32 жыл күткен алтынның бағасы: Михаил Шайдоровқа 250 мың доллар, екі пәтер және көлік

cover Фото: olympic.kz

32 жыл күткен алтын, Италия төрінде шырқалған Әнұран. Бес төрттік секірумен тарих жазған Михаил Шайдоров енді тек чемпион ғана емес — ел үмітін ақтаған символға айналды. Олимпиададан кейін оған қандай сыйақы мен құрмет көрсетілді, Orda.kz саралап шықты.

Италияда өткен ХХV қысқы Олимпиада Қазақстан үшін тарихқа айналды. Араға 32 жыл салып отандасымыз Михаил Шайдаров мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Бұл қазақстандықтардың мәртебесін марқайтып, қуаныш сыйлады. Әлеуметтік желіде жұртшылық жүрек жарды лебіздері мен пікірлерін қалдыруда. 

Бастапқыда бағдарлама қорытындысында Шайдоров 92,94 ұпай жинап, бесінші орында тұрды. Ал еркін бағдарламада қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен 198,64 ұпай жинап, жалпы есепте 291,58 ұпайға қол жеткізді. Бұл бағдарламада ол бес бірдей төрттік секіруді сәтті орындады. Осы нәтиженің арқасында Михаил Шайдоров олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.

Фото: olympic.kz

Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша Шайдоров мәнерлеп сырғанаушы 92,94 ұпаймен бесінші сатыда тұрған еді. Алайда еркін бағдарламада 198,64 ұпай еншілеп, жиынтық есепте 291,58 ұпаймен көш бастады. Өнер көрсету кезінде ол бес төрттік секіруді сәтті орындап алтын алды. Айта кетейік, Шайдоров Димаш Құдайбергеннің Confessa, the Diva Dance атты әнімен өнер көрсетті.

Олимпиада ойындары біткен соң ол 2026 жылғы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламада киген костюмін Олимпиада мұражайына табыстады.

«Шынымды айтсам, әлі де сене алар емеспін. Маусым бойы өз-өзіммен күрестім. Бұл маусым мен үшін аса ауыр болды. Жарыстарда бес бірдей төрттік секіруді шамамен үш рет орындап көруге тырыстым, бірақ бірде-бір рет сәтті шықпады. Ал бүгін бәрі сәтті орындалды. Сәті түсіп, қолымнан келді. Бұл медаль мен үшін де, еліміз үшін де аса маңызды. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалаймын. Сол үшін бар күшімді саламын. Жағдай жасалып, жастарға мүмкіндік берілсе екен деймін. Менің медалім Денис Тен үшін де маңызды болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Оның да жолы оңай болған жоқ, менікі де жеңіл болмады. Қазақ мәнерлеп сырғанауының дамуына қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтамын», – деді Шайдоров. 
Фото: olympic.kz

Бұл жеңіс үшін Шайдоровқа қанша сыйақы, қандай көлік пен пәтер берілді зерделеп шығайық. Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионына 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы қарастырылған. Бұл шамамен 123,9 миллион теңгеге тең. Сонымен қатар, алматылық жеке компания Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Сондай-ақ, Шайдоров елге орала салысымен Астана әуежайында үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды.  Бұл жолы пәтерді Қазақстан конькимен мәнерлеп сырғанау одағы сыйлапты. Ал Қазақстандық кәсіпкер баласының жаттығуы үшін барын салған  Михаил Шайдоровтың әкесіне көлік сыйлады. 

Тоқаевтың жеке қабылдауында болған Михаил Шайдоровқа ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстады. Ал бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер», – деді Тоқаев. 

Фото: Ақорда

Шайдров әлем жұлдыздарының назарынан да тыс қалмады. Миланда өткен қысқы Олимпиаданың гала-кешінде әлемге әйгілі актер Джеки Чан қолына ойыншық панда ұстап шығып ерекше құттықтады. Сонымен қатар, танымал америкалық рэпер Snoop Dogg Шайдоровпен кездесіп, бір-екі ауыз сөз алмасып, би де билеп үлгерді. 

Осылайша ел тарихында атын алтын әріптермен жазған алтын бала Михаил Қазқастанның мерейін әлемдік аренада үстем етті. 





Жаңалықтар

барлық жаңалықтар