Түркістанда тілсіз жау 12 адамның, оның ішінде тоғыз баланың өмірін жалмады

cover Фото: Pixabay

Түркістан облысының Алғабас ауылында бүгін таңертең екі қабатты үйден шыққан өрттен 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы бала, деп хабарлайды Orda.kz.

Өрт сөндірушілер жеткен кезде үй толығымен жанып жатқан. Құтқарушылар тексеру барысында ес-түссіз жатқан үш адамды сыртқа шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған. Үйдің ішінен 12 адамның денесі табылды, олардың тоғызы – балалар.

Көршілердің айтуынша, үйде қонақтар болған.

Өрт 360 шаршы метр аумақта сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызмет жұмысын жалғастырып жатыр. Тергеу басталды, өрттің себебі анықталып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өртке байланысты көңіл айтты. Ол облыс әкімдігіне зардап шеккендердің туыстарына барлық қажетті көмекті ұйымдастырып, қайғылы оқиғаның мән-жайын толық тексеруді тапсырды.

Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева оқиғаның егжей-тегжейін бөлісті. Оның айтуынша, «үйде екі отбасы тұрған, ата-аналар мен балалар бірге болған. Өрт кезінде шатыр қирап түскен».

Оқиға орнына өңірлік уәкіл мен психологтар тобы жіберілді.

Облыстық полиция департаменті өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар