«Шерзатқа пышақ сұқпадым»: 9 күдікті сот алдында не деді?

cover Фото: бейнеден кадр

Талдықорғандағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істің кезекті сот отырысында соңғы күдіктілер жауап берді. Неге судья адвокат Шекеевке ескерту жасады? Басты күдікті Шерзатты пышақтағанын мойындады ма?  Кім детектор (жалған сөзді анықтау құрылғысын) жалдайық деп ұсынды? Сот залынан қысқа әрі нұсқа нақты ақпараты Orda.kz тарқатады.

Абзал Шынасылдың айтуынша ол келген кезде-ақ төбелес басталып кеткен. Дүкен алдында оған Нұрғанат Ғайыпбаев жүгіріп шығып, соққы жасамақшы болыпты-мыс. 

«Мен төбелес барысында Шерзатты теуіп, ұрдым. Ғайыпбаевтың санынан қалтамдағы пышақпен бір-екі рет сұқтым. Содан соң көлікке отырған кезде пышақты сүрткенімді мойындаймын, оны із қалмау үшін жасадым. Сол жерде Дана деген қызға dizzy сусынын құйдырып жудым. Тау жаққа қашып кеткен кезде төбелесте бір бала қайтыс болғанын естідік, бірақ сенбедім. Сонымен қатар, мен Дархан Әскентайды танымаймын, сол үшін де оны төбелес барысында бір-екі рет ұрып жібердім. Мен дүкен жаққа Нұрбол Тоқтаубаев шақырған соң бардым», – деді Абзал Шынасыл.

Сонымен қатар, күдікті алдын ала тергеуде берілген жауаптарындағы Шерзат Полатты пышақтағаны жайлы барлық жауаптарынан бас тартатынын жеткізді. Яғни, Шерзатты пышақтағаны жайлы жауаптың алдын ала келісіммен айтылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, дүкеннің алдында Шерзаттың досы Ахмед Махмедті ұрғанын мойындамады. 

«Бәріміздің басымыз тергеу алдында қосылған кезде бізге тергеуші мына өлген баланың қанын біреуің мойындарыңа алмасаңдар барлықтарың кетесіңдер, біреулерің мойындарыңа алыңдар деп айтты. Біз сол жерде жігіттермен келістік, менің қолымда пышақ болған соң өзімді кінәлі сезіндім де жігіттер айттым: «алсам, мен мойныма алайын Шерзатты». Ал Ғайыпбаевты пышақтаған Шыңғыс Белғожаев алады деп келіскен едік»,– деді Шынасыл.

Абзал Шынасылға адвокат Мейірман Шекеев сұрақ қойды. 

«Шерзатқа сіз пышақтан бөлек, дене жарақаттарын келтірдіңіз бе? Алдыңғы сот отырыстарында Гүлбара Бишембиева: «Менің баламның бетінде де, саусақтарының арасында да дене жарақаттары болды» деген еді. Мына дене жарақатына қатысты не айта аласыз?», – деді Шерзаттың мәйіті бейнеленген суретті көрсетіп.

Абзал Шынасыл бұл сұраққа қысқа жауап қайырды.

 «Білмеймін. Шерзатқа қолым тиген жоқ. Шерзатты мен ұрған жоқпын», – деп жауап берді Абзал Шынасыл.

Содан кейін сотта соңғы күдікті Дидар Қалиахмет жауап берді. Оның айтуынша, күдіктілердің көбі бұрындары ғана араласқан, оқиға болғанға дейін әрі сол күні де олардың ешқайсысымен байланыста болмағанын айтты. Оған қоса төбелеске араласпағанын, ешкімді ұрмағанын жеткізді.

 «Мен бөлем Санат Абдықадырмен моншаға бардым. Шыққан соң бөлем Дәулетті шақырып бізді алып кетсін дедік. Ол келді, моншадан шыға салысымен дүкенге бардық, кіреберісте Санатты Ғайыпбаев сөзге тартып: «төбелесуге келдіңдер ме?» дегендей сұрақ қойды. Санат сөйлесіп болған соң, біз дүкенге кірдік, керек заттарымызды алып жатқанда сыртта ерегіскен дауыстар шықты. Сол кезде Қаржаубай бізді ештеңе сатпаймын деп шығарып жіберді. Сыртқа шыққан соң артыма қарасам, Қаржаубай пышақ алып келе жатыр екен. Мен сол кезде оның қолын ұстап қалдым, қорғану мақсатында. Содан соң біз ары қарай екі бөлеммен бірге көлікке отырып кеткен кезде, қатты дауыс естілді. Сол дауыстан соң біз тоқтадық, көліктен мен шығып дүкен жаққа қайта бардым. Төбелесіп жатқанын көрдім де, ары қарай бармай қайтадан көлікке отырып кетіп қалдық», – деді Қалиахмет.

Сонымен қатар, Қалиахмет жауаптарында «байқаған жоқпын» деген сөзді көп пайдаланған соң, жәбірленуші тараптың адвокаты: «Сонда сіз жалпы не байқадыңыз» деген еді. 

«Құрметті сот, қазір дамыған заман ғой детектор лжи, яғни (жалған сөзді анықтау құрылғысын) жалдайық, отырайын, ұрдым ба, соқтым ба анықтасын», – деп айтты Қалиахмет.

Оған судья керек емес екенін жеткізді. 

Сонымен қатар, сотталушы тараптың қорғаушысы Мәулен Ержанов жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеевтің ТикТок парақшасында ақынның көзімен атты сотқа қатысты өлең оқыған баланы әлеуметтік желіде жариялағаны іске кедергі келтіретінін жеткізді. Сонымен қатар, бейнероликті зерттеуге алып судьядан Шекеевке шара қолдануды сұрады. Алайда, судья ол бейнероликті тергеудің қажеті жоқ екенін айтып, Шекеевке ауызша ескерту жасады. 

Сондай-ақ, сотта сотталушы тараптың адвокаттары бір ауыздан сотта келтірілген негізгі дәлел ретінде келтірілген бейнежазбаны түсірген Мәмедова деген куәгерді шақыру керектігін айтты. Алайда, судья бұл өтініш хатты қанағаттандырмады.

Ары қарай судья іс құжаттарын зерттеуге көшті. Яғни, сот істегі құжаттарды мұқият зерттеп жатыр, яғни осы уақытқа дейін келтірілген дәлелдердің барлығы жан-жақты тексеріледі. Келесі отырыс 22 мамырда болады. 

Orda.kz тікелей сот залынан ақпарат таратады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар