Wildberries патшайымы: Блогерге алданған қара халық президентке үндеу жолдады
Фото: Orda.kz
Wildberries маркетплейсінде кәсіп жүргізуді үйретемін деп уәде берген, елге танымал блогер Алтынай Дидарқызының соңынан ерген 30 шақты кәсіпкер бүгінде не ақшасын, не тауарын ала алмай жүр. Кейбір жәбірленушілердің сөзіне қарасақ, алданғандар одан да көп болуы мүмкін. Олардың әділдік іздеп сабылғанына аттай екі жыл болған.
2023 жылдан бері қаражаттарына қол жеткізе алмай жүрген кәсіпкерлермен Orda.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Жәбірленушілер саны ресми тіркеу бойынша 30-дан асқанымен, баспасөз мәслихатына небәрі үш адам ғана келді. Олардың бәрі кезінде Wildberries қосымшасында кәсіп бастаймыз деп, Алтынай Дидарқызына сеніп, қомақты қаржы аударған.
«Біз WB қосымшасы арқылы сату ісін меңгергіміз келді және таңдауымыз дәл осы қосымшаға түсті. Себебі оны елге танымал қазақстандық блогерлер жарнамалаған еді. Мұның бәрі адамдарға сенім ұялатады. Тіпті «біреулер алдап кетеді-ау» деген күмән-күдік мүлде болмайды. Әсіресе, біз келуге себепкер болған Әсел Асқар бірнеше рет Алтынай Дидарқызын жарнамалап, оның өз ісінің маманы екенін және сенуге болатынын айтқан», — дейді кәсіпкер Юлия Манюхина.


Юлияның айтуынша, олардың Алтынай Дидарқызымен қарым-қатынасы басында үлкен сенім ұялатқан. Бірақ ақша аударып, Қытайдан тауарға тапсырыс бергеннен кейін олар тығырыққа тірелген.
«Біз 2023 жылдың наурыз айында тауарға тапсырыс бергеннен кейін бірден қиындықтар мен келеңсіздіктер басталды... Ол сөзінен жалтарып, біздің қоңырауларымызға жауап бермей, әпкемді барлық жерден бұғаттап тастады. 2023 жылдың наурыз айынан бері біз не ақшаны, не тауарды әлі күнге дейін ала алмадық», — дейді ол.
Юлия мен оның туысы осы курсқа қатысып, тауарды бірлесіп сатып алуға келіскен. Жалпы аударылған қаражат — 15 миллион теңге.
Ал осыған ұқсас жағдайды бастан кешкен Гаухар Оразалиева мен Арна Сейсенова да Алтынай Дидарқызының уәдесіне сеніп, қомақты қаржы салған. Бірі — 24 миллион, екіншісі — 100 миллион теңге.
Бизнес бастаймын деген үмітпен ақша аударған кәсіпкерлер алғашқы ресми арызын 2024 жылдың тамыз айында Бостандық аудандық полиция басқармасына түсірген.
Алайда зардап шеккендердің сөзіне қарасақ, тергеушілер бастапқыда тек Алтынай Дидарқызынан түсініктеме алумен шектеліп, істі жан-жақты зерттемеген. Қажетті тергеу әрекеттері 2024 жылдың қазанына дейін мүлде жүргізілмеген.
Тек Бостандық ауданы мен Алматы қаласының прокуратурасына бірнеше мәрте шағымданғаннан кейін ғана тергеу жандана бастады. Тергеуші Дарын Шәріпов жәбірленушілерден жауап алуды бастап, жаңа арызданушылар іс материалына қосылды. Алғашқы шағымданушылар жәбірленуші ретінде танылды.
Бүгінде бұл қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде тек Алтынай Дидарқызы ғана тіркелген. Алайда баспасөз мәслихатына қатысушылар бұл іске оның туыстары да тікелей қатысқанын айтып, олардың да жауапкершілікке тартылуын талап етіп отыр.
«Әкесі оның кеңсесінде үнемі жұмысқа белсенді араласатын. Бұл оның әлеуметтік желідегі стористерінен-ақ көрініп тұр. Сондай-ақ, қасында үнемі сіңлісі Ділназ, анасы және бірнеше қызметкер жүрген. Жәбірленушілер аударған қомақты қаражат көбіне сол адамдардың есепшоттарына түскен», — дейді Арна Сейсенова.
Кәсіпкерлер істің созылып, дұрыс тергелмей жатқанына жемқорлық себеп болуы мүмкін дейді. Алтынай наурыз айында қамалған кезде әкесі Дидар Арнаға қоңырау шалып, полиция қызметкерлеріне 40 миллион теңге аударғанын айтқан дейді. Блогерге іс қозғалса да, ол алаяқтығын жалғастырған. Олардың сөзінше, ең сорақысы Алтыдай Дидарқызы ары қарай да адамдардан ақша алып, өз «қызметін» жалғастыра берген.
«Жәбірленушілер оны қалада кездейсоқ көріп қалғанда Алтынай олардың әрекеттерін мазақ етіп, өзіне құқық қорғау органдары қолдау көрсететінін ашық айтқан. Әрине, біз сыбайлас жемқорлық фактілеріне тікелей куә болған жоқпыз. Дегенмен іс бойынша жиналған материалдардың жалпы мазмұнына қарасақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекетіне қатысты көптеген сұрақ пен күмән туындайды», — дейді Арна Сейсенова.
Сөз соңында жәбірленушілер президентке Қасым-Жомарт Тоқаевқа қылмыстық істі жеке бақылауға алу туралы үндеу жолдады.
Жаңалықтар
- Атырауда Жангелдин ауылының жоғалып кеткен екі тұрғынының мәйіттері табылды
- Қазақстанның үздік теннисшісі турнирдің ширек финалына шықты
- «Қышқыл бұлттар» пайда болғаны туралы ақпарат жалған
- Дауыс беру кезінде «өшіп кететін сия» туралы бейнеге ОКҚ түсініктеме берді
- Ұлттық банк төрағасы Қазақстандағы инфляцияның үдеу қаупі туралы айтты
- Уиткофф пен Кушнердің 10 наурыздағы Израильге сапары тоқтатылды
- АҚШ қоғамы Трамптың кенже ұлы Бэрронды Ирандағы соғысқа жіберуді талап етіп жатыр
- Қазақстандық ғалым Шыңжаңда Абайды «дұрыс түсіндірмеді» деген айыппен сотталды
- Щучинскідегі өрттен зардап шеккен тағы екі адам ауруханада бақилық болды
- Таяу Шығыстан 7,3 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланды
- Ирандағы соғыс жағдайына байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы өсе түсті
- Тараз тұрғыны «өзін-өзі тонап», қарақшылық туралы экшн сценарий ойлап тапқан
- Таяу Шығыс елдеріне 28 ақпаннан кейін рәсімделген турларға кепілдік берілмейді
- Алматыда ауаның ластанғаны ескертілді, мәслихат арнайы ереже қабылдады
- Спортшыларымыз халықаралық аренада бірнеше жарқын нәтиже көрсетті
- «Дамумед» жеке деректерді заңсыз пайдаланып, 66 миллион теңге залал келтірді
- Иран Сарапшылар кеңесі жаңа жоғарғы көшбасшы кім екенін мәлімдеді
- 9 бен 16 жас аралығындағы жас шахматшылар БАӘ-ден елге қайта алмай отыр
- Иранда жаңа жоғарғы көшбасшы таңдалды, бірақ аты аталған жоқ
- Біріккен Араб Әмірліктері Иранға алғашқы соққысын жасады