Жетісудағы қатыгездік: Дәрігерді күрекпен аяусыз сабап тастады

cover Фото: Жәбірленуші әйелдің жеке мұрағатынан

Жетісу облысының Суықсай ауылында жан түршігерлік оқиға болды. 49 жастағы мас ер адам ауылдық амбулатория меңгерушісіне өз үйінің ауласында күрекпен шабуыл жасап, көкала қойдай сабап тастады, деп хабарлайды Orda.kz.

Оқиға 3 наурыз күні күндіз Ақсу ауданының Суықсай ауылында болған. Мас  49 жастағы ер адам үйінің ауласында ауылдық дәрігерлік амбулатория меңгерушісіне тап берген. Жанжал әйелдің кәсіби қызметімен байланысты емес.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам зардап шегушінің кәмелетке толмаған балаларын балағаттаған. Әйел оған ескерту жасаған кезде, ол қар тазалап жатқан күрегімен тап беріп, басынан және денесінің өзге жерлерінен ұрып тастапты.

Күдіктіні балалардың көмек сұрап айқайлаған дауысына жүгіріп келген ауыл тұрғындары ғана тоқтата алған екен. Тіпті осыдан кейін де ер адам қоя қоймаған. Келіншек шұғыл түрде орталық аудандық ауруханаға жеткізіліп, хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Әйел ауыр жарақат алып, әлі күнге дейін ем қабылдап жатыр.

Куәгерлер шабуыл жасаған адамның әлі де бостандықта жүргеніне наразы. Олардың пікірінше, Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігі бойынша берілген жаза мұндай қатыгез жарақаттар салған адам үшін тым жеңіл. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғады. Алайда күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы әлі күнге дейін таңдалмапты.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар