Прокурор Берденовке оқ атқан Жиенбайға 11 жыл түрме жазасын сұрады

cover Фото: бейнекадрдан үзінді

Шымкентте өтіп жатқан Руслан Берденовке жасалған шабуыл ісі бойынша сотта прокурор Ернар Жиенбайға 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.

Бүгін сотта тараптардың жарыссөзі басталды. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов алғаш рет оқиға барысын толық баяндап, прокурорлардың сұрақтарына жауап берді.

«Маған бес рет оқ атты. Құлап бара жатқанда екі қыз жүгіріп келді, олар сол кезде TikTok түсіріп жүрген. Бірі фельдшер болып шықты. Олар көмектесіп, көзімді жұмбауымды сұрады. Оң жақ өкпем зақымданып, тыныс ала алмай қалдым. Ота кезінде ағзамның 20%-ы алынды. Өлемін деп ойлап, кәлимамды айттым. Соңғы күшімді жинап, орнымнан тұруға тырыстым. Өйткені Жиенбай соңғы оғын атпақшы болды. Бес рет атқаннан кейін қаруын қайта оқтап жатқандай көрінді. Шамасы, қаруы істен шыққан болуы мүмкін», – деді Берденов.

Ол сондай-ақ айыпталушының әйелі Луиза Алданованы мүлде танымайтынын айтты.

«Әйеліңді, бала-шағаңның анасын бұл іске араластырғаның дұрыс емес. Өз ісің үшін өзің жауап беруің керек. Сенің мақсатыңды білемін. Әкең менің адвокатыма барып, мансабыма нүкте қоятынын айтып қорқытты», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Өксікбаевтың ұлы алаяқтық ісі бойынша сотталғаны хабарланған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар