«Шетелдіктер үшін аралас бола ма?»: Алматыдағы 224-мектепті ана тілінде ашуды талап еткендер әкімдікпен мәмілеге келе алмады

cover Фото: Orda.kz

Бүгін, 27 қазанда Алматы қаласы әкімдігіне Бостандық ауданының ондаған тұрғыны жиналды. Олар әлі ашылмаған №224 жаңа мектептің қазақ тілінде білім беруін талап етті. Жаңа мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. 2500 оқушыға арналған бұл мектеп — қаладағы ең ірі әрі заманауи нысандардың бірі. Алайда мектептің есігі ашылмай жатып-ақ оның оқыту тілі ата-аналар арасында қызу талқылауға түсті.

Orda.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтады.

Ата-аналармен, белсенділермен Білім басқармасының Бостандық аудандық бөлімінің басшысы Сайран Тәпенұлы және қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков кездесті. Әкімдік өкілдері азаматтарды қабылдау залына кіргізіп, ресми кездесу ұйымдастырды.

Жаңа мектептің айналасында тұратын тұрғындар бірнеше жыл бойы аудан әкімдігі мен білім басқармасына хат жазып, мектеп салуды сұраған. Бостандық ауданында соңғы жылдары тұрғын үйлер қарқынды салынып, халық саны артқанымен, қазақ тілінде білім беретін мектептер саны көбеймеген.

«Біздің ауданымызда тұрғын үйлер өте көп. Соңғы жылдары жаңа көпқабатты үйлер жиі тұрғызылып жатыр. Бірақ мектеп те, емхана да жетіспейді. Сол себепті мектеп салынады дегенде қатты қуандық. Басында «қазақ мектебі болады» деген. Үш балам да осы маңдағы мектептерде оқиды, үлкенім 8-сыныпта. Қыс бойы көлікпен тасимын. Бірі таңертең, бірі түсте оқиды. Күні бойы уақытым соларды апарып, алып келумен өтеді. Біздің №65 мектеп көп жыл бойы таза орыс тілінде болды», – дейді тұрғындардың бірі.

Қазір Бостандық ауданында қазақ тілінде оқытатын 65-мектеп қана. Бірақ онда орын жетіспейді. Олардың айтуынша, 65-мектеп аралас болғанымен, қазақ сыныптары жеті жыл бұрын ғана ашылған. Әлі күнге дейін ата-аналар балаларын ана тілінде оқыту үшін кезекке тұрып, басқа аудандарға тасып оқытуға мәжбүр.

«Мен 65-мектепке баламды беріп жүрген ата-анамын. Қазір үйімнің дәл жанында жаңа №224 мектеп салынып жатыр. Ал мен баламды сол 65-мектепке барғанда орын болмаған соң, жеке мектепке беруге мәжбүр болдым. Бір жыл бойы ай сайын 200 мың теңге төлеп отырдым. Кейін тек екінші сыныпта ғана орын босап, әрең ауыстық. Қазақ сыныптарына сұраныс өте жоғары. Сондықтан жаңа мектептің қазақ тілінде ашылуы – әділетті шешім», – дейді ата-ана Жұлдыз Бағлан.

Жаңа мектептің әуелгі жобасы бойынша қазақ мектебі ретінде қарастырылғаны ата-аналардың есінде.

«Басында «бұл мектеп қазақ тілінде ашылады» деді. Біз соған сеніп, қуанып едік. Енді келіп аралас болады дейді. Неге біз тағы да шет қалуымыз керек?» – дейді тұрғын.

Ата-аналардың айтуынша, аудандағы жалғыз таза қазақ мектебі – №140. Бірақ ол басқа шағынауданға қарайды. Сондықтан бұл аймақтың тұрғындары баласын ол жерге бере алмайды.

«Біздің сыныпта дүнген отбасылардың балалары да оқиды. Бұл қазақ сыныптарына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Қазақ балаларына арналған орын жетіспейді», – дейді ата-ана.

Кей ата-аналардың айтуынша, соңғы күндері чаттарда «№224 мектептің орыс сыныптарына талон таратылып жатыр» деген хабарлама тараған. Бұл ата-аналардың наразылығын одан сайын күшейткен.

Алайда Білім басқармасының өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл — жалған әрі арандатушылық сипаттағы хабарлама», – деп жауап берді Сайран Тәпенұлы.

Қабылдау соңында залда жиналған белсенділер бейнеүндеу жазды.

Алматы қаласы Білім басқармасы тілшіміздің ресми сауалына жауап берді.

«Оқыту тілін айқындау Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Білім туралы» заңдарына, сондай-ақ Білім министрлігінің тиісті нормативтік актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Аудан тұрғындары мен ата-аналар арасында оқыту тіліне қатысты пікір алшақтығы бар. Бір топ ата-ана мектептің тек қазақ тілінде болуын қалайды. Қазақтілді ата-аналар аралас мектепте балалардың қазақ тілінде аз сөйлеп, орыс тіліне ауысып кетуінен қауіптенеді. Бұл – олардың ұлттық бірегейлігіне әсер етеді деп санайды. Сонымен қатар ауданның орыстілді тұрғындары жаңа мектептің заманауи инфрақұрылымын, ыңғайлы орналасуын және оқу сапасына жасалған жағдайды атап өтіп, өз балаларын осы мектепке бергісі келетінін білдірді. Барлық ұсыныстар мен өтініштер қалалық Білім басқармасына жолданды, соңғы шешім сол жерде қабылданады», – деп хабарлады ведомство.

Білім ордасын оқу жылының екінші тоқсанында, яғни 3 қарашада ашу жоспарланған. Алайда құжат қабылдау әлі басталмады.

Қазір Бостандық ауданында 35 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Олардың 10-ы орыс тілінде, 9-ы қазақ тілінде, ал 16-сы аралас тілде білім береді.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар