26 жерінен пышақтап, мәйітін зорлаған: Диананың анасы сот үкімімен келіспей отыр

cover

2025 жылдың 31 тамызында Шымкенттегі қоқыс қоймасы маңынан әйелдің мәйіті табылған еді. Бұл жаңалық дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, көпшілікті шошытты. Содан бері арада 6 ай өтті. Ал, жауыздықпен ажал құшып, денесі қоқыстан табылған Диана Оңғарбаеваның анасы Orda.kz редакциясына сұхбат беріп, әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүргенін айтты.

Еске салар болсақ, осы оқиға бойынша кінәлі деп танылған 17 жастағы бозбала бірінші сатыдағы сотта 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылған еді. Бұған келіспеген жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіріп, ақыры үкім өзгеріп, тағайындалған жазаны толық қосу арқылы түпкілікті 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Бұл сот шешіміне Диананың отбасы келіспей отыр. 

«МӘЙІТ ҚОҚЫСТА 10 КҮН БОЙЫ ЖАТҚАН»

Тұңғышынан тамыз айында айырылған Қарлығаш Оңғарбаева қаралы күнді еске алған сайын етегі жасқа толады. Сөзінше, қызын аяусыздықпен өлтірген түнді ана жүрегі сезген. Жылдар бойы пойызда жолсерік болып еңбек етіп келе жатқан келіншек 19 тамызда әдеттегідей рейске шыққан едім дейді. Диана содан бір күн бұрын ғана төркініне келіп, анасының шайын ішіп кеткен екен.    

«21 тамыз күні мен жұмыс бабымен Петропавлда болдым. Түн ішінде жүрегім атқақтап, бір тыныштық таппады. Сөйтіп, қызым Дианаға хабарластым. Одан кейін күйеу балаға қоңырау соқтым. Екеуі де алған жоқ. Жолда байланыс шыққанын күтіп, екінші қызыма қоңырау шалдым. Ол Диананың күйеуі сауда-саттық үшін Ташкентке заттар алуға кеткенін айтты. Кейін күйеу балам хабарласып, Диананың байланысқа шықпай жатқанын жеткізді. Бірден полицияға баруын сұрап, іздеуге кірісу керек дедім. Өйткені қызымның хабарсыз кететін әдеті ешқашан болған емес. Шымкентке жеткенше бір ғасыр өткендей сезімде болдым», – дейді марқұм Диананың анасы.  

Қарлығаш Оңғарбаева Шымкентке оралғанша Диананың күйеуі Айдос Қаратау аудандық полиция бөліміне барып, полицейлерге мән-жайды хабарлаған екен. Бірақ құзырлы орган өкілдері ешқандай әрекет жасамады дейді көз жасын тия алмаған ана.

«Полицейлерге барсақ, қызды екі күнде табатынын сенімді түрде айтты. Кейін ресми түрде арыз жазбағанымыз үшін өзімізді кінәлады. Біз оны қайдан білейік?! Бұрын-соңды полицияға жүгінген емеспіз. Оларға сенуді қойып, іздеуге өзіміз кірістік. Қызымның нөмірінен соңғы рет құрбысына хабарлама келген екен, 3700 теңге сұраған. Ақшаны Анар Асан дегенге жіберсін депті. Сол нөмірге хабарластық. Жас бала ештеңе білмейтінін айтып, басын алып қашты» – дейді Қарлығаш Оңғарбаева.

Сөйтіп, Диананың жақындары электронды құжатта көрсетілген жас жігіттің ауыл маңына барады. Екі күн іздеп жігітті сол күйі таба алмаған. Болмаған соң қызды жұмысқа шақырған көшені анықтапты. Алайда, жеке үйлер орналасқан әр учаскенің есігін қаққанымен, ешкім мардымды жауап бермеді дейді марқұмның анасы. 

«Арада 8 күн өткенде ғана полицейлер «табылды» деп хабарлады. Қызымды тапқан екен деп қатты қуандым. Бірақ, баламның өзі емес телефонын тауыпты. Содан екі күн өткен соң бір мекен-жайға шақырды. Ақыры қызыммен қауышамын-ау деп жеттім. Сөйтсем, мәйітханаға келген екенмін. Ғимарат ішіне кіруді сұрады. Келіскен жоқпын. Өзімді қолға алып, көруге тура келді. Қап-қара заттың бетін сырғытып, ашқанда адам танғысыз біреуді көрдім. Қызым емес деп айғайлап далаға жүгірдім. Сөйтіп, 3-4 рет кіріп, қызымды киімінен таныдым», – дейді Қарлығаш Оңғарбаева.

Расында табылған мәйіттің фотосынан кім екенін ажырату оңай емес. Өйткені денені түгелдей құрт жеп қойған. Диананың жанары жоқ. Қол-иықтары да шіріп кеткен. Құжынаған құрттан шошынған ана қызының 10 күн бойы қоқыста жатқанын айтады.

«Баламды полицейлер емес, қоқыс тазалайтын қызметкерлер тапқан. Қара пакетке салынған мәйітті қоқыстың өзіне емес ағаштардың арасына жасырған екен. Ал, оны жасаған қаршадай бала. 16 жастағы 10-сынып оқушысы. Бұл біз естіген сұмдықтың басы ғана еді. Тергеу басталғанда ол қызымды өлтіріп мәйтінін зорлағанын мәлімдеді», – дейді марқұмның анасы.

Белгілі болғандай 16 жастағы жігіт жазғы демалыста Шымкентке нәпақа табу үшін Түркістан облысынан келген екен. 21 тамызда жанындағы жұмысшылар құрылыс болып жатқан үйден шығып кетеді. Орайды пайдаланғысы келген оқушы Telegram арқылы үй тазалаушыны шақырыпты.

«Ол баланың мақсаты үй тазалату емес, қандай қыз келсе де, жыныстық қатынасқа түсу болған. Оның өзінде алдап шақырған. Қызыма анасының атынан жазып, үй тазалағаны үшін 15 мың теңге беремін деп келіскен. Жұмысын істеп болған соң Диана ақысын сұрапты. Бірақ, анасымен байланыса алмай жатырмын деп сылтауратқан қылмыскер артынан келіп, желкесінен 10 рет пышақ сұққан. Осыдан кейін қызымды зорлаған. Оны тергеу кезінде өзі мәлімдеді», – дейді Қарлығаш Оңғарбаева.

Бірақ күдікті сот басталғанда алғашқы сөздерінен айнып шыға келген. Дәлел жоқ деген себеппен сот та зорлық бабын алып тастады. Осылайша 16 жастағы бала адам өлтіріп, оның ұялы телефонын ұрлау баптарымен жауапқа тартылды. Кәмелет жасына толмағандықтан, қаскөйге берілетін жаза мерзімі ұзақ болмайтыны бастапқыда анық еді. 

«Алғашында қызымды өлтірген қылмыскерге 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын берді. Бұған мен тым аз деп келіспедім. Сөйтсем, прокурор да апелляциялық шағым түсіріпті. Алайда, ол тағайындалған жаза ауыр деп санапты. Меніңше судья да, прокурор да сотталушыға болысып кетті. Ақыры апелляция болып, үкім өзгерді. Сондағысы 1 жыл ғана қосылды. Адамды 26 жерінен пышақтап, оны зорлап, мәйітін жасырып, ұялы телефонын сатып, өзі дым болмағандай жүрген адамға кесілген бұл үкім, меніңше, тым жеңіл», – дейді марқұмның анасы.

Алты айдан бері тергеу мен сот табалдырығын тоздырып жүрген Қарлығаш Оңғарбаева енді Жоғары сотқа шағымданбақ. Айтуынша, сот барысында қылмыскер не өкініш білдірмеген, не кешірім сұрамаған. 

«Ол жігіттің туыстары үйге келді. Қолдарында 700 мың теңге. Қанша теңге берсе де, қызымды қайтара алмайды. Кешірмеймін дегенім үшін өзіме әкіреңдеп кетті. Қорғансыз, жалғызбасты ана екенімді біліп басынды ма, түсінбедім. Көзімді ашсам да, жұмсам да қызымның құрт басқан денесі елестейді. Перзентімді қорлап өлтірген жауызды дүниенің байлығын берсе де кешірмеймін», – дейді Қарлығаш Оңғарбаева.

Марқұм Диананың артында күйеуі мен екі қызы қалды. Қос құлыны қазір әкесінің қолында. Ерлі-зайыпты Сарыағаш ауданынан Шымкентке қайғылы оқиға болар алдында ғана көшіп келген екен. Нәпақа табу үшін бірі Өзбекстан асып, тауар алып келуге кетсе, екіншісі ас-ауқат алатын ақша табу үшін 21 тамызда алғаш рет үй тазалауға шығыпты. Бірақ, оның бұл сапары соңғы болды.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы, Шымкент қаласы

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар