Тоқаев пәкістандық басылымға эксклюзив сұхбат берді
Фото: The News International
4 ақпанда Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берді, деп хабарлайды Orda.kz.
Әңгіме басында Президент Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен өткен кездесу барысы туралы айтты. Ол Пәкістан көшбасшысы туралы жылы пікір білдірді. Басылым Қазақстан президентін осылай сипаттапты:
«Сұңғақ бойлы, сабырлы Қазақстан президенті залға сенімді түрде кіріп, барлығымен жылы жүздесіп, қол алысты. Осыдан кейін кездесуіміз басталды. Алғашқы әсерден-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өзін еркін ұстайтын, тәжірибелі мемлекет қайраткері әрі өзіне сенімді тұлға ретінде көрінді. Тоқаев ең алдымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бастамашысы ретінде танымал. Бұл – мемлекеттік басқару философиясы. Оның астарында азаматтар сұранысын есту және олардың қажеттіліктерін мүмкіндіктерге, реформалар мен нақты шешімдерге айналдыру саясаты жатыр».
Орталық Азияда Қазақстан ең ықпалды әрі стратегиялық маңызы бар мемлекеттердің бірі ретінде ерекшеленеді. Ел президенті – полиглот. Ол қытай, орыс, ағылшын, француз және тағы бірнеше тілді еркін меңгерген. Бұл оның көпжылдық дипломатиялық қызметі мен жаһандық көзқарасының айқын көрінісі.
Пәкістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты сауда-инвестициялық ынтымақтастық тұрғысынан қалай бағалайсыз?
Қазақстан Пәкістанды халықаралық аренада беделге ие мемлекет, достас әрі стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап екі ел өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер мен жобалар бойынша табысты ынтымақтасып келеді.
Менің Пәкістанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарым серіктестікті кеңейтуге және қарым-қатынасымыздың жаңа тарауын ашуға маңызды қадам болды. Сапар барысында қол қойылған 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісімдер екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін беруге бағытталған.
Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарына көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да көптеген салалар жатады. Мен екі ел компаниялары үшін бірлескен кәсіпорындар құру және өзара тиімді жобаларды іске асыру арқылы үлкен мүмкіндіктер ашылады деп есептеймін.
Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – екіжақты тауар айналымының көлемін едәуір арттыру.
Пәкістан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі салалары қандай?
Серіктестігіміздің басты бағыттары – экономикалық өзара іс-қимыл және өңірлік байланыс. Біз жақсы саяси ниеттерді нақты экономикалық нәтижелерге айналдыруға, атап айтқанда, сауданы, инвестицияларды кеңейту және адамдар арасындағы байланыстарды дамыту арқылы ұмтыламыз. Біздің ел Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін дамытуға дайын. Біз бұл жобаны өңірлік интеграция мен Оңтүстік Азия нарықтарына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызды деп санаймыз. Пәкістанның да осы стратегиялық бағытта тығыз ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырғаны қуантады.
Журналист Тоқаевтан Америка Құрама Штаттарындағы қазіргі жағдайды, әсіресе Дональд Трамптың ішкі саясатын қалай бағалайтынын сұрады.
Тоқаев Трампты күшті әрі алысқа көз жүгіртетін көшбасшы деп атады.
«Мен оның тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған саясатын қолдаймын. Қазақстанда да мен бүгінгі күрделі жаһандық жағдайда елімізді нығайтуға бағытталған ұқсас саяси бағытты ұстанамын. Барлық азаматтар заңды қатаң сақтап, құқық қорғау органдарына құрметпен қарауы тиіс деп есептеймін», — деді президент.
Неліктен Қазақстан Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады?
Қазақстан әрдайым бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалогтың берік жақтаушысы болып келеді. Идеясы президент Трампқа тиесілі Авраам келісімдері – шын мәнінде көреген бастама. Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар, біз палестиналық халықты қолдаймыз.
Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, Авраам келісімдеріне қосылу инвестиция тарту, озық технологиялар мен басқа да нақты экономикалық пайда үшін берік негіз қалайды. Қазақстанның бұл келісімдерге қосылуы арабтар мен еврейлер арасындағы қазіргі жақындасуды кеңірек мұсылман-иудей диалогына ұластырады деп үміттенемін.
Давоста сіз бен премьер-министр Шахбаз Шариф Бейбітшілік кеңесін құру туралы келісімге қол қойдыңыздар. Кейбіреулер мұны БҰҰ-ға балама жасау талпынысы деп санайды. Сіздің бағалауыңыз қандай?
Бейбітшілік кеңесі – жедел әрі тиімді нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған өзекті бастама. Президент Трамптың өзі жарғыға қол қою рәсімінде бұл кеңес БҰҰ-ның күш-жігерін алмастыру емес, керісінше толықтыру үшін құрылғанын атап өтті. Өкінішке қарай, БҰҰ қазір институционалдық қиындықтарды бастан өткеруде. Бұл бастаманың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2803-резолюциясын іске асыруға ықпал етуі ерекше маңызды. Онда бейбітшілікті халықаралық заңдылық пен тиімді көшбасшылық негізінде құру қажеттігі айтылған.
Журналист Қазақстан басшысынан Газа секторы үшін ұзақ мерзімді, тұрақты бейбіт жоспардың болашағы бар-жоғын сұрады.
Тоқаев Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер ұсынған жоспар жақсы ойластырылғанын, кейбір қырларында ол бейбітшілік пен өркендеудің орнықты негізін қалыптастыруға бағытталған даму жобасына ұқсайтынын айтты.
Журналист Тоқаевқа «Украина мен Ресей арасындағы соғыста ықтимал делдал бола аласыз ба?», деп сұрады.
«Шынында да жағдай өте күрделі, мұнда басты мәселе – аумақтық сұрақ. Қазақстан қақтығысты тек саяси және дипломатиялық жолмен реттеуді дәйекті түрде қолдайды. Біздің ойымызша, бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – қарсы тараптарды келіссөз үстеліне отырғызу. Қазақстан өзін делдал рөліне ұсынбайды. Дегенмен, мүмкіндік туындаған жағдайда, бейтарап алаң ұсыну арқылы көмектесуге әрдайым дайын», деді елбасы.
Тәжірибелі дипломат ретінде Гренландия аумағын әскери жолмен басып алу мүмкін деп санайсыз ба?
Мен бұл жағдайға сәл басқаша қарар едім. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттердің белгілі бір аумақтарды немесе стратегиялық нысандарды ұзақ мерзімге жалға алу туралы келісімдер жасайтын мысалдары аз емес. Көбіне бұл ортақ өзара тиімді мақсаттарға жету үшін жүзеге асады. Мұндай кез келген шешім халықаралық құқық аясында, мемлекеттердің егемендігін және БҰҰ Жарғысында бекітілген қағидаттарды құрметтеу негізінде қарастырылуы тиіс.
Мүмкін нұсқалардың бірі – АҚШ пен Дания арасында Гренландияны 120 жылға жалға алу туралы келісім жасау болуы мүмкін. Бұл жағдайда Гренландия заңды түрде Данияның құрамында қалады, яғни оның егемендігі бұзылмайды, ал келісімнің практикалық аспектілері ортақ стратегиялық мүдделерге сай келеді.
Қазір Қазақстанда Конституцияға маңызды түзетулер талқылануда. Бұл өзгерістердің мәні неде?
Еліміз өз тарихындағы ең ауқымды саяси трансформация үдерістерінің бірін бастан өткеріп жатыр. Оның мақсаты – прогресс жетістіктерін бүкіл қоғамға әділ бөлу. Біз мемлекетті жаңғыртуға және әділетті Қазақстан құруға бағытталған шаралар қабылдадық.
Қазір біз саяси жаңғыртудың жаңа кезеңіне аяқ бастық. Негізгі реформалардың қатарында бір палаталы парламент пен Халық Кеңесін құру, сондай-ақ вице-президент лауазымын енгізу бар. Адам құқықтары мен бостандықтары – ұлттың ең жоғары басымдығы ретінде жарияланды. Ал бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім сияқты құндылықтар біздің мемлекеттілігіміздің негізін құрайды.
Тоқаев сұхбат барысында Қазақстанның экономикасына да тоқталды. Елдің жоғары экономикалық өсімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Инвестициялық саясаттың тұрақты, ашық және болжамды іскерлік ортаны қолдауға бағытталғанын айтты.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Қызылқайраттағы қанды оқиға: Адам өлімі мен бала ұрлау, тергеушілердің ісі сотқа өтті
- «Ақтайтын негіз жоқ»: Сәденов Шымкент полициясын қатаң сынап тастады
- Павлодарда «қандас» құжатын жасап алған ауғанстандық азамат әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған
- Тоқаев пәкістандық басылымға эксклюзив сұхбат берді
- Алматылықтардың 1000-нан астам үйі мен жер телімі сүріледі: Әкімдік орнына не салмақшы?
- Алматыда жүргізуші рөлде келе жатып жүрегі ұстап қайтыс болды, салдарынан 5 көлік соқтығысты
- Автокөлік нөміріне онлайн қалай өтініш беруге болады?
- Жетісу облысында жер сілкінісі сезілді
- Мектеп оқушылары қосымша бір апта демалады
- Жерде магниттік дауыл басталды: Қандай өзгеріс болады?
- Нұрай ісі: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
- Масамен күреске 13,6 млрд теңге бөлінбек: Павлодар облысы әкімдігі бұған не дейді?
- Түркістан облысында заңсыз алтын өндірген 12 адам тергеуге алынды
- Зеленский украиналық 55 мың сарбаз қаза тапқанын мәлімдеді
- Милан Олимпиадасының спорттық сайыстары басталды
- Блогерлер ісі: Жаңабыловтарға қатысты тергеу аяқталды
- Жапонияда қалың қардан қаза тапқандар саны 35 адамға жетті
- Петропавл маңындағы орманда үсіп қалған 18 жастағы жігіттің денесі табылды
- Министрлік қызылша ауруы өршуіне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады
- Пәкістандықтар Тоқаевты саясат қайраткерлеріне берілетін орденмен марапаттады