Ұлттық қор қордаланар емес: Қорды «тескен» қаражат қайда кетіп жатыр?
Фото: istockphoto.com
Ұлттық қор – Қазақстан үшін басты қаржылық қауіпсіздікті қалыптастыратын орын. Оның есебінен бюджеттегі көптеген «тесіктер» жабылады, балалардың жарқын болашағы үшін қаржы жинақталады, ал оның резервтері «жұтаң» жылдарда елді асырауы тиіс. Алайда, Ұлттық қордың активтері шынымен де тиімсіз, ал одан ақша қоржынға құйылғанынан жылдамырақ жұмсалып жатыр деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ұлттық қордың жағдайының жапсарын Orda.kz таратып көрді.
Ұлттық қордағы қаражат қайда кетіп жатыр?
Жазда Ұлттық банк Ұлттық қордан қаржы жұмсау туралы есеп жариялады. Бұл құжаттағы сандар көңіл көншітпейді. Өткен жылы елдің «мұнай жинағы» қоржынынан түсетін ақшадан көп қаржы жұмсалды.
«Ұлттық қор» сөзімен тығыз байланысты тағы бір экономикалық термин бар — трансферт. Бұл — мемлекеттік қазынадағы «тесіктерді» мұнай ақшасымен жабу үдерісінің сыпайы атауы. Өткен жылы Ұлттық қордан трансферттерге түсімнен екі есе көп қаражат жұмсалды.
«2024 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде айтарлықтай ірі қаржат алу операциялары Ұлттық қордың валюта активтерінің жалпы көлемінің динамикасына әсер етті. Есепті кезеңде республикалық бюджетке тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңге болды. Қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға қосымша 705 млрд теңге бөлінді: оның ішінде 467 млрд теңге — «Қазатомпром» акцияларын сатып алуға, 238 млрд теңге — ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» облигацияларын сатып алуға бағытталды. Ал 2024 жылы қордың мұнай секторынан түскен түсімі 3,8 трлн теңге», деп хабарлады Ұлттық банк.
2025 жылы Ұлттық қордан жоспарланған трансферттер көлемі, ең мүмкін дегенде, тағы да асып түспек. Қоржын босап барады — бұл президенттің активтерді көбейту тапсырмасын орындау қиынға соғатынын білдіреді. Сондықтан Ұлттық банктің Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың түрлі деңгейдегі жаңаша идеялары туындап отырады. Мұндайда сұрақ туады: егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты дәстүрлі емес қаржы құралдарына инвестицияланатын болса, Ұлттық қордан қандай пайда? Мүмкін, бірден барлық активтерді шетелдік ірі компаниялардың бағалы қағаздарына инвестициялаған тиімді болар?
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, жоқ — Ұлттық қор ең алдымен резерв, ол мемлекеттік ауқымдағы инвестициялық құрал емес.
«Ұлттық қор, жалпы алғанда, «тесіктерді» жабу немесе жекелеген компанияларға инвестиция салу үшін емес. Оның негізгі қызметі — қауіпсіздік жастығы болу және келешек ұрпақтың мүддесіне жұмыс істеу. Бұған қоса, бұл – мұнай кірістерін экономиканың дамуынан оқшау ұстауға арналған құрал. Иә, активтердің бір бөлігі акцияларға салынған, бірақ бұл ірі индекстер мен қорлар, жекелеген Tesla немесе Oracle емес. Бұл бағыттағы инвестициялар ел қоры үшін тым қауіпті. Бұл жерде басты қағида – сақталымдылық, биржада ойнау емес. Бұл – зейнетақы қоры тәрізді, мұнда жылдам өсімнен гөрі тұрақтылық маңызды», — дейді Расул Рысмамбетов.
Табыс па, шығын ба?
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Ұлттық қордың инвестициялық табысы 4,6 млрд долларды немесе 7,59% болды. Ұлттық банк мұнай ақшасын пайдаланудың жаңа жолдарын іздегенімен, ең үлкен пайда әлі де консервативті инвестициялардан түсіп отыр. Ең алдымен – алтынға салынған салымдардан.
Соған қарамастан, кейбір сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы Ұлттық қордың инвестициялық табысы керісінше — шығынға айналған. Басқаша айтқанда, қаңтардан шілдеге дейін қор активтері шығынды болған. Тамыз айының соңында бұл пікірлерге Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ашумен жауап қатты.
«Бұл пікірді айтқан сарапшылар кім екенін білмеймін. Көздеріне тіке қарап, олардың жауапкершілігі жөнінде сұрар едім. Ұлттық қорда инвестициялық табыс бойынша ешқандай шығын жоқ. Керісінше, үшінші жыл қатарынан жеткілікті жоғары, сау инвестициялық табыс бар», — деді Тимур Сүлейменов.
Онда кімдікі дұрыс? Ақша туралы бәрін білуі тиіс Ұлттық банк басшысы ма, әлде балама есептеулерге сүйенетін сарапшылар ма? Шын мәнінде, екі жақтың да сөзі рас болуы да мүмкін.
«Мұның бәрі есептеу әдістемесіне байланысты. Ұлттық банк ұзақмерзімді табыстылықты доллармен есептейді, орташа алғанда бұл — жылына екі-үш пайыз. Ал сарапшылар көбінесе бір жылдық нәтижелерді тіркейді немесе теңгемен есептейді — онда көрініс басқаша. Нәтижесінде бір жылы қор облигацияларды қайта бағалауға байланысты минус көрсетуі мүмкін, келесі жылы — плюс. Бұл қалыпты нарықтық динамика, ешкімнің қатесі емес», — деп түсіндіреді Расул Рысмамбетов.
Бәрі жоспардағыдай ма?
Сарапшылар расымен дұрыс айтса да, Ұлттық банк оптимизмін жоғалтпай отыр. Тамызда реттеуші орган Ұлттық қор активтері үш ай қатарынан өскенін, және өткен жылғы деңгейге жақындағанын хабарлады. Шілде айының соңында оның валюталық бөлігі 60,5 млрд доллар деп бағаланған — бұл 2024 жылдың қарашасынан бергі ең жақсы көрсеткіш.
Мәселе мұнда — бұл оптимизм ресми экономикалық жоспарлармен сәйкес келмейді. Экономика министрлігінің болжамына сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Ұлттық қордың таза валюта активтері 57,2 млрд доллар болады, яғни шілдедегі көрсеткіштен 3 миллиард долларға аз. Бұған қарап, жобада бюджеттік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кезекті қаражат алу ескерілген деген тұжырым жасауға болады.
Алдағы болашаққа министрліктің жоспары аса батыл: 2028 жылға қарай валюта активтері 68,6 млрд долларға дейін жетуі тиіс, егер мұнай баррелінің бағасы 60 доллар деңгейінде болса, әрине. Бірақ қазіргі түсім мен алым арасындағы тепе-теңдікті ескерсек, бұл жоспардың жүзеге асуы күмән тудырады.
«Былайша қарағанда жоспар оптимистік болып көрінеді. 2025 жылдың соңына дейін 57 млрд-тан бастап, 2028 жылға қарай 69 млрд-қа жету үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс: мұнай бағасы барреліне 60 доллардан төмен түспеуі керек, бюджетке трансферттер азаюы тиіс, ал квазимемлекеттік сектор қосымша қаржыландыру талап етпеуі қажет. Ал қазір біз керісінше жағдайды көріп отырмыз: қордан түсімнен артық ақша алынып жатыр. Сондықтан, болжамды көрсеткіштің төмен болатын ықтималдығы жоғары. Жаңа шикізаттық суперцикл болмаса, 62-64 млрд доллар деңгейі шындыққа жанасады», — дейді Расул Рысмамбетов.
2025 жылдың қорытындысы — Ұлттық банктің оптимизмінің қаншалықты негізді екенін және сарапшылардың болжамы қаншалықты әділетті екенін көрсетеді.
Жыл басында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2024 жылға арналған ақша-несие саясаты қорытындылары мен ақша-кредит реттеушісінің жоспарлары туралы баяндап берген еді.
Жаңалықтар
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды