«Тұрғындар жолды жауып тастады»: Көксу өзенінен қиыршық тас тасығандар тексеріледі

cover Фото: pixabay

Жетісу облысы Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылында жергілікті тұрғындар мен Көксу өзенінің арнасынан қиыршық тас алған мердігерлер арасында жанжал туындады. Ауыл тұрғындары мердігер қиыршық тасты арна салу үшін емес, жеке жанармай құю станциясын салу үшін алып жатқанына сенімді, деп хабарлайды Orda.kz. 

Halyqstan Telegram-арнасының мәліметіне қарасақ, ауыл тұрғындары қиыршық тас тиелген жүк көліктері арнаға емес, Талдықорған қаласының жаңа жанармай құю бекетіне қарай бет алғанын байқаған. Олар бұл RP жанармай құю бекеті екенін айтты. Кейін ашуға булыққан тұрғындар ауыр техника жүретін жолды жауып тастады.

Қазір Көксу өзенінің жағалауы бұзылып, суы ластанып, балығы жойылып бара жатыр екен.

«Біз осы өзеннің жанында тұрамыз. Мал бағамыз. Біз әр көлікті, әр рейсті көреміз. Олар бізге құжаттарын көрсетсін! Егер бәрі заңды болса дәлелдесін! Бірақ әзірге біз «мемлекеттік жоба» деген атпен табиғи байлығымызды жеке құрылысқа тасу жұмыстары жүріп жатқанын ғана көріп отырмыз», — дейді тұрғындар. 

Еңбекшіқазақ ауылының тұрғындары экологтардың келуін, прокуратураның тексеруін және әкімдіктің ресми түсініктеме беруді талап етті. 

Ауыл тұрғындары жолды жауып, ауыр техниканың қозғалысына тосқауыл қойғаннан кейін оқиға орнына жергілікті атқарушы билік өкілдері мен жол полициясының қызметкерлері келді. Полицейлер Көксу өзенінің арнасынан қиыршық тас таситын жүк көліктеріне айыппұл сала бастады. 

Қоғамдық резонанстан кейін аудан әкімдігі қиыршық тастарды әкетуге рұқсатты кім бергенін анықтайтын арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдады.

Көп өтпей, әкімдіктегілер «Halyqstan» Telegram-каналындағы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. 

«Жүргізіліп жатқан жұмыстар өзеннің қарама-қарсы жағында орналасқан Ескелді ауданы Жаңалық ауылын су тасқынынан қорғау мақсатында Көксу өзенінің арнасын тазарту және жағалауларды нығайту шеңберінде жүргізілуде. Жұмыстар Ескелді ауданы әкімдігі мен «Сапа РАА» ЖШС арасындағы келісім бойынша жүріп жатыр», - дейді әкімдіктегілер. 

Ескелді және Көксу аудандары әкімдерінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімі және мердігер ұйым өкілдері Еңбекшіқазақ ауылының тұрғындарымен кездесіп, барлық құжатты көрсетіп, бір келісімге келіпті. 

Айта кетейік, Ақтөбеде нағашы апайынан құқай көрген 5 балаға әкім пәтер береді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар