Шығыс Қазақстан облысында санитарлық бекеттер қойылды

cover

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралуына байланысты шығу және кіру үшін жабылды. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында айтылған.

Құжатта облыста кіруді/шығуды бақылау үшін санитарлық бекеттер қойылғаны атап өтілген: үшеуі Алматы облысының шекарасында, тағы үшеуі Қарағанды және Павлодар облыстарының шекарасында, төртеуі мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Ауыл», «Уба», «Бақты»,«Майқапшағай» өткізу пункттерінде.

— Азаматтардың облыс аумағына кіруіне/шығуына тыйым салынсын. Ерекше жағдайларда адамдардың жекелеген санаттарына санитариялық бекеттер арқылы шығуға және кіруге рұқсаттар жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша берілуі мүмкін, – делінген қаулыда.

«Қызыл» аймақтардан келген адамдар санитарлық бекеттерді кесіп өткен кезде міндетті түрде ПТР-зерттеу нәтижесі көрсетілген анықтаманы ұсынуы тиіс.

Санитариялық бекеттер арқылы кедергісіз өтуге рұқсат етілген адамдардың тізбесі:

  • халықтың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, медициналық, санитариялық-эпидемиологиялық, құқық қорғау, арнайы жедел және авариялық қызметтер;
  • медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және келетін адамдар;
  • карантиндік стационарларда емделіп, бақылауда болған адамдар;
  • транзиттік жолаушылар және жүк тасымалдаушылар;
  • вахталық қызметкерлерді тасымалдайтын көлік құралдары;
  • күзгі дала жұмыстарын, табиғатты қорғау, ветеринариялық, ауыл шаруашылығы іс-шараларын, жол-жөндеу жұмыстарын, авария қызметтерін, бірінші кезекте қажетті тауарларды, тамақ өнімдерін, дәрі-дәрмектерді, қатты, сұйық отын мен ЖЖМ жеткізушілерін жүргізуге тартылған көлік және адамдар, сондай-ақ облыстың шаруашылық тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тауарлары, жабдықтары мен материалдары бар барлық жүк көлігі;
  • тұрақты тұратын жеріне оралған адамдар;
  • жұмыс берушінің анықтамасы болған кезде тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін және кері қарай жүріп-тұру;
  • 10 адамнан аспайтын, үш көлік құралынан аспайтын жерлеу рәсімдері;
  • белгілі бір мәселелер бойынша Елшіліктің консулдық бөліміне баратын адамдар;
  • виза алу үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін шетелдік азаматтар;
  • ұялы және спутниктік байланыс операторлары мен телекоммуникациялық қызметтердің көлік құралдары мен авариялық бригадаларының қызметкерлері;
  • көлік құралдары және арнайы және құқық қорғау органдарының, инкассация қызметтерінің, жеке күзет фирмаларының қызметкерлері;
  • мамандандырылған мердігерлік ұйымдардың қызметтік көлігінде жүретін қала кәсіпорындарының көлік құралдары және қызметкерлері;
  • растайтын құжаттары болған кезде оқу орнына қайта оралған оқушылар және басқалар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар