Жаралыларға көмектесемін деп оқ тиген Өркеннің хикаясы: «Жәбірленушіден күдіктіге айналу»

cover Өзгеге көмектесіп өзі жарақаттанған Өркен Ерзат. Фото: отбасы мұрағатынан

22 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Өркен Ерзаттың туыстары оның қаңтардағы оқиға кезінде жаралы адамдарға көмектескені үшін жазықсыз қамалып отырғанын айтады. Өркен былтыр ҚазҰУ-ды бітірген филолог, жас маман, мектепте мұғалім.

Туған әпкесі Ардақ Ерзаттың айтуынша, 5 қаңтар күні бейбіт жиын ретінде басталған алаң маңында тұрған жерінен аяғына оқ тиіп жараланған. Содан кейін 13 қаңтар күні полиция келіп сұрақ-жауап алатынын айтып алып кеткен. Дегенмен сұрақ-жауап алу тергеуге, арты қамауға ұласқан. «Інімді жарақатына қарамастан жеңіл киіммен алып кетті» дейді әпкесі.

Туыстары қаңтардың 13-і сағат 12:40-та алып кеткен соң құзырлы органдарға хабарласып,  оның Түрксіб аудандық Полиция басқармасының абақтысында отырғанын білген. Онда барса, Полиция департаментіне алып кеткенін естіген. ...«Сол түні 22:00 шамасында бір минут қана сөйлесіп үлгердім: «Масанчидамын, митингке шықтың деп айыптап жатыр, телефонымды алады» – деді. Ары қарай үзіліп кетті. Содан бері інімнің қандай күй кешіп жатқанын білмеймін» дейді бауырының хәліне алаңдаған Ардақ Ерзатқызы.

Департаменттен хабар алуға тырысқанымен жауапты мамандар еш ақпарат бермеген. Адвокат іздеп сенделіп жүргенде 15 қаңтар күні «Қылмыстық кодекстің 272-бабының («Жаппай тәртіпсіздік») екінші тармағы бойынша күдікті деп танылып, екі айға тергеуге санкция шешімі қабылданғанын» хабарлаған. Бұл бапта жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін 3-8 жыл аралығында бас бостандығынан айыру көзделген. Өркен қазір Түрксіб ауданындағы ЛА-155/18 түзеу мекемесінде отыр.

Мемлекет тарапынан тағайындалған кезекші адвокат Ілияс Қасжановтың айтуынша, Өркен «күдікті деп танылған, ауданаралық тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамаққа алынған». Тергеу енді басталған. Куәлар мен дәлелдер қарастырылады дейді. «Тергеу барысында айыбы расталмаса, тергеушінің қаулымен істі қысқартуға мүмкіндігі бар» деседі.

Ардақ қаңтардың 15-і жеткізілгеніне қарамастан 17-сіне дейін дерек базасына енгізілмеген інісіне жолығудың, ең болмағанда керек-жарағын берудің сәті түспегеніне қапалы. Ұйқыдан қалып, ас батпай, алаң күйде жүрген жас келіншек Ардақ бауырының ісін әділ тергеуді талап етеді. Істің мән-жайы, тергеуші туралы ақпарат алу мұңға айналған.

Өркен Ерзаттың аяғына оқ тиген. Фото: жеке мұрағат

«4 қаңтар үйде болды. Интернет өшіріп тастағаннан кейін 5 қаңтар түс қайта сырттай көріп қайтуға шыққан». Жақындары оның еш бұзақылыққа, құзырлы орган өкілдеріне қарсы әрекеттерге араласпағанына сенімді. Ардақ бауырының айыпсыздығын дәлелдейтін сол күнгі жағдайды баяндап берді.

– Үнемі байланыста болдық. Өркен он минут сайын хабарласып тұрды. Алматы тұрғындарына көшеге шықпау туралы хабарлама 6 қаңтар күні ғана айтылды. Егер ертерек айтқанда мүлде шықпас еді. Ол 5 қаңтар түстен кейін жағдайды сырттай көріп қайтуға шығып еді. Алаңның маңында жер-жерде жайрап жатқан әскерилердің киімін көрген. Бізге хабарласып, сыртқа шықпаңдар, мұнда қарапайым адамдар ғана емес, әскерилер мен полицейлер де зардап шеккенге ұқсайды деп, сыртқа шығу қауіпті екенін айтып, үйде отыруымызды ескертті. Үйге қайт дегенім сол кері қайтар жолда аяғына оқ тиген. Оған дейін көше бойында жараланып жатқан, қозғалуға шамасы жоқ адамдарды көтеріп, жедел жәрдем көлігіне жеткізіп көмектескен. Көз алдында оққа ұшып жатқандарды көріп қорғану мақсатында аяғының астындағы әскери киімнің қалың желетін кигені үшін айыптамақ, – деп күйінеді ол.

Оқиғаның ертеңіне Instagram желісіндегі парақшасындағы сторизінде «бет-жүзін бүркеген әлдебіреулер халықтың көлігін сындырып, айналасын бүлдіріп жүргенін, халық атын жамылған олардың дүкендерді тонағанын» көргенін жазған.

Өркеннің алаңда қайтқаннан кейін интернет қосылған бойда жазған жазбасы. Фото: Instagram желісінен скрин-қиынды

Өзгеге қол ұшын созамын деп аяғынан мертіккен Өркенді туыстары екі кештің арасында «5 аурухана қабылдамаған соң 12 ауруханаға апарып, жарасын таңғызған».

– Жерде шашылып жатқан әскери жилетті киді екен деп бірден қылмыскер етпей, оны қандай ниетпен кигенін, соған мәжбүрлеген жағдайды неге ескермейді. Егер інімнің бүлікті мақсаты болса, онда 4-і күні, 5-і күні бойы алаңда жүрер еді ғой. Ол алаңға жақын маңда әкімдік әлі отқа оранбаған кезде болды, сонда істеп тұрған инфроқұрылым камераларынан қарасын. Оның бар кінәсі – болмайтын уақытта болмайтын жерге тап болғаны. Жарақаты себепті сол 17.00-ден кейін ешқайда аттап баспады, – дейді.

«Алаңда болған жарты сағатында басқаларға көмектесем деп өзіне қаңғыған оқ тиді» деген туыстары тағдырлас алматылықтармен бірге заңгерге жүгінген. Жақынынан хабарсыз қалған ондаған отбасы астанаға арнайы ұжымдық арыз жолдаған.

– Жақынын іздеген бір топ адамның ұжымдық арызын бас прокурорға, ҚР Президент әкімшілінің басшысы және ішкі істер министріне жолдадық. Ұжымдық хатта жоғалған адам қай жерде және қандай жағдайда жатыр, қылмыстық іс қозғалды ма, қозғалса іс нөмірі, адамның статусы қандай деген сұрақтар қойылған еді.  Әуелде жоғалды делінген 30 шақты адамның кейіннен ауруханадан абақтыға апарылғаны белгілі болды. Бір кісінің бүйрегін алып тастап, полиция бірден алып кеткен. Оқ тигеннен аяғы кесілген адамды да түрмеге әкеткен. Бұл тек Алматы қаласы бойынша. Өзге өңірлерден хабарласып жатқандар көп, – деді заңгер Ғабит Өмірбек тілшіге берген пікірінде.

Жас педагог Өркен Ерзаттың мектеп қабырғасында сабақ беріп жүрген кезі. Фото: жеке мұрағаты

Әпкесі Өркенге «өз ортасында үлгілі азамат. Осы уақытқа дейін қоғамға, елге, біреуге зияны тиетіндей ешқандай әрекет жасаған емес» деген мінездеме береді.

– Оған тағылған күдік пен келтірілген жанама дәлелдерге аса тереңнен дұрыс қарауды талап етемін. Інімнің әрдайым «ісі аққа құдай жақ» деуші еді, әділетті тергеуші, әділетті сот өкілдеріне сенім білдіремін, себебі бауырымның Отанымызға ешқандай өкпесі жоқ, төрт жыл грантпен шәкіртіақы ала отырып, бүгін кәсіби педагогқа айналды. Арандатушылардың себебінен болған осы бір келеңсіз оқиғаның құрбаны болған інім Ерзат Өркенді негізсіз айыптамауды сұраймын. Оның кінәсіздігі мен заңға қайшы әрекет жасамағандығы анықталады деп сенемін, – дейді бауырының тілеуін тілеген Ардақ Ерзат.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, түзеу мекемесіндегі кездесу бөлмелерінің саны шектеулі болғандықтан, бұл аптаға қорғаушыларға кіруге орын жоқ. Басқа қорғаушылар, жазылып қойғандар бар. Демек келесі аптаға дейін кездесудің реті түспеуі мүмкін. Жарақатының хәлі белгісіз Өркен медициналық бөлімшеде тексерістен өтіп, қызмет алуы тиіс. Бұған қол жеткізе алғаны, я алмағаны да белгісіз. Осылайша қорғаушы түгілі туыстарының хабар алысуы мүмкін болмай тұр, бұл адам құқықтарына қайшы. Алдын-ала рұқсат алу, оның қаралу мерзімі сияқты бюрократиялық кедергілер тағы бар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар