Тараз тұрғыны «өзін-өзі тонап», қарақшылық туралы экшн сценарий ойлап тапқан

cover Фото: Ашық дереккөзден

Тараз тұрғыны күйеуінен алтын сатқанын жасыру үшін «өзін-өзі тонап» жалған мәлімдеме жасаған. Таразда бетперде киген қарақшының шабуылы туралы хабар жалған болып шықты, деп хабарлайды Orda.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараз қаласының тұрғыны құқық қорғау органдарына өзін шабуыл құрбаны ретінде көрсеткен. Оның сөзінше, үйіне бетперде киген белгісіз ер адам кіріп, қарумен қорқытып, қолын байлап, алтын әшекейлері мен ақшасын алып кеткен. Әйелдің арызынан кейін полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап, жедел қызметті іске қосқан.

Алайда көп ұзамай мұндай шабуылдың мүлде болмағаны анықталды.

«Әйел күйеуімен жанжалдан құтылу үшін қарақшы туралы оқиғаны ойдан шығарған. Шын мәнінде, ол алтын әшекейлерін бірнеше ай бұрын күйеуінің рұқсатынсыз сатып жіберген», деп хабарлады полиция. 

Енді әйелдің өзі заң алдында жауапқа тартылуы мүмкін. Полицияға жалған хабар бергені үшін оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы — көрінеу жалған шақыру бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл бапқа сәйкес жеке тұлғаларға 60 айлық есептік көрсеткіш (259 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Еске салсақ, былтыр жолаушының қылжағына бола әуежайдың жұмысы тоқтап, бүкіл Атырау әуре-сарсаңға түскенін жазғанбыз.   Атырау облысының полиция қызметкерлері мен ҰҚКД жолаушыларды эвакуациялап, терминалды қоршап алып, шұғыл қызметтерді шақырған. Тексеру қауіпсіздік бойынша алаңдайтын негіз жоқ екенін көрсетті.  «Қылжақбас» жарылыс туралы жалған хабар бергені үшін жауапқа тартылды.

Бұл жағдайда полиция істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы — терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша тіркеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар