ауруханаға жазылып қойғам, мұғалімге алдын ала ескерткенмін, ұлыма түсірілім жасау керек екенін айтқанмын. Әлгі магниттерді жұтып қойған соң, ол ішіне қысым түсіп, аяғы ауырып тұр деп ойлаған сияқты. Бізді жамбас буынын рентгенге түсіруге жазды. Сол кезде дәрігерлер ішінде бөгде зат барын анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жіберді. Манас көшесіндегі ауруханаға бардық. Онда шұғыл ота жасалды. Жағдайы ауыр болды», – деді анасы Ирина.

Дәрігерлер алдағы ем-домға, дәрі-дәрмек пен диетаға қомақты қаражат қажет болатынын ескерткен. Бұл жағдай мектептегі буллинг мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды. Жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігі, мұғалімдердің жауапкершілігі және білім беру мекемелеріндегі бақылау жүйесі қоғам талқысына түсіп отыр.

Баланың анасы қазір қайда жүгінерін білмейтінін, күшінің сарқылғанын айтады.

Orda.kz редакциясы бұл мәселеге байланысты мектеп әкімшілігімен байланысып оқиғаның мән жайын білмек болды. Мектеп директорының айтуынша осы оқиғаға байланысты ішкі тексеріс жүріп жатыр екен.

«Біріншіден, бұл суицид емес, бұл факт расталған жоқ. Буллинг фактісі де расталмады. Қалған барлық мәселелер білім басқармасының құзыретінде. Біз жиналыс өткіздік, оның қорытындылары жарияланады. Қазір мектепте тексеріс жүріп жатыр. Егер біреу оны ренжітсе, ол бірден сынып жетекшісіне жүгінеді. Өзі белсенді, барлық шараларға қатысқан. Осы жағдайға байланысты бізде ішкі тексеру жүргізіліп жатыр», - деді аты жөнін жасырған  мектеп директоры.

Orda.kz редакциясы оқиғаны бақылауында ұстайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар