136 адамның мойнына 579 млн теңге несие қарызын ілген емші сот залынан босатылды
Фото: Orda.kz
30 жыл халық емшісі атанған Сұлушаш Қазбаева 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазаны 2 жылдан кейін өтейді. Сот оның 12 жастағы баласы барын ескерді.
Orda.kz тілшісі сот отырысына қатысып қайтты.
Ақтөбе қалалық соты Қазбаеваны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы («ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша кінәлі деп таныды.
Бірақ сотталушы сот залынан бостандыққа шықты. Ол жазаны 2 жылдан кейін өтейтін болды.
«Кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп белгіленсін. Қылмыстық кодекстің 74 бабы 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауы 2 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын. Сұлушаш Қазбаеваға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенше күзетпен ұстау шарасы ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық қолхатына өзгертіліп, сот залында босатылсын», — деді судья Тұрсынхан Салықов.
Сот материалдарына сүйенсек, Қазбаеваның қылмыстық әрекеті 2021 жылдан басталған. Ол өзін сотта Қазақстан және дүниежүзі емшілер қауымдастығының мүшесі, «шығыс медицинасының магистрі», «халықтың құрметті емшісі» ретінде таныстырды.
Емші сенімге кіріп, Құранмен ант етіп, түрлі уәделер арқылы адамдарға несие алғызған. Ақшаны «қайтыс болған інісіне мешіт салуға», «қызын Түркияға емге апаруға», «жеке клиника мен тойхана ашуға» жұмсайтынын айтып сендірген.
Кейбір жәбірленушілер 24 миллион теңгеден аса несие алғанын мәлімдеді. Әрқайсысы өзін емшінің жалғыз көмекшісімін деп ойлаған.
«Құдайдай сендік» деді сотта көзіне жас алған жәбірленушілер.
Сот отырысында жәбірленушілердің көбі зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар екені белгілі болды.
«Мына адамның кесірінен бәріміз қаңғырып кеттік, ауруға ұшырадық. Жүзден аса адамды алдау не деген сұмдық?! Құдайдай сендік. Осыған келіп босанған апам әлі күнге дейін «оған ауыр сөйлемеші, балаға зияны тиіп кетер» деп қорқады. Біз қорқамыз бұл адамнан. Үйде артық сөйлеуге қорқамыз. Айтыңызшы, несиені мен қалай төлеймін? Мен бала оқытып отырған адаммын. Несиені басымыздан алып тастаңызшы, бір шешімін таппасаңыз жартымыз суицид жасап, жартымыз ауруға ұшыраймыз», — деді жәбірленушілердің бірі.
Басқа бір жәбірленуші:
«Мен зейнеттегі адаммын, несиені қалай төлеймін? Ол бізді банкке апарып, несиеге кіргізді. Қазір несие қарызын өтеу үшін жасыма қарамастан жұмыс істеуге мәжбүрмін», – деп шағымданды.
Жәбірленушілерден алған ақшаның қайда кеткені белгісіз.
Прокурор Гүлназым Әлиеваның айтуынша, сотталушы 4 ай тергеу кезінде ақшаның нақты қайда жұмсалғанын түсіндірмеді. Қазір 579 миллион теңгенің қайда кеткені белгісіз.
Сұлушаш Қазбаева тағылған айыпты ішінара мойындағанымен, қарыз көлемімен келіспейтінін айтты.
Факт:
• Сотталушының жасы — 51-де;
• Өз айтуынша, 30 жыл бойы халық емшісі болған;
• Қамауға алынған уақыты — 2025 жылы 22 қаңтар.
Айта кетейік, жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы абақты жазасын сұрады. Үкімнен кейін прокурорлар пікірін сұрадық:
«Апелляциялық шағым түсіріп, түсірмейтінімізді қазір айта алмаймыз. Себебі үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкім прокуратураға түскеннен кейін шешімін, заңдылығын тексереміз. Қылмыстық кодекстің 74 бабына сәйкес егер сотталушыда кәмелетке толмаған балалары болса, онда сот өзінің құқығын пайдаланып 2 жылға кейінге қалдырады. Сот азаматтық талаптың көбін қанағаттандырды, кейбірінен қарағаттандырудан бас тартты, азаматтық тәртіпте қаралуға жататынын айтты. Шығын 579 млн теңге», — деді прокурор Усман Орынбасарұлы.
Еске сала кетсек, Ақтөбеде «емшіге алдандық» деген 136 жәбірленуші сотқа шағым түсіргені жайлы жазған едік. Сотталушы мүгедек балаларын емге апарғандарға миллиондап несие алдыртқан. Емшіге 24 млн теңге несие алып бергендер жылап тұрып соттан көмек сұраған болатын.
Автор: Ардақ Ерубаева
Жаңалықтар
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды