Жоспарланған кісі өлтіру ме? Василий Колесниковтың қазасы туралы не белгілі
Фото: нейрожелі
Шымкентте күндіз, адам көп жүретін көшеде тұрғындар қатыгез қылмыстың куәсі болды. Алғашында жол-көлік оқиғасынан кейінгі қарапайым жанжал сияқты көрінген жағдай санаулы минуттардың ішінде жаппай төбелеске, адам ұрлауға және кісі өліміне ұласты. Бұл жолдағы кездейсоқ жанжал ма, әлде 90-жылдардағыдай бандиттік есеп айырысу ма? Неліктен шабуыл жұрттың көз алдында, ашық түрде жасалды? Оқиға қалай өрбіді? Осы сұрақтардың жауабын Orda.kz журналистері зерттеді.
Шабуыл: бейнежазба бойынша хронология
Бәрі сырттай қарағанда қарапайым жол апатынан басталды. 20 қаңтар күні күндіз Шымкент қаласында Toyota Camry көлігі бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған Hyundai Sonata көлігіне соғылады. Camry көлігінің ішінде үш ер адам болған, олардың бірі — Василий Колесников. Көліктер тоқтап, ішіндегі адамдар сыртқа шығады. Алғашында жағдай әдеттегі жолдағы жанжалға ұқсайды.
Алайда көп ұзамай оқиға орнына Lexus көлігі келіп тоқтайды. Автокөліктен бірнеше ер адам түседі. Бейнежазбалардан олардың кейбірі бетперде киіп алғаны көрінеді. Осы сәттен бастап жағдай күрт өзгереді. Ауызша сөз талас жаппай төбелеске ұласады. Куәгерлер мен жүргізушілер араша түсуге, төбелесті тоқтатуға тырысқанымен, нәтиже болмайды.
Төбелес барысында Василий Колесников отырған көліктің жүргізушісі мойын тұсынан пышақ жарақатын алады. Бейнежазбаларда қақтығыс кезінде пышақпен қатар түрлі атыс қаруына ұқсас зат қолданылғаны байқалады. Шабуыл жұрттың көзінше бірнеше минутқа созылады.
Оқиға бұдан әрі тіпті өрши түседі. Кадрларда бірнеше адамның Василий Колесниковты қоршап алып, күштеп көлікке қарай сүйреп апарып, салонға тыққаны көрінеді. Сол сәтте Колесников қарсылық көрсетуге тырысады, алайда жанжалға қатысушылардың бірі сырттан есікті тарс жауып қалады. Осыдан кейін Колесников отырған көлік оқиға орнынан кетіп қалады.
Бірнеше сағаттан кейін Василий Колесниковтың мәйіті Шымкент қаласының сыртында, Түркістан облысының Ордабасы ауданы аумағынан табылды. Дәрігерлер оның денесінен ауыр жарақаттарды, соның ішінде қол-аяғының сынғанын анықтаған.
Қорғаушылар не дейді?
Қаза тапқан азаматтың мүддесін қорғайтын адвокат Талғат Есімов болған оқиғаны кездейсоқ жанжал емес, алдын ала жоспарланған шабуыл деп санайтынын ашық мәлімдеді. Ол Facebook парақшасында полиция жұмысына қатысты бірқатар сұрақ бар екенін жазды.
Адвокаттың айтуынша, Василий Колесниковтың өлімі бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатқанымен, жедел басқару орталығының, әкімшілік полиция басқармасының және патрульдік полиция полкінің әрекеті түсініксіз.
«Мақтанып айтатын бейнебақылау камералары қайда? Олар халықтың миллиардтаған қаражатына алынған. Қаланың қақ ортасында 10 минутқа созылған шабуылға неге жедел әрекет жасалмады? Бейнежазбаларға қарасақ, қылмыскерлер Василий Колесниковты ұрлап әкеткеннен кейін жол қозғалысы ережелерін ашық түрде өрескел бұзған», — деп жазды адвокат.
Василий Колесников кім болған?
Василий Александрович Колесников — күрес түрінен спорт шебері, Шымкент қаласының тұрғыны. Ол спортшылармен тығыз байланыста болған. Қаза тапқаннан кейін бұл дерек ашық дереккөздерде бірнеше рет айтылды.
Василийдің әкесі Александр Колесников спорт саласында танымал тұлға. Ашық дереккөздерде оның грек-рим күресінен жаттықтырушы екені, ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатының жүлдегері болғаны, сондай-ақ, қазақстандық ММА жауынгері Бекзат Жасияның алғашқы бапкері болғаны көрсетіледі.
Василийдің әкесі берген сұхбатында ұлын қарапайым еңбек адамдары отбасынан шыққанын айтады. Оның сөзінше, Василий бала кезінен спортпен шұғылданған, денелі, тәртіпті болған, көп еңбектеніп, жақындарына үнемі көмектескен.
Қайғылы оқиғадан бір жыл бұрын отбасы ауыр қазаға тап болған. Василийдің жұбайы қайтыс болыпты. Ал арада бір жыл өткенде әкесі ұлынан да айырылды. Қаза тапқан азаматтың артында ұлы қалды.
Қалада не айтылып жатыр
Оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда болған жағдай жол-көлік оқиғасынан кейінгі қарапайым төбелес ретінде сипатталды.
Алайда кейінірек шабуылдың бейнежазбалары қолжетімді болып, қатысушылардың аты-жөндері белгілі болған соң, қалада мүлде басқа әңгіме айтыла бастады. Қоғам арасында бұл оқиғаны есеп айырысу деп бағалайтын нұсқа жиі айтылады.
Айтылған болжамдарға сәйкес, Василий Колесниковтың бұған дейін күдіктілердің бірімен жанжалдасқан. Ал жол апатынан басталған қайғылы жағдай сол қақтығыстың жалғасы болуы мүмкін.
Алайда бұл нұсқалардың барлығы — жай әңгіме мен қауесет қана. Құзырлы органдар бұл ақпаратты ресми растамады. Түпкілікті бағаны тергеу береді.
Қазіргі таңда Василий Колесниковтың өліміне қатысты іс бойынша ресми түрде жеті адам ұсталды. Ұстау шаралары Шымкент қаласында да, Түркістан облысы аумағында да жүргізілген. Василий Колесниковтың өліміне қатысты тергеу ісі Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратының бақылауында.
Айта кетейік, Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасында болған жанжалға қатысты қызметтік тексеру аяқталды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде басқарма басшысы Серік Сәпиевтің әрекеті мемлекеттік қызметшілерге қойылатын әдеп талаптарын бұзғанын анықтаған.
Жаңалықтар
- «Қаскелең нәжіске батып жатыр»: Қарасай ауданындағы кәріз дауы ушықты
- Жоспарланған кісі өлтіру ме? Василий Колесниковтың қазасы туралы не белгілі
- Щучинск қаласындағы әскери колледжде қызылша ауруы өршіді
- Жамбыл облысында тағы бір сарбаз қаза тапты
- Шавкат Рахмоновтың жұбайы 10 жылға сотталуы мүмкін
- Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалда кінәлі деп танылды
- Петропавлда кәсіпкердің отбасын қырып салған әйел мерзімінен бұрын бостандыққа шықты
- Нани мен Мозес ҚПЛ-да: Қазақ футболы жұлдызды ардагерлерден не күтеді?
- Таразда қарамағындағы балаларды азаптаған Зүлфия Төленова қамауға алынды
- Маңғыстауда 13 жастағы өгей қызын зорлады деп күдікке ілінген ер адам өзін атып тастады
- Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылды
- Қаскелеңде ер адам әйелі мен енесін соққыға жықты
- Ержан Бабақұмаровтың өлімі: сот жабық режимде өтеді
- Бектенов Kazakh Tourism басшысын қызметтен босататынын айтып қорқытты
- Нұрайдың адвокаты түсініктеме беріп тұрған бейнежазбаны таратқандарға шағымданды
- Екібастұзда айырылысқан екі жасөспірім өздеріне қол жұмсады
- Шымкентте өліммен аяқталған жаппай төбелес: тірі қалған адам жансақтау бөлімінен шығарылды
- Жетісу облысында баласын аяусыз ұрып-соққан әйел қамауға алынды
- Астанада ер адам қызды қорлағаны үшін қамауға алынды
- Руслан Закиев: денсаулық сақтау министрлігі диабетпен ауыратындарды «өлтіріп жатыр» ма?