Түркістандағы халықаралық әуежай инвесторға берілетін болды ма?

cover

Халықаралық әуежайды сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі келіссөздер жалғасып жатыр. Облыстық көлік басқармасы әлеуетті инвестормен диалог жүргізіліп жатқанын растады, тараптар болашақ ынтымақтастық форматының егжей-тегжейін талқылауда, деп хабарлайды Orda.kz.       

Жалпы, Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар 20 әуежай бар. Олардың басым бөлігі мемлекет меншігінде болса, қалғандары сатылған немесе сенімгерлік басқаруға берілген.

Атап айтатын болсақ, Ақтау, Петропавл, Астана, Көкшетау және Шымкент қалаларында сенімгерлік басқаруға берілген бес әуежайдың үшеуін Түркия мен БАӘ-нің шетелдік компаниялары басқарады. Бірақ, әуежайлар иелерінің арасында екі шетелдік ұйым, қазақстандық әуе компаниясы, долларлық миллиардер Тимур Турлов және «Қазақмыс» корпорациясы бар. Бұл ретте Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей және Балқаштағы 10 әуежай бұрынғысынша мемлекет меншігінде қалып отыр.

Түркістанға қатысты әңгіме жүк әуе тасымалдары саласында жұмыс істейтін қазақстандық оператор — Alpha Sky компаниясына әуежайды сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі туралы болып отыр. Бұл ретте қарастырылып отырған формат нысанды сатып алу құқығын көздемейтіні атап өтілді.

«Түркістан облысының әкімдігі әуежайдың меншік құқығын өзінде қалдырады және инвестормен бірлесіп инфрақұрылымды дамыту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр» деп мәлімдеді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.


Ведомство өкілдері келісім шарттарының толық мәліметі келіссөздер аяқталғаннан кейін жарияланатынын нақтылады. Қазіргі таңда тараптар ықтимал ынтымақтастық параметрлерін талқылауды жалғастырып жатыр.

Айтпақшы, 2024 жылғы 30 мамырда Тимур Турлов Қарағандыдағы ​​«Сарыарқа» әуежайына иелік ететін компания – «Sky Service» акцияларының басым бөлігін сатып алғаны белгілі болды. Қазір оның «Turlov Private Holding» компаниясы әуежайдың 60%, ал Ерлан Оспанов 35%, Айдан Ақанов 5% акциясына иелік етеді.

Еліміздегі жеке меншіктегі әуежайлар келесідей:

  • Халықаралық «Сарыарқа» әуежайы «Sky Service» ЖШС,
  • Халықаралық «Әулие ата» әуежайы «SCAT» АҚ,
  • Жезқазған әуежайы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС,
  • Алматы халықаралық әуежайы түркиялық «TAV Airports Holding» компаниясына тиесілі.

Ал, Түркістан халықаралық әуежайын 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру 2025 жылдың соңына дейін жоспарланған болатын. Негізгі мақсаттар ретінде жолаушылар ағынын арттыру, жүк тасымалдарын дамыту және өңірдің туристік тартымдылығын күшейту аталды.

Болашақ басқарушыға бірқатар нақты міндеттер жүктелмек, оның ішінде жаңа әуе бағыттарын ашу, тасымал көлемін ұлғайту және әуежайды үш жыл ішінде өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығару бар.

Әуежайды басқаруға әр кезеңде қазақстандық та, шетелдік те компаниялар қызығушылық танытты. Олардың қатарында Qazaq Air, Fly Arystan, Alpha Sky, Turkish Cargo, MNG, ASL Airlines және Sovico Group бар.

Бастапқыда ынтымақтастық туралы меморандум вьетнамдық Sovico Group компаниясымен жасалған еді, алайда тараптар шарттар бойынша ортақ келісімге келе алмады, нәтижесінде инвестор жобадан бас тартты.

Еске сала кетейік, Түркістан халықаралық әуежайы 2020 жылы ашылып, облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінде тұр. Сонымен бірге нысан әлі де шығынды болып қалып отыр: қолданыстағы жолаушылар ағыны мен жүк айналымы болып жатұан шығындарды толық өтеуге жеткіліксіз екен.

Әуежай төрт халықаралық және жеті ішкі бағыт бойынша тұрақты рейстерге қызмет көрсетеді. Ұшуларды Turkish Airlines, SCAT, Fly Arystan, Qazaq Air, Wizz Air Abu Dhabi және Jazeera Airways әуе компаниялары орындайды.

Дегенмен қаңтар айынан бастап Орал — Түркістан бағыты бойынша әуе рейстері де қайта жанданды.

Екі жыл бұрын Түркістан қаласындағы «Неке сарайы» ғимараты мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында «Бастама KZ» ЖШС-на сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілгені белгілі болды. Сондай-ақ, «Шығыс моншасы» ғимараты ашық веб-портал арқылы 5 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді.

Былтыр жыл бастала салысымен халық билет бағасының өсіп кеткеніне шағымданып, Алматы әуежайының президенті билет бағасына қатысты шағымдарға пікір білдірген болатын. Осының салдары ретінде Алматы әуежайының өкілдері Алматы халықаралық әуежайын басқарушы компания ең жоғары стандарттар мен жергілікті заңнаманы қатаң сақтайтынын айтқан еді. 

Кеше ғана көлік министрлігі Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынатынын мәлімдеді. Ведомство хабарлағандай қазіргі уақытта әуежай құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеу және жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыс биыл басталады екен. 

Сонымен қатар 2030 жылға дейін елде көлік инфрақұрылымын жақсарту жобасы іске асырылады, оның ішінде 4,7 мың шақырым жаңа автожол салынып, 3,7 мың шақырымы I санатқа жатқызылады. Сондай-ақ, 2025 жылы 225 жаңа теміржол вагоны сатып алынады.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар