«Үшеуі жүкті»: Прокурор құмар ойынға қатысты 7 қызды сот залында қамауды сұрады

cover Фото: Elements.envato.com

Ақтөбеде онлайн ойынхана бойынша айыпталған ағайындылар мен тағы 7 адамға қатысты істің жарыссөзі басталды. Прокурор соттан күдіктілердің бәрін кінәлі деп танып, қамауға алуды сұрады. Күдіктілердің үшеуінің аяғы ауыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақтөбе қалалық сотында онлайн ойынхана ісін ұйымдастырды деп айыпталған бір топ адамға қатысты іс қаралып жатыр. Ойынхана табысы екі жылда — 1 млрд 721 млн теңгеге жеткен. 

Іс бойынша 9 адам ҚК-тің үш бірдей бабымен күдікті деп танылды.

Тағылған айып 307-бап 3-бөліктің 1,2 тармағы «заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру», 262-бап 1-бөлігі «ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» және 218-бап 3-бөліктің 3-тармағы «қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру». 

Күдіктілердің екеуі тергеу изоляторында қамауда отыр. Жетеуі үйқамақта. Прокурор жарыссөзде іс бойынша күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, қамауға алуды сұрады.

Прокурор сұраған жаза — ағайынды жігіттерді 9-10 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеу. Онлайн құмар ойынның екі әкімшісін 6 жыл 8 айға абақтыға қамап, дүние-мүлкін тәркілеу. Ал оператор-кассир қызметін атқарған 5 қыздың әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қолдануды сұрады. 

Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушылардың қатарында ағайынды жігіттер, ерлі-зайыптылар, аяғы ауыр үш келіншек бар. Ұйымдасқан топқа екі ағайынды жігіт басшылық еткен. Біреуінің соттылығы бар. Заңсыз табыс табуға таныстарын шақырғаны айтылды. Олар жалға үй-жай алу арқылы құмар ойындарды жүргізген.

Ақтөбеде онлайн құмар ойынға қатысты тергеу шаралары 2024 жылы шілдеде басталды. Бауырлар 2022-2024 жылдар аралығында ойын бизнесін жүргізген. Олар аса ірі мөлшерде заңсыз табыс тапты деп айыпталады. Оператор-кассир төлем жасалғаннан кейін клиенттерге азарттық ойын сайттарына сілтеме жіберіп отырған. 

Онлайн құмар ойынның әкімшісі болған екі қыз бен оператор-кассир қызметін атқарған қыздар алғашында куәгер, кейін күдіктіге айналды. Қыздар тағылған айыппен келіспейді. Қорғаушылары соттан бас бостандығынан айырмауды, ақтауды сұрады. 

«Кассада оператор болған 7 қызды айыптап жатыр. Бастықтар қамауда, сотқа оларды күзетпен әкеліп жүр. Кассада отырған біз де ұйымдастырушылар секілді болдық. Біз тергеумен келіспейміз. Жеті қыздың арасында біреуі жалғызбасты ана, үшеуінің аяғы ауыр. Бәрінің кішкентай балалары бар. Біз ол жерде жалақыға жұмыс істедік. Онлайн казино екенін білдік, бірақ заңды деп ойладық. Ол жерде екі жылдай жұмыс істедік», — деді  іс бойынша күдікті.  

Қазір сотта күдіктілердің қорғаушылары өз уәждерін айтып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет «ақорданы белгілеу» туралы пікірде қателескенін айтып ақталған еді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар