Сот үкімі: Әнипа Назарбаеваның компаниясы мемлекетке 10 млрд шығын әкелді

cover Коллаж Orda.kz

Алматыда Қытайдан тауарларды заңсыз әкелу және жалған шот-фактуралар арқылы жүзеге асырылған ірі қылмыстық жүйеге қатысты сот отырысы аяқталды. Алмалы аудандық сотының үкімімен бірнеше айыпталушы 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Іс фигуранттарының бірі қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Orda.kz.

Компания онға жуық өзіне бағынышты ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жазып отырған.

«Group of the Companies TDA» ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытай Халық Республикасынан 100-ден астам контейнерді контрабандалық жолмен әкелген», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Мемлекетке келген шығын 10 миллиард теңге деп бағаланды. Төленбеген қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы және кеденде төлеуі тиіс қаражаттар бар.

Сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекетке тек 643 миллион теңге қайтарылған. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңге тұратын тауарлар, сондай-ақ 300 миллион теңгенің мүлкі тәркіленді.

47 контрагент ерікті түрде есеп айырысудан бас тартып, 240 миллион теңге салық төледі.

«Group of the Companies TDA» ЖШС Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы — Әнипа Назарбаеваға және Әли Қылышпаевқа тиесілі.

Фото: Egov.kz

Бұл компания Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2014 жылы 15 қыркүйекте тіркеліп, 2018 жылы 6 наурызда қайтадан тіркеуден өткен. 2021 жылы 28 шілдеде Әли Қылышбаев Жанболатұлы басшылыққа тағайындалған. Орналасқан жері ретінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, М.Әуезов, 66 деп көрсетілген. GROUP OF THE COMPANIES TDA 2021 жылы мемлекетке 14,5 млрд салық төлеген.

Құрылтайшылар:

  • 1. Назарбаева Әнипа Әбішқызы;
  • 2. Қараев Рүстем Жауымбайұлы;
  • 3. Серікбаев Бауыржан Тұңғышбайұлы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы — Әнипа Назарбаеваға қатысты қызықты деректер көп. Соның бірі Қаңтар оқиғасынан кейін белгілі болды. «Кенжехан-2» базарын сол кезде басқарған компанияның құрылтайшыларының қатарында осы Әнипа Назарбаева болған. 

Фото: Egov.kz

Еске сала кетсек, Orda.kz тілшілері Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базасынан бірінші президент пен оның қыздары және күйеу баласының ЖСН нөмірлері жоқ екенін анықтады. Топшылап көрсек, бәлкім бұл азаматтар Қазақстанда тұрмауы мүмкін. Себебі ЖСН-нің күшін жоюдың бір себебі — азаматтың тұрақты тұру үшін басқа мемлекетке көшіп кетуі. Толығырақ материалымыздан оқыңыз.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар