Сенат төрағасы Тоқаевтың қабылдауында болды

cover Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды Orda.kz.

Мәулен Әшімбаев сенаттың қазіргі қызметі мен алдағы жоспарлары туралы мәлімет берді. Сенат төрағасының айтуынша, үшінші сессия басталғаннан бері парламент 28 заң қабылдаған екен. Оның бесеуіне депутаттар бастамашы болған. Атап айтқанда, президент жолдаулары мен тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында тұрғын үй саясатына, білім беру және балалар құқығын қорғауға, білім саласындағы жинақтау жүйесіне, биржа саудасы мен кәсіпкерлікке, сот жүйесін реформалау мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске қатысты заңдар қабылданған. 

Жыл басынан бері сенатта 50-ге жуық іс-шара өткізіліпті. Сенаторлар үкіметке 67 депутаттық сауал жолдаған. Сонымен қатар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 40-тан астам халықаралық кездесу ұйымдастырылған. 

Мәулен Әшімбаев келесі жылы жоғары палатада бюджет, құрылыс, су, салық кодекстері, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» және «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңдар қаралатынын мәлімдеді.

Сенат төрағасы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысын баяндады. Аталған жиын 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар