Тоқаев ұлттық қауіпсіздік және барлау қызметі мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды

cover

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік және барлау қызметі мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды, деп хабарлайды Orda.kz.

Құжатты Ақорда жариялады.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеруді қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды» делінген хабарламада.


Заң жобасының мақсаты ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру екені бұрын хабарланған болатын.

Тиісті комитеттің қорытындысында заң жобасымен 2 кодекс пен 11 заңға өзгерістер енгізілгені айтылған.

Осылайша, әскери-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс және қауіпсіздік қажеттіліктері үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал ететін нормаларды енгізу көзделуде.

Сонымен қатар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлерді  Мемлекеттік шекара нысандарын салу, дамыту және пайдалану және қорғаныс мұқтаждары үшін босалқы жерлерге ауыстыруға болады.

Заң жобасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарына жеке құрамды патриоттық, адамгершілік-рухани тәрбиелеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүргізу жүктелген.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қызметкерлерінің шекаралық бақылау кезінде мінез-құлық стандартын енгізу ұсынылды.

«Театр киім ілгіштен басталады» деген атақты драматург Станиславскийдің сөзі бар. Сол сияқты мемлекетімізбен танысу шекарадағы бекеттен, шекарашыдан, оның келбетінен, жүріс-тұрысынан көрінеді. Бүгінгі таңда Шекара қызметі қызметкерлерінің мінез-құлық стандарты реттелмеген, сондықтан біз осындай норма енгізіп жатырмыз», - деді депутат Айгүл Құспан.


Оның айтуынша, бұл стандарт шекаралық бақылау кезінде шекара қызметінің тәртібін егжей-тегжейлі қарастырады. Мысалы, азаматтармен, туристермен қарым-қатынас, оның сыртқы келбеті, жұмыс орнының жағдайы және т.б.

Сондай-ақ заң жобасында қылмыстық қудалау органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанға дейін мемлекеттік органдардың қызметін тексеру үшін аудиторларды тарту құқығын беру ұсынылды.

Сонымен қатар, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру тәртібін жетілдіруге және қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар қарастырылған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар