Туға арабша сөз жазған қыздардың тағы біреуіне жаза тағайындалды

cover

Қазақстан туына арабша жазу жазып суретке түскен никабтағы қыздардың 4-шісін сот әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған дейін қоғамда дау туғызған фотодағы 4 қыздың 3-уіне жаза қолданылған болатын. Бұл жолы кәмелеттік жасқа толмаған никабтағы тағы бір қыз сотқа тартылды. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.

«Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, уәкілетті тұлғалардың баянатымен және өзге де дәлелдемелермен толық расталды», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Заңға сәйкес ұсақ бұзақылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу көзделген.

Сот кәмелетке толмағанның заңды өкіліне 39 320 теңге көлемінде айыппұл салу туралы қаулы шығарды. Алайда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар