Шымкентте заңсыз жүргізуші куәлігін рәсімдеген 15 қызметкерге үкім шықты

cover Фото: freepik.com

Шымкенттегі №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының 15 қызметкеріне қатысты үкім оқылды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Сотталушылардың бірнешеуі бас бостандығынан айырылды. Кейбірі рақымшылық заңына ілінді. Ал енді бірі ақталып шықты.

Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы Жомарт Мұрәшімов тамыз айында қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған еді. Тергеу изоляторында комаға түскен ол есін жимай, қайтыс болды. Сотталушыға «Заңсыз сыйақы алу», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру», сондай-ақ «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол тергеу барысында да, сотта да кінәсін мойындамады. 

Сот қалған 14 адамның тоғызын Қылмыстық кодекстің «Заңсыз сыйақы алу» бабымен кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда рақымшылық заңына сәйкес олар негізгі жазадан босатылды. Қалған 5 адамның біреуі 6 жыл 8 айға, төртеуі 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, сот бұл істі тамыз айынан бастап қараған. Бұған дейін Шымкент қалалық прокуратурасы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы мен қызметкерлері заңсыз жүргізуші куәліктерін рәсімдеуге жол бергенін хабарлаған еді.

Прокуратура дерегінше, күдіктілер бұл қызметі үшін 150 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін ақы алған. Нәтижесінде айыпталушылардың заңсыз табысы 150 миллион теңгеден асқан.

Айта кетейік, Алматы полициясы қан шашылған пәтерге қатысты түсініктеме берді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар