«Вальс королінің туғанына 95 жыл»: Шәмші Қалдаяқовтың ән-ғұмыры

cover Фото: Мұрағаттан

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл. Өмірін өнерге арнаған талантты тұлғаның әндерін халық әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды. Өнер адамдары Шәмшінің әнін шырқауға құмар. Orda.kz тілшісі ұлы композитор туралы естеліктерді жиып көрді. 

Мал дәрігерлік техникумынан консерваторияға аттанған қазақ

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келді. Әкесі Әнәпия дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыған екен.

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алады. Кейін 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етіп, 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын да өтеп келеді. Ол әскерден келген соң Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. Бірақ анасының науқастанып жатқанын естіп, оқуын бітірмей елге қайта оралады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданады. Ол жерде әнші Жамал Омаровамен танысып, оның шақыртуымен Шәмші Алматыға көшіп келеді. Содан болашақ композитордың Ташкенттегі оқуы да бітпей қалады. 1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. 

Шәмшінің ән-ғұмыры

Шәмшінің ырғақты, сазды әндері қазақ даласын әлі күнге тебірентіп келеді. Қазақ эстрадасында Шәмшінің әнін орындамаған әнші некен-саяқ.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова Шәмші Қалдаяқовтың әндерін бала күнінен сүйіп тыңдағанын айтады. Ол өнерге келгелі Шәмшінің «Отырардағы той» әнін, «Бақыт құшағында», «Мойынқұмда», «Ана туралы жыр» әндерін орындап келеді. 

«Бұл кісінің композиторлық өнерінде шек жоқ. Ол — қайталанбайтын адам. Мен ол кісіні көзі тірісінде бір рет қана көрдім. Ол кезде студент едім. Өзі тез-тез сөйлейтін өңі жылы, өзіне керемет жарасатын кішкентай ғана мұрты бар адам еді. Ол кісінің жұбайын «Сағындырған әндер-ай» концертіме шақырып, алғысын алғанмын», — дейді әнші.

Кейбір дереккөздер әншінің 300-ге тарта әні бар дейді. Алайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Қалдыбек Құрманәлі бұл деректі жоққа шығарды. Композитордың айтуынша, Шәмшінің 100-ге жуық әні бар екен. 

«Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығымен айналысып жүргеніме 33 жылдан асты. Ол кісі 1992 жылы 29 ақпан күні қайтыс болды. Содан бері біз қаншама кештер, ән байқаулар өткізіп келеміз. Шәмшінің ел арасында қалып қойған әндері бар, соларды жинақтап халыққа ұсынып жүрміз. Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырза Әлінің мұрағатында қалып қойған әндері де бар. Соның бәрін қосқанда Шәмшінің әндері 100-ге жуықтады. Қалдаяқовтың көзі тірі кезінде Алтын қорға өткен 43 әні бар. Ол сол 43 әнмен-ақ жер бетіндегі бүкіл қазақтың жүрегін жаулап алды. Сондықтан бұл жерде әңгіме әннің санында емес сапасында болып тұр», — деді композитор

Қалдыбек Құрманәлінің айтуынша, Шәмші Қалдаяқовтың ел арасынан табылған «Бір әнім» деген әні 1958 жылы жазылыпты. Бұл ән араға 58 жыл салып табылған екен. Сонымен қатар,  «Мені ойлап жүрмісің?», «Арқалықтың ақ таңы» деген әндер де халық арасынан табылған екен.

«Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде...»

Шәмшінің көзі тірі кезінде кейбір әндері көркемдік кеңеске өтпей, радиодан берілмей қысымға ұшыраған. Қалдыбек Құрманәлі мұның астарында «көреалмаушылық жатыр» деген пікірде. 

«Арыс жағасында» әнін радиодан бермек түгілі көркемдік кеңеске өткізбейміз деп тұрып алған. Бұл ән саяси ән емес. Сондықтан бұл әннің радиодан берілмеуі көреалмаушылықтың, іштартарлықтың кесірінен болған. «Арыс жағасынданы» Нұрғали Нүсіпжанов және Ескендір Хасанғалиев орындап жүріп, халық арасына танытты», — деді композитор.

«Қазақ радиосының» музыкалық редакциясында жұмыс істеген Нұрғали Нүсіпжанов пен Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

«Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек», — дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Кейін жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді. Екі әнші «шаруамыз бітті» деп ойлайды. Бірақ көп ұзамай екі мыңнан аса хат келіп, халық бұл әнге ерекше ықылас білдірген екен. 

«Арыс жағасында» әні Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның репертуарында бар. Опера әншісі Шәмшінің «Қайықта» әнін де ерекше сезіммен орындайтынын айтты. 

«Мен Арыстың тумасымын. Сондықтан да «Арыс жағасында» әні мен үшін ерекше туынды. Бұл әнді орындағанда мен туып өскен Арысымды, қара шаңырағымды, балалық бал дәурен кезімді, Арыс өзенін елестетемін. Бұл ән мен үшін өте қымбат. Бойымды ерекше сезім билейді», — дейді Нұржамал Үсенбаева. 

Бір қызығы, опера әншісінің ата-анасы Шәмші Қалдаяқовпен аралас-құралас болыпты. 

«Ата-анамыз бізді ән-күйге, әдебиетке, поэзияға баулып өсірді. Әкемнің өлең кітапшалары болатын, анамның сыңғырлаған дауысы бар еді. Кешкісін үйдегі 8 бала көршілерге ән кешін ұйымдастыратынбыз. Сонда Шәмшінің әндері, оның ішінде «Арыс жағасында» әні міндетті түрде орындалатын. Қалдаяқов Арысқа келгенде бірнеше рет біздің үйге қонаққа келді. Ол кісінің ата-анаммен қарым-қатынасы жақсы болды. Бір-бірін сыйлап, анамды «ақ жеңгем» деп құрметтейтін. Бұл біздің отбасымыз үшін ерекше естелік», деді Нұржамал Үсенбаева.

Шәмшінің туғанына 95 жыл! 

Шәмші халықтың ықыласына бөленген сазгер. Оның әндері қазақ халқын ерекше күйге бөледі. Көп қазақ Шәмшінің әнімен есейді. Шәмшінің әні махаббатты жырлады, сезімді оятты, көңілді босатты.

«Шәмшіні қонақ қылып күткен адам соны мақтаныш көретін болған. Ол халықтың сүйіктісі болды. Ал Қалдаяқовтың көзі тірісінде биліктен алған атағы 1991 жылы 21 желтоқсанда берілді. Тәуелсіздік алғанымызға 5 күн болғанда халық әртісі атағын алды», — дейді Қалдыбек Құрманәлі. 

Шәмші Дінмұхаммед Қонаевтан көп жақсылық көрген екен. Қонаев Қалдаяқовты жеке қабылдап, кітабын шығарып беріп, баспана сыйлаған. 

«Қонаев Индияға барғанда қазақтың халық әні деп Шәмшінің «Ана туралы жыр» әні орындалады. Қонаев «бізде мұндай халық әні жоқ еді ғой» дейді. Қасындағылар бұл әннің Шәмшінікі екенін айтады. Қонаев елге келіп, Шәмшіні шақыртып сазгермен танысады», — дейді Қалдыбек Құрманәлі. 

Қалдыбек Құрманәлі Шәмшінің 95 жылдық мерейтойына ән кештері ұйымдастырылып жатқанын айтты. Әрі композитор Шәмшінің өнерін зерттеуде оның әндерімен ғана шектеліп қалмаған.

«Кезінде «Шәмші» деген журнал шығарғанбыз. Енді соның электронды нұсқасын шығаруға ниеттіміз. Шәмшінің фотоальбом кітаптары шықты. Шәмшіге арнап фильм түсірілді. Мен идея авторы болдым. 15 тамыз күні кіндік қаны тамған жерде іс-шаралар жасалды. Концерттер берілді. Телеарналардан концерттер, деректі фильмдер көрсетілді. Денсаулығыма байланысты 33 жылда алғаш рет көрермен болып, теледидардан тамашалап отырдым», — дейді композитор. 

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түскен. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар