Алматы қаласының Бостандық ауданында орналасқан Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қайғылы жағдай болды. 2 жастағы Елдана Асқардың өліміне ата-анасы баланың жағдайына салғырт қараған дәрігерлерді кінәлап отыр.
Фатима есімді марқұмның анасы Orda тілшісіне оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді.
Оқиға 1 қазан күні басталған. Сап-сау ойнап жүрген бала ауырып, құсқан соң, дәрігерлерді шақырып, инфекциялық ауруханаға алып барған.
«Баламда ешқандай да іш өту болмады. Бізге бастапқыда «Энтервирус» деп айтты. Бізді түнде 4-бөлімнің 2-палатасына жатқызды. Баланың тамырына тамшылатқыш қойған соң, басылды. Келесі күні дәрігер келіп, баламды тексеріп, не себепті түскенімізді сұрады. Кейін томография, жүрекке УДЗ сияқты тексерістен өту керек екенімізді айтты және біз солардың барлығынан өттік. Анализ бойынша жаман ештеңе айтпады, барлығы жақсы деп айтты», – деді Елдананың анасы Фатима.
Фатиманың айтуынша, 3 қазан күні барлығы жақсы болып, ауруханадан шығуға жиналып жатқан. Анасы қызына түскі асын берген соң, бала қайтадан құсып, тағы да ауруханада қалуға мәжбүр болған.
«Мен дәрігерлерден бөлек палата сұрадым. Алайда олар маған бос палата жоқ екенін айтты. Шамалы уақыт өткен соң, дәрігерлер келіп, бір палатаның босағанын айтып, сол жаққа жатқызды. Ол жұма күні, 3 қазан кешке болды. Дәрігерлер тарап кетті. Демалыс күндері кезекші дәрігер ауысып, сенбі күні денсаулығы жақсарды».
Анасының сөзінше, 5 қазан күні кешке Елдана ішін ұстап жылай бастаған. Дәрігерлерді шақырып, олар бала мен ананы хирургке жіберген. Хирург балаға клизма, УДЗ және сәулелік тексеру (рентген) жасайтынын айтқан. Сол екі ортада бала тағы да құсып, жағдай нашарлаған.
«УДЗ-ға түсірген дәрігер баланың құсқанына қарап түрі бұзылды және баланы жылдам тексерді. Баланы көтеріп, рентгенография алып бардық. Кейін рентген мен УДЗ-ның шешіміне қарап, хирург стационарға жатқызуға еш негіз жоқ екенін айтып, бізді қайтарып жіберді. Бізді қайтадан инфекциялық ауруханаға жатқызды. Бізді станционарға жатудан бас тартты. Ешқандай қағаз да берген жоқ және ештеңеге қол да қоймадық. Тек қана «барып әрі қарай емделіңдер» деп қайтарып жіберді».
Фатима инфекциялық ауруханаға қайта барғанда бала тағы да жылағанын, кейін дәрігерді шақырып, оған қайтадан тамшылатқыш ине салғанын айтты.
«Дәрігер қайтадан келген соң, баланың тамырына тамшылатқыш қоятынын айтты. Дәрілерді дайындап жатқан сәтте мен қандай дәрі еккелі жатқанын сұрадым. Олар маған физиологиялық ерітінді, димедрол және анальгин екенін айтты. Ал дәріні қоятын кезде баламның тамыры ісініп кете берді, яғни олар біраз уақыт тамшылатқыш қоя алмады. Қызым қатты жылап, дәрігерлер мені палатадан шығарып жіберді».
Димедролдан кейін бала ұйықтап, түнде оны шөл қысқан. Анасы жылы суын беріп қайтадан ұйықтатқан. Баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп жүрген ана бір кезде қызының қолы мен аяғы салқындай бастағанын сезген. Дәрігерлерді шақырып неліктен оның денесі суып жатқанын сұрағанда олар: «Дәрінің әсері» деп жауап қатқан.
«Сол кезде дәрігер баланы қолымен ұстап тексеруге дәті бармады. Тек қана сөзбен бәрі жақсы екенін айтты. Сатурацияны әкеліп өлшегенде 75 деп көрсетіп тұрды. Бұл өте төмен. Сол кезде мен шошып кеттім, ал олар болса сатурацияның істемейтінін алға тартып, басқасын әкеп өлшеді. Ол 90-нан жоғары көрсетіп, дәрігерлер барлығы нормада екенін айтты. Сәлден соң бала тағы жылады. Ал дәрігерлер оны бағанадан бері тамырына ине салып, түрлі заттар істегеннен баланың шошынып қалғанын айтып, тыныштандыратын дәрі берді».
«Таң қашан атады?»
Фатима осы жағдайдан кейін тыныштандыратын дәрісіз сабыр сақтай алмайтынын айтты.
«Сағат таңғы 4:00-дің кезі. Мен қызымды уайымдап ұйықтай алмай жүрмін. Ойымда тек: «таң қашан атады, дәрігерлер қашан келеді. Мынаның бәрі қашан бітеді?» деген көкейімде сұрақ болды. Уайымнан қайта-қайта аурухананың дәлізіне шығып қарай бердім, бірақ ешкім жоқ. Бәрі шырт ұйқыда. Таңғы 7:00-де бізге ас берді. Елдана таңғы ас ішкенде нанға май жағып, шай ішкенді ұнататын еді. Таңертең ұйқысынан тұрған соң, тағы да су сұрады. Шай ішетінін сұрағанда қатты шөлдеген-ау, сол шайды аса сүйіспеншілікпен ішті. Алайда қайтадан жатып қалды. Нанға май жағып берсем, жемеді».
Фатиманың сөзінше, ол таңертең анализ сараптамаларын алуға қызын алып барған. Бірақ анализ алу кезінде қан шықпай, сығып отырып әрең алған. Қан алып, палатаға қайта келгенде қызының жүрегі қатты соға бастағанын, ерні көгеріп, денесі жансызданып бара жатқанын байқаған. Баласын көтеріп, тағы да дәрігерлерге жүгіріп барған.
«Қолымнан баланы алып, оған дереу шара қолданды, сол сәтте қызым жылай бастады. Ал мені шығарып жіберді. Күйеуіме хабарласып, тез келуін өтіндім. Сағат 8:30-дың кезінде жан сақтау бөліміне кіргізді. Барлық дәрігерлерді шақырып, сол кезде кислород қойып, қызымды 2-қабатқа алып кетті. Маған қызымның қайтқанын 6 қазан күні 11:40-та айтты».
Елдананың қайтқанын ата-анасына естірту үшін дәрігерлер түсіп ата-анасынан жауап алу үшін сұрақтар қойған. Олардың ойынша, дәрігерлер қандай аурумен ауырып қайтыс болғанын жазу үшін құжаттарды толтыра алмай отырған соң осылай сұраған. Ата-анасының сөзінше, қызының өліміне қатысы бар дәрігерлердің біреуі келіп кешірім сұрамаған.
Ал баласының қайтыс болғанын естігенде Фатима есінен танып құлаған. 2 жастағы періштенің өлімінен кейін аурухана әкімшілігі де үнсіз қалмады.
«Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының әкімшілігі болған оқиғаға қатты өкінеді және ата-аналарға қайғыра көңіл айтады», – деп мәлімдеді әкімшілік.
«Аман алып қалуға болар еді»
Адвокаттың сөзінше, балаға медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген және тексеріс жұмыстары дұрыс жүргізілмеген.
«Бұл жерде дәрігерлер диагнозды дұрыс қоя алмаған. Бала қайтыс болғаннан кейін барып, тексеру кезінде оның нақты неден қайтыс болғаны анықталды. Баланың ішегі бұралып кеткен. Егер барлық томография, УДЗ сынды тексеріс жұмыстары дұрыс жүргізілсе, балаға ота жасап, аман алып қалуға болатын еді. Бұл жерде дәрігерлердің қателігі – бала ішін көрсетіп, анасы шыр-пыр болып жүрсе де, демидрол беріп жатқызып қоя бергені. Солай 2 күн уақыт жоғалтқан», – деді адвокат Аида Қуандықова.
Аида Қуандықованың сөзінше, бала қайтыс болғаннан соң, полиция қызметкерлерін шақырған. Дәрігерлер баланың аурулары туралы қағаз беруі керек болған. Алайда полиция қызметкерлеріне бермей, 5 сағат тергеушіні күттіріп қойған.
«DamuMed» жүйесінде тұрған қағаздарды алып бермеді. Қазір ата-анасы дәрігерлер қылмыстық жауапкершіліктен қашу үшін жазбаларды өзгертіп тастады ма деп уайымдап отыр».
Orda тілшісі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне осы оқиға бойынша сауал жіберген болатын. Өз жауабында министрлік бұл іс бойынша Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын жазды.
«Сотқа дейінгі тергеу аясында баланың денесі патологоанатомиялық сараптамаға жіберілді. Патологоанатомиялық сараптаманың қорытындысы бойынша Комитеттің Алматы қаласындағы департаменті жоспардан тыс тексеруді бастады. Тергеулер мен тексерулердің нәтижелері бойынша жауапты тұлғаларға қатысты шаралар қабылданады», – деп жауап берді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Еске сала кетсек, бүгін Алматыда журналист Думан Мұхамедкәрім мен қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанның ісіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Олар қамауда отырған екі саяси тұтқынның денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жетіспегенін және құқықтарының тапталып жатқанын мәлімдеді.