«Сәбиімізді өлтірді»: Алматыда жас жұбайлар перзентхана дәрігерлерін жазалауды сұрады
Коллаж: Orda.kz
Алматыда Жұмабай Ернар Батырбекұлы мен оның жұбайы Арай Ақанқызы №2 қалалық жүкті әйелдерге арналған орталықтың дәрігерлерін жаңа туған сәбиінің өліміне тікелей кінәлі деп айыптап отыр. Әйелді «босандырған» дәрігерге мекеме сөгіс беруді жөн көріпті. Дәрігер содан кейін «өз еркімен» жұмыстан кетіп, қазір басқа перзентханада жұмыс істеп жатыр.
Сәбиінен айырылған ерлі-зайыптылар Orda.kz тілшісіне сұхбат беріп, мән-жайды баяндады.
Ернардың айтуынша, 7 мамырда жүктілігіне 41 апта 1 күн болған әйелі орталыққа түскен. Туыстары бірнеше рет кесар тілігін жасауды сұрағанымен, кезекші дәрігер Эльмира Мұхаметова бұл ұсынысты елемеген.
«Медициналық қызметкердің салдарынан жаңа туған сәбіміз қайтыс болды. Мендегі материалдар мен куәліктерге сүйенсек, өлімге дәрігерлер, соның ішінде дәрігер Э. Е. Мұхаметова кінәлі. Сонымен қатар, қайғылы жағдайдан кейін медициналық мекеме өкілдері сәбидің өлімінің шынайы себебін жасыруға тырысты. 2025 жылы 7 мамырда Алматы қаласы №2 қалалық жүктілерге арналған орталықта медициналық қызметкерлердің әрекеттерінің нәтижесінде сәбіміз қайтыс болды. Дәлірек айтсақ, дәрігерлер баламызды көз алдымызда біз, әкесі және анасы куә болып тұрған кезде өлтірді. Біз — дәрігерлердің қылмысының тікелей куәгеріміз», — деді ата-ана көз жасын тыя алмай.
Ернардың айтуынша жұбайы дәрігерлердің бақылауында 9 сағаттан астам уақыт болған.
«Толғақ басталған соң, баланың жүрегін бақылап тұратын апаратты таңып жаттым. Баланың жүрегінің соғысы нашарлап бара жатқандығын мен де байқадым. Жанымызда тұрған дәрігер де: «баланың жүрек соғысы ұнамай тұр» деді. Дәрігер Мұхаметова: «ота бөлмесін дайындаңдар» деді. Бірақ біраз уақыт өткен соң, олар мені креслоға апарып, вакум жасады. Сондай-ақ, дәрігер Мұхаметованың басқа дәрігерлерді көмекке шақырғанын да естідім. Ота бөлмесіне ер дәрігер кірді. Кейін оның есімін білдім. Бөлім меңгерушісі С. Н. Борисеевич екен. Содан босану кезінде балаға вакуум-экстракция әдісін қолданды», — деді Арай.
Арайдың айтуынша жатыр мойны толық ашылмай тұрғанда вакуум-экстракция қолдануға болмайды. Бұл — акушерлік көмек көрсетудің хаттамалары мен стандарттарын өрескел бұзу. Дәрігерлер вакуум-экстракцияны 6 рет қолданған.
«Бұл іс жүзінде ұрықтың жатырішілік гипоксиясына, яғни сәбидің өліміне алып келді. Соңында дәрігерлер вакуум-экстракцияны қолданып, әйелімнің ішінен өлі сәбиді, баламызды алып шықты», — деді Ернар.
Марқұм баланың әкесі мен анасы дәрігерлердің ота уақыты мен ұзақтығын медициналық құжаттарда бұрмалап көрсеткенін айтты.
Ал босану кезінде акушерлердің бірі әйелінің ішіне отырып, «күш көрсеткенін» айтты. Арайдың сөзінше сол әйел шынтағымен оның ішінен қатты басқан. Арай содан тұншығып, дем ала алмай қала жаздаған.
Сонымен қатар, жұбайлар орталық басшылығы мен Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының сол кездегі басшы орынбасары, бұрынғы №2 перзентхана директоры (қазіргі орынбасар) Назгүл Иманғалиеваның шындықты жасыруға және кінәлілерді қорғауға тырысқанын да мәлімдеді.
2025 жылғы 8 мамырда берілген № 9614 нөмірлі құжатта нәрестенің өлімін дәрігерлер «анықталмаған құрсақішілік гипоксия» деп көрсеткен.
«Одан әрі, 2025 жылғы 9 мамырдағы № 3674 «шығарылу эпикризінің» «оталар» бөлімінде бөлім меңгерушісі С. Н. Борисеевич әріптесі — дәрігер Мұхаметованың қылмыстық әрекетін ақтау үшін шындыққа жанаспайтын мәліметтер келтірген: «72.70 босануда вакуум-экстракция: отаның басталуы — 07.05.2025 ж. сағат 05:56, аяқталуы — 06:10, ұзақтығы — 14 минут, хирург — Мұхаметова Эльмира Ерікқызы». Алайда, 2025 жылы 7 мамырда мен «босанған жұбыңның қасында болу» бағдарламасы аясында әйеліммен бірге босану бөлімінде болдым. Шамамен 05:00-де әйелімді зембілмен ота бөлмесіне апарды, сол жерде вакуум-экстракция жасау әрекеттері басталды», — деді Ернар.
Ол нақты сағат 05:47-де сәбиінің өлгенін естігенін айтты.
«Сағат 05:47-де сәбидің өлгенін естідім. Кейін жұбайым дәрігерлердің осы сәттен соң бір-біріне қарап, үнсіз қалып, сыбырласа бастағанын айтты. Олардың өлімге әкелген өрескел қателік жібергенін түсінгендері анық еді», — деді Ернар.
Ал заңгердің айтуынша Ернар досымен WhatsApp мессенджерінде хат алмасқанда отаның басталу және аяқталу уақыты тіркелген — 05:00-ден 05:47-ге дейін, яғни ұзақтығы — 47 минут.
«Отаның нақты уақыты (05:00–05:47, ұзақтығы 47 минут) мен эпикризде көрсетілген уақыт (05:56–06:10, ұзақтығы небары 14 минут). Арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Менің ойымша, бұл — болған жағдайдың шынайы көрінісін жасыру мақсатында медициналық құжаттарды қолдан жасау. Әріптесін қорғау үшін, дәрігер Мұхаметованың пайдасына жасалған әрекет. Осылайша, босануға қатысқан дәрігерлер мен бөлім меңгерушісі Борисеевичтің арасында медициналық қателікті жасыру және нақты деректерді бұрмалау мақсатында қызметтік сөз байласу белгілері байқалады», — деді Арай Ақанның заңды өкілі заңгер Асылхан Ердосұлы.
Әйелі дәрігерлердің бақылауында 9 сағаттан астам уақыт болған соң, жұбайы бірнеше рет дәрігер Мұхаметовадан босануды «кесар тілігі» арқылы жасауды өтінгендерін айтты. Алайда олардың сөзіне қарасақ, балаға төнген айқын қауіпке қарамастан, дәрігер Мұхаметова өтініштерін елемей, баланың өміріне төнген қауіпке қарағанда өзінің «кәсіби пікірін жоғары қойған». Ал Назгүл Иманғалиева басты күдікті Мұхаметоваға сөгіс беруді ғана ұсынған көрінеді. Мұхаметова болса өз еркімен қызметтен кеткен. Қазір ол басқа перзентханада жұмыс істеп жатыр.
Жәбірленуші тарап медициналық құжаттардағы уақыт пен мәліметтердің сәйкессіздігін, дәрігерге қызметінен «өз еркімен» кетуге рұқсат бергенін заңға қайшы деп санайды.
Ернар Батырбекұлы істі жеке бақылауға алуды сұрап, кінәлілерді ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі («медициналық қызметкердің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы, абайсызда науқастың (ұрықтың) өліміне әкелуі») бойынша жауапқа тартуды талап етеді. Сондай-ақ олар жүктілерге арналған орталықтағы басқа дәрігерлер мен басшылықтың, сондай-ақ денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасарының қылмысты жасыруға қатысы бар-жоғын тексеруді сұрады.
Orda.kz Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№2 қалалық перинаталдық орталығына» ресми сауал жолдады. Олар «медициналық құпия» деп, ақпарат беруден бас тартты.
Orda.kz жолдаған арнайы сауалға Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істің тергеліп жатқанын айтып жауап берді.
«Медеу ауданы полиция басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл — Алматы қалалық №2 перзентхана орталығында жаңа туған сәбидің өліміне қатысты іс. Қадағалау органы қазіргі таңда қылмыстық істің материалдарын толық қамтамасыз етуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», —деп жауап берді прокуратура.
Orda.kz осы істі бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Жамбыл облысында 12 оқушы тамақтан уланды
- Мәскеуде Тоқаевты «Жоғары мәртебелі» деп қарсы алды
- Мұрат Әбділдә түрме сахнасында өнер көрсетті
- «Хуторсыз Талғар, сынған әйнек, дүрбелеңге түскен туыс»: Хасан Қасымбаевтың соңғы соты қалай өтті?
- Қазақстандық шенеуніктердің Украинаға заңсыз оқ-дәрі сатуы мүмкін екені анықталды
- Ресейлік БАҚ қазақ тарихшысын «Гитлерді ақтады» деп айыптады
- «Біздің заманның батыры»: Денсаулық сақтау министрлігі Астанада зардап шеккен фельдшер туралы пікір білдірді
- «Жатырын алып тастамағаныма рахмет айт»: Алматы перзентханасында дәрігерлердің салғырттығынан сәби көз жұмды
- Бас прокурор қаза тапқан сарбаздардың аналарын қабылдауға уәде берді
- ҰБТ алдағы 3 жылда толық өзгеріп, халықаралық стандарттарға сай әзірленеді
- Берік Уәли сотталған адаммен түскен фотосына қатысты түсініктеме берді
- Хромтау қаласының әкімі пара алды деген күдікпен қамауға алынды
- Әкежан Қажыгелдин Қазақстанға жасырын келгенін айтты
- «Ат баптағандар Еуропаға кетіп қалады»: Алматының тарихи ипподромын бұзғалы жатыр
- Түркістан облысында криминалдық полиция қызметкері ұсталды
- Түркістан облысында қызды зорлап өлтірген мигранттардың ісі жабық сотта қаралады
- «Министрлік кінәлі»: митиңге шыққан марқұм сарбаздардың аналары ұсталды
- «Орыс тілі — қоғам өмірінің ажырамас бөлігі» — Тоқаев
- Ресейлік блогер қазақтарды «лас ұлт» деп қорлады
- «Жүрегі жарылды»: Түркістанда құрдастары 9-сынып оқушысын моланың қасында сабап өлтірді