Талғарда 14 жастағы баланы өлтіріп алған жасөспірімнің анасы өз шындығын айтты

cover Коллаж: Orda.kz

Талғар ауданына қарасты Қызылту ауданында болған екі жасөспірімнің арасындағы кикілжіңнен бала өлімі болды. Марқұмның әкесі 11-сынып оқушысы баланы ұрып құлатып, 17 күн жансақтау бөлімінде көз жұмды. Кейін марқұм Әлиханды жерлегеннен кейін, айыпталушы тарап марқұмның әкесін бандиттермен қорқытуға тырысты деді. Алайда Ерасылдың (есімі өзгертілді) анасы оны мүлдем жоққа шығарды және оның айтуынша, жағдай мүлдем басқаша болған. Оқиға қалай болды және екі баланың арасындағы кикілжің неден басталды?

Orda.kz тілшісіне Ерасылдың анасы Назгүл Әбіқан мәселе неден және қалай басталғаны туралы айтты.

Оқиға Ерасылдың жүріп жүрген қызынан басталған. Назгүлдің айтуынша, Әлихан Ерасылдың ұнатып жүрген қызын мазақ етіп, қылжақтаған.

«Жүріп жүрген қызын қорғап, басу айтқан ұлыма да тіл тигізіп, ауыр сөздер айтқан. Ал ертесі күні дүкеннің алдында кездейсоқ кездесіп қалған. Әкесі айтқандай әдейі, жоспарлы түрде емес. Содан амандасып, кешегі мәселені шешіп алу үшін оңаша жерге кетіп қалған. Ол жерде тепкілеп Әлиханды қан-жоса қылған деген мүлдем шындыққа жанаспайды», – деді Назгүл Әбіқан.

Анасының сөзінше, Ерасыл қорғанамын деп оны итеріп қалған кезде Әлихан шүйдесімен жерге құлап, есінен танып қалған. Осы оқиғадан кейін балалар маңайдағы үйлерге жүгіріп көмекке шақырған. Есік алдында көлік жөндеп жатқан ер адам екі баласымен жүгіріп келіп, оның әйелі жедел жәрдем шақырған. Жігіттің екі баласының бірі аяғын көтеріп, екінші баласы қасықпен тілін жұтып қоймас үшін ұстап тұрған.

«Басқалары бетіне су бүркіп, нашатыр спиртін әкеп баланың есін жыйғызуға тырысқан. Келген жедел жәрдемді менің балам жүгіріп күтіп алып, оқиға орнына алып келген. Әкесін де күтіп, баланы жедел жәрдем алып кеткенше сол жерде болған. Ешқандай да қашып кетіп, талып жатқан баланы тастап кету деген болмаған. Бұның өзі әкесі айтқандай әдейі, қасқана, жоспарлы түрде жасалған дүние деп айтқан сөзінің шындыққа жанаспайтынына дәлел». 

Назгүл халықтың тек айыптаушы тараптың сөзіне ілеспей, оның да сөзіне құлақ асуға және ұлын анық-қанағына жетпей қараламауға шақырды.

Кешірім сұрау үшін табалдырық тоздырған ана

Данияр Нұрғалиев өзінің берген сұхбатында айыпталушы тарап мүлдем кешірім сұрап келмегенін, екі жақ тараптың да қатесі бар екенін бір айтып, екінші келгенінде бандиттерді айтып қорқытуға тырысқанын мәлемдеген болатын. Ал Назгүл болса, оны мүлдем жоққа шығарды. 

«Бандиттерді айтып қорқытты деген – бос сөз. Мен олардың үйіне бардым. Барсам, әкесі үйіне кіргізбейді. Не баланың анасына көңіл айтқызбайды. Үлкендері де маңайына жолатпады. «Кет те кет, жоғал да жоғал» деп. Әкесінің інісі шығып алып, менің өзімді әрі-бері жұлқылап, «мүлдем келуші болма» деп мені кіргізбей қойды».

Мұнымен Назгүл мойымай тағы да сол үйге барған. Бұл жолы екі жақ тарапты елдестіру мақсатында қазақылыққа салынып, ауылдың үлкен қариясын ертіп алып келген.

«Одан кейін біз тағы да бардық. Бұл жолы мен екі жақты бітімге келу үшін қазақылық жолымен үлкен қарияны ертіп алып келдім. Сол кісі басу айтып, үйінде құран оқып шықты. Бірақ баяғыша бізді тағы да кіргізбеді».

Назгүл Әлихан жансақтау бөлімінде жатқан кезде, оның жағдайын білу үшін ауруханаға барып жүрген. Бірақ ашуға булыққан әкесі оны ауруханаға да кіргізбей қойған. Жалғызбасты ана көмек беруге тырысқанымен, ешқандай көмектің керек емес екенін айтып, қуып жіберіп отырған. 

«Мен де анамын түсінемін, бұндай жағдай ешкімнің басына салмасын. Бірақ мені мүлдем келмеді, келгеннің өзінде тек басқа ниетпен келді деп айтуларын мүлдем түсінбедім».

«Сұраған ақшасы үш ұйықтасам да түсіме кірмейді»

Ерасылдың анасы марқұмның әкесі оның бажасы арқылы хабарласып отыруды талап еткендерін айтты. Ал ана Даниярдың бажасымен бірнеше рет кездесуге барғанын айтты. Даниярдың бажасы оны көндіретінін Назгүлге айтып, олардың жүрегіне жылу ұялатқан.

«Тағы да кездесуге бардық. Ол бізді де сабырға шақырып, көндіруге тырысатынын айтты. Біз бірнеше адам болып бардық. Сол кезде кешірім үшін айтқан қаражат – жесір әйел менің, үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін көп ақша. Төбемнен жай түскендей болдым. Ол: «балаңның жағдайын ойласаң 1 аптаның ішінде тауып бер» дегенде мен толқып кеттім», – дейді ана.

Аталмыш оқиғаның тергеу амалдары әлі де жүргізіліп жатқандықтан, редакция сұралған ақшаның көлемін жария ете алмайды.

Ал Ерасылдың анасы қаражат көлемін естігенде, сасқанынан бірден өзінің үйін тегін беретінін айтқан. Алайда марқұмның отбасы Назгүлдің үйін алудан бас тартқан.

«Одан төмен қаражат туралы мүлдем айтушы да болмаңыз. Әрине, маған ондай ақша жинау мүмкін емес, бірақ баланың қайтыс болғанына қырық күн толғанында оның бажасына қайтадан хабарластым. Хабарласқанда да марқұмның қырқын өткізуге жәрдемдесейінші деген ниетпен хабарластым. Бірақ кейін кездесеміз деді, мен олар айтқан ақшаны жинай алмадым. Қаншама банкке барып несие алсам да, ол ақшаны шығара алмадым. Тағы да алдарына ұлым үшін кешірім сұрап барғанымда, кешірім бермейтінін, бәрі тек заң аясында шешілетінін айтты. Осы жағдайдан кейін олар шындыққа жанаспайтын оқиғаны барлық БАҚ өкілдеріне таратып отыр». 

Назгүл тергеуші баласының уақытша ұстау изоляторында жататын уақытын тағы 1 айға созып тастағанына наразылығын білдірді. Өз баласының бұзық емес, тәртіпті, алғыр, елгезек екенін, оның да мектеп қабырғасында түрлі жетістіктері мен белсенділігі бар екенін айтты. Оқиғаны бір жақты көзқараспен әлеуметтік желіде жарияланып, жазылып жатқан ауыр пікірлер оның денсаулығына кері әсер етіп жатқанын жеткізді.

Шын мәнінде өлімнің нақты себепкерін дөп басып айту қиын. Қазір Ерасылдың да, Әлиханның да отбасына оңай емес: біреуі баласынан айырылса, біреуінің баласының тағдыры қыл үстінде тұр. Бұл – екі отбасының да басына түскен ауыр сын. Әзірге тергеу амалдары жүріп жатыр, Алматы облыстық полиция департаментінің бізге берген жауабында тергеу барысын департамент басшылығы ерекше бақылауда ұстап отырғанын жеткізген еді.

Orda.kz оқиғаны өз бақылауында ұстайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар