21 қазан күні Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» футбол клубы кипрлік «Пафосқа» қарсы өз алаңында ойын өткізеді. Алматылық клубтың жаттықтырушысы Рафаэль Уразбахтин мен оң жақ қапталдағы қорғаушысы Еркін Тапалов ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, БАҚ өкілдеріне команданың қаншалықты дайын екенін айтты.
Баспасөз мәслихатына Orda.kz тілшісі қатысып қайтты.
БАҚ өкілдерінің алдында әуелі қорғаушы Еркін Тапалов «Пафосқа» қарсы ойынға сақадай сай дайын екендерін айтты.
«Біз 1 аптада «Қызылжарға» және «Пафосқа» қарсы 2 ойынға дайындалдық. Құдай қаласа, еліміз бен қаламызға тарихи жеңіс әкелеміз деп ойлаймын», – деді Еркін Тапалов.
Жаттықтырушы да ойыншының сөзіне қосылып, жігіттердің дайын екенін алға тартты.
Еркін Тапаловтың сөзінше, бұл ойында көп жанкүйерлердің болмауы оған еш әсер етпейді.
«Жанкүйерлердің аздығы ешқандай да кесірін тигізбейді. Біз қандай жағдай болмасын, жеңіске жету үшін ғана ойнаймыз. Алайда ертеңгі ойынға шынайы жанкүйерлер келеді деп ойлаймын».
Ал Уразбахтин болса, маңыздысы — сыйақы болатын ақша емес, жақсы ойын көрсетіп, тарихта қалу екенін айтты.
«Білесіздер ме, біз өзіміздің артымызда мұра қалғанын қалаймыз. Яғни, біз өзіміздің атымызды тарихқа жазғымыз келеді. Ал ол ақшадан да маңызды дүние», – деді Уразбахтин.
Сондай-ақ жаттықтырушы футболды енді ғана көре бастаған, «бір реттік» жанкүйерлерге өзінің наразылығын білдірді.
«Мен бір нәрсені түсінбеймін. Футболды мүлде көрмеген, мүлде білмейтін, тек бір матчқа бола жанкүйер болған адамдар келіп, теріс пікірлерін айтады. Мұндай адамдарға менің күлкім келеді. «Тікұшақтан» қарап, бағалайды да сыни пікірлерін білдіреді. Бұл жерде мықты клубтар бар, ал біз болсақ 10 жылда бірінші рет шығып тұрған командамыз. Бастысы біз бәрін жеңуіміз керек деп ойлайды. Жерге түссеңдерші».
Сондай-ақ, Уразбахтин Ағылшын премьер-лигасында біршама жыл доп тепкен Давид Луиз туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, ол – тәжірибелі қорғаушы.
«Давид Луиз – командадағы тәжірибелі қорғаушы. Ондай қорғаушы бізде де бар, мәселен Александр Мартынович. Иә, «Пафоста» бізге қарағанда көптеген тәжірибелі ойыншылар көп. Алайда бұл жерде басты назарды ойында ұстау керек».
Уразбахтин қақпашылардың да жағдайын айтты. «Қайраттың» негізгі қақпашысы Александр Заруцкий командаға келіп қосылды. Уразбахтин Темірлан Анарбеков те жарақатынан айығып, қақпашылардың орны толыққанын, ал нақты ойынға кім шығатынын қақпашыларды дайындайтын жаттықтырушы Илья Юров шешетінін айтты.
БАҚ өкілдері Еркін Тапаловтан не себепті Ұлттық құрама сапында көрінбей кеткенін сұрады.
Ал Еркін болса, Ұлттық құрамаға іріктеу кезінде жарақаты болғанын, дәлірек айтқанда, тыныс алуы қиындағанын айтты.
«Дәл іріктеу кезінде, менің тыныс алуым қиындап, мәселе болды. Дем алғанда ағзамның бірінде жарықшақ бар екені анықталды. Сондықтан да Ұлттық құрамаға көмектесе алмадым. Ал басқа ойындарға мені Ұлттық құрамаға шақырмады. Ал былай мен дайын болдым. Қазір емделдім. Тыныс алуда ешқандай мәселе жоқ», – деп жауап берді Еркін Тапалов.
21 қазан күні сағат 21:45-те Алматы қаласындағы Орталық стадионда «Қайрат» – «Пафос» аралығында матч өтеді. Orda редакциясы барлық қазақстандықтарды алматылық клубқа жанкүйер болуға шақырады.