ҰҚШҰ тұрақты кеңесін Марат Сыздықов басқарады

cover

ҰҚШҰ тұрақты кеңесінің 2024 жылғы бірінші отырысы басталды.

Ұйымға төрағалықтың Беларусьтен Қазақстанға ауысуына байланысты төрағалық етуді Қазақстан Республикасының ҰҚШҰ жанындағы тұрақты өкілі Марат Сыздықов атқарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 23 қарашасында өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан төрағалық ету кезінде басымдық беретін салаларды атады. Атап айтқанда:

әскери кадрларды даярлаудағы ынтымақтастықты жалғастыру;

ҰҚШҰ бітімгершілік әлеуетін ашу;
халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру бойынша ынтымақтастықты дамыту;

есірткі және психотроптық заттардың, оның ішінде синтетикалық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес;

қарудың заңсыз айналымымен және ұйымдасқан трансұлттық қылмыспен күресу;

төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою мәселесі бойынша ынтымақтастықты тереңдету;

ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресу.

Қазақстан президенті сондай-ақ ҰҚШҰ ұжымдық күштерін жедел орналастыру бойынша, атап айтқанда, әскери контингенттердің кедергісіз және тоқтаусыз транзиті бойынша құқықтық базаны пысықтауға шақырды.

Кейінірек ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов те ҰҚШҰ Тоқаев белгілеген басымдықтарға сәйкес жұмыс істейтінін айтты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар