Түркістандағы секс-құлдық: 12 ер адамнан тұратын қылмыстық топ 8 ай бойы 17 жастағы қызды зорлап келген

cover Фото:Orda.kz

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 17 жастағы қыз 8 ай бойы секс-құлдықта болған. Алдымен бойжеткенді зорлаған ер адам оның туысы болып шықты. Артынша, дәл сол туысы қызды тағы 12 адамға «сатып»,   «қызметі» үшін олардан 20-30 мың көлемінде ақы алып отырған. Сорақысы сол, Мақтаарал аудандық полициясы тоғыз баптан тұратын қылмыстық істі небары бір ғана баппен қозғап отыр. Өмірінің соңғы 8 айы тозақта өткен бойжеткенге қатысты оқиғаның егжей-тегжейін  Orda.kz тілшісі біліп қайтты.  

Бүгінгі баспасөз мәслихатында заңгер Инга Иманбай мен блогер Жан Ахмадиев және жәбірленуші бойжеткен қыз журналистерге оқиғаның мән-жайын ашық айтты. Естігенде төбе шашың тік тұрып, жағаңды ұстатарлық жағдайда полиция тарапынан «көз қысты, бармақ басты», деген іс-әрекеттердің де бар екені анықталды. Зорланған кезінде 17 жаста болған қыз аты-жөнін атамауды сұрады. Қорлық көрсеткен ер адам бойжеткеннің әкесімен жақсы араласқан әрі алыс туысы болып шықты. Оқиға 2024 жылдың тамызында басталған, Зәкір Түгішев атты 45 жастағы еркек қыз баланы көлік айдауды үйретемін деп алдап алып шығып, мақта өсіретін егін алқабына апарып, айдалада зорлаған екен.

«Алғашында ол мені Жетісайдан ауылға апарып тастаймын деді. Ол сол жерде такси жүргізеді. Мені алғаш рет үйге апарып тастады. Жолда ол мені неге жалғыз өзің жүрсің, көлік айдай аласың ба? мен бос уақытымда саған көлік айдауды үйретейін деп менің нөмірімді алып қалды. Ол кісі менің әкемді таниды,  ауылда барлығын білген соң мен оған сендім. Ертесіне ол маған хабарласып, менің бүгін қолым бос, жүр көлік айдауды үйретейін деді. Мен сол кезде шықтым, бірінші күні ол маған тиіспеді. Екінші күні мені өзінің мақта өсіретін егін алқабына апарып, көліктің артына отырып, маған бас салды. Мен шығып кетуге талпыныс жасаған сайын шашымнан тартып, ұрып-соғып, арам ойын іске асырды. Зорлап біткен соң менің тыржалаңаш түрімді телефонына түсіріп алды. Содан ол кісі маған егер болған оқиғаны біреуге айтар болсаң мына бейнежазбаны бүкіл ауылға таратып, абыройыңды айрандай төгемін деп қорқытты», –  деді бойжеткен.

Қыздың сол кештен кнйінгі өмірі тозаққа айналды. Күдікті түсіріп алған бейнежазба одан кейінгі 8 ай бойғы зорлыққа себеп болған, яғни сол видеомен қызды қорқытып, оны тек өзі ғана зорлап қоймай, таныс достарына ашық түрде «сата» бастаған.

 Сұмдығы сол қызды «сатқан» ақшамен егістік алқабында істеген еркектердің еңбек ақысын төлеп немесе қарыздарынан құтылғанша осы қызды «сатып» отырған екен.

«Мені еркімнен тыс басқа ер адамдарға сатты. Яғни, сол баяғы егін алқабына апарып мені зорлатқызды. Ол сол үшін 20-30 мың көлемінде ақша алды. Оған қоса ол сол мақта өсіретін егін алғабында тракторшы немесе басқа да сол арада жұмыс істейтін адамдардың еңбегінің ақысы ретінде де мені «сатты». Олардың арасында мені бір емес бірнеше рет зорлаған еркектер бар. Кейібреулеріне мені үйлеріне апарып тастап зорлататын. Мен ол ер адамдарға еркімнен тыс мені мәжбүрлеп алып келгенін айтсам да олар мені аямай, маған білгендерін істеді. Олар маған э сені Зәкір Түгішевтен сатып алдым деп айтатын», – дейді өмірі тозаққа айналған қыз.


Ол болған жайттарды ешкімге айтпасын деп қызды құлдықта ұстап, ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсетіп отырған. Бойжеткеннің айтуынша, 11 ер адамды бұрын-соңды танымаған, барлығы Зәкір Түгішевтің достары екен. Ақыры әбден қорлыққа шыдамаған соң, кезекті рет күдікті келгенде қыз шықпайтынын айтқан. Сол кезде Түгішев осы уақытқа дейін қызды бопсалап келген бейнежазбаны  WhatsApp мессенджері арқылы ауылдың адамдарына таратып жіберген. Содан қыздың туыстары біліп, тек сол кезде ғана қыз барлық 8 ай бойы көрген қорлығын ата-анасы мен туыстарына айтып берген. Олар полицияға барып арыз жазған соң 11 адамның 6-уы табылып жәбірленушімен беттестіру болған екен.

«Мені полиция бөлімшесінде алты адам мен Зәкір Түгішевпен беттестірді, басты күдікті мен екі ер адам маған жасаған іс-әрекеттерін мойындады, алайда, оның барлығы ешқандай іске тіркелмеді. Зәкірдің туыстары біздің үйге келіп ақша ұсынды, үй алып береміз, арызыңды қайтарып ал деп үгіттеді. Оған қоса  бәрібір қолдарыңнан ештеңе келмейді, барлығын ақшамен шешіп аламыз деп айтты», – деді қыз бала.

Бойжеткен бейнежазба тарап, іс қозғалған соң өмірден баз кешіп, өз-өзіне бір емес төрт рет қол жұмсап, ауруханаға түскен.

Фото: Orda.kz

Баспасөз мәслихатында блогер Жан Ахмадиевтің айтуынша, Түркістанда үнемі осындай істерге ақсақалдар алқасы араласып, істі полицияға дейін апармай, екі жақты келістіріп шешіп тастайды екен.

«Жәбірленуші қыздың үйіне сол ауылдың ақсақалдар алқасы, мектеп директоры барып кешірім сұраған, директордың бұл жерде қандай қатысы бар? Оны түсінбедік. Сонымен қатар, бұлар тұратын ауылдың аты бұрынғы әкім Қайдар Түгішевтің атымен аталған, ол бойжеткенге қорлық көрсеткен күдікті Зәкір Түгішевтің туысы. Яғни, ол бұрынғы әкімнің орынбасары болып шықты. Сондықтан да істің басын қысқа қайырып, барлығы кешірім сұрап, бүкіл қылмыстық құрамды жоққа санап отыр» , – деді блогер Амадиев.

Қазіргі уақытта Зәкір Түгішев уақытша ұстау изоляторында жатыр, дегенмен  іс адам зорлау бабы бойынша емес, 147 бап бойынша, яғни,  адамның жеке өміріне қол сұғушылық бабымен қозғалған. Нақтырақ айтсақ, полиция бойжеткенді алғаш зорлаған кездегі оны тыржалаңаш бейнежазбаға түсіріп,  таратып жібергені үшін іс қозғапты. Қазір сот 147 бап бойынша өтіп, үкім шығуға таяды.

Сонымен қатар, қызды зорлағандардың арасында екі ер адам бұған дейін қыздарды зорлап, жазадан құтылып кеткен екен. Заңгер Иманбайдың айтуынша, құқық қорғау органдары сол кезде оларға тиісті жазасын беріп, темір торға тықпаған соң келесі құрбандарын зорлады. 

«Бұл істе бір ғана басты күдіктінің ісі қаралып жатыр оның үстіне қылмыс құрамы бір емес тоғыз бап бойынша қозғалуы тиіс. 17 жасар қызға 12 ер адамнан тұратын қылмыстық топ зорлық жасады. Бұл жердегі баптарға тоқталар болсақ;

    1. 120-бабы – Зорлау, 
    1. 121-бабы – Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер,
    1. 123-бабы – Кәмелетке толмағанды азғырып, жыныстық қатынасқа тарту. 
    1. 134-бабы – Кәмелетке толмағанды азғындық жолға түсіру.
    1. 125-бабы – Адамды сатып алу-сату немесе пайдалану мақсатында бостандығынан айыру.
    1.  194-бабы – Бопсалау
    1. 147-бабы – Жеке өмірге қол сұғушылық
    1. 146-бабы – Азаптау
    1. 105-бабы – Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу

Ал қазіргі таңда іс небары 147 баппен, яғни жеке адамның өмірне қол сұғу, яғни, алғаш зорланған кездегі бейнежазбасын таратқаны үшін қозғалып, сот жүріп жатыр. Нәтижесінде ол адам айыппұлмен құтылып немесе 3 жылға бас бостандығынан шектеледі. Бұл іс бойынша басты күдікті өмір бойына, ал қалған 11 ер адам кәмелеттік жастағы қызды еркінен тыс бір емес бірнеше рет зорлағаны үшін кем дегенде 13-15 жылға сотталуы керек. Егер бұл іс жоғарыда айтылған баптар бойынша қозғалмаса, құқық  қорғау органдарының адам өміріне соншалықты немқұрайлы қарайтынын дәлелдейді», - деді заңгер Иманбай.

Біз оқиғаға қатысты Түркістан облысының полиция департаментіне сұрау салдық.

 
«Тергеу кезінде арызданушының уәждері ескеріле отырып, барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес жәбірленушінің уәждері өз дәлелін таппады. Қазіргі уақытта қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты «Зорлау» фактісімен қозғалған іс тоқтатылды» деп жазылған Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Orda.kz оқиғаның алдағы уақытта қалай дамитынын өз бақылауына алды. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар