Парламенттегі «астыртын реформа»: Ерлан Қарин баспасөзден неге қашқалақтайды?

cover Фото: Ақорда

Қазақстанда бір палаталы парламентке көшуге дайындық жүріп жатыр. Алайда ел президенттік басқару жүйесін сақтап қалады. Бұл жөнінде мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин журналистермен кездесуінде мәлімдеді. Бірақ кездесу жабық форматта өтті. Шақырылғандардың тізімінде тек «қажетті» деген басылымдар бар. 

Ыңғайға көнетін басылымдардың қатарында болмаған соң Orda.kz тізімде болмады.

Мемлекеттік қызметшіге сұрақ қойғандар қатарында Qazaqstan, Tizgin.kz, Abay Life, «Власть» және Jibek Joly ақпараттық агенттіктері болды. Қысқаша айтқанда, Ерлан Қариннің сөзі мынаған саяды: депутаттар пропорционалды жүйемен сайланады, ал ең көп дауыс жинап сайлану (мажоритарлық тәсіл) тек мәслихат деңгейінде қалады. Конституция сенатты жою үшін емес, парламенттің рөлін күшейту үшін қайта жазылады. Депутаттар саны әзірге құпия. Комитеттер саны да әлі белгісіз. Жұмыс тобы ойластыру үстінде, ал Қазақстан президенттік республика болып қала береді.

«Біз жұмыс тобының мүшелеріне өз ұсыныстарын әзірлеуге бір ай уақыт береміз деп келістік. Олар 15 қарашаға дейін бізге жіберуі тиіс. Екінші отырыс қарашаның соңында немесе желтоқсанның басында өтеді», — деді ол «Власть» басылымының сұрағына жауап беріп.

Алайда маңызды бір жайт бар. Отырыстарға БАҚ өкілдері кіргізілмейді. Ерлан Қарин кейін «нәтижесін хабарлаймыз» деп уәде берді. Бірақ ол кезде Orda.kz те хабардар бола ма? Әлде Конституцияға өзгеріп, болар іс болып, бояуы сіңіп болған соң ғана құлағдар бола ма?

Амбициясы жоғары кеңесші

Ерлан Қарин — есімі соңғы жылдары саяси ортада жиі аталып жүрген тұлға. Көпшілік оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрагері болуы мүмкін деп топшылайды. Бұл туралы толығырақ Orda.kz редакциясының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың бейнешолуынан көре аласыз.

Саясаттанушы Ербол Еділовтің айтуынша, бірнеше жыл бұрын елордадағы бір кофеханада Ерлан Қариннің айналасындағы жастар оның болашақта президент болуы мүмкін екенін талқылаған екен. Бүгінде мұндай әңгіме астарсыз, ашық айтыла бастады. Оның сөзінше, Ерлан Қарин — қазір Тоқаевтан кейінгі ең ықпалды адамға айналған.

«Соңғы айларда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізбасары ретінде Ерлан Қариннің есімі жиі атала бастады. Саяси ортаға жақын адамдар мұны былай түсіндіреді: Қарин жүйенің ішінде көп жылдан бері жүр, Ақордадағы идеологиялық үдерістердің бүге-шүгесін жақсы біледі» деп жазады саясаттанушы өз Telegram-арнасында. 

Жейделер, фан-клуб және «Болашақ президент»

Ерлан Қариннің айналасында соңғы уақытта саяси культ жасаған, яғни жеке басын ұлықтайтын бір топ жастар жинала бастаған.

«Елде өз ісін адал атқарып жүрген, жасырын президент болсам деген ниеті жоқ қабілетті мемлекеттік қызметкерлер көп. Олар тек өз жұмысына беріліп, елдің басты саяси бағытын қолдап, президенттің тапсырмаларын орындайды. Ал мұнда кейбір жас жігіттер ұран тастап, соның айналасына өңірлерден жүздеген, тіпті мыңдаған жастарды біріктіріп алды. Астанада олардың бас қосатын орындары бар. Бірі — Saranda коттедж қалашығында, екіншісі — Talan Towers ғимаратында. Saranda-ны Мәжілістегі жас депутаттардың бірімен байланысы бар компания жалға алған. Сол жерлерде, әсіресе кофеханада, олар күн сайын дерлік жиналады. Тура бір кезде Гитлердің Мюнхендегі кафелерде жақтастарымен кездесіп жүргеніндей. Ұялмай, ашық түрде: «билікке келсек, бәрі жақсы болады» деп жазып, айтып жүр. Тіпті өз жетекшілерінің суреті салынған, «Болашақ президент деген жазуы бар жейделер шығарып алған», — дейді Еділов мемлекеттік кеңесшінің суреті бейнеленген сол жейделерді көрсетіп. 

Соңғы күндері Еділовке көп адам хабарласқан. Олжас Сүлеймен деген — Ерлан Қариннің жастар саясатына жауапты орынбасары. Еділовтің айтуынша, Олжас одан әлеуметтік желідегі жазбаларын өшіруді сұраған, тіпті «басшымның ақпараттық мүмкіндігі көп, абай бол» деп сес көрсеткен.

«Егер бағынсаң, марапат аласың»

Еділовтің сөзінше, Ерлан Қарин өз төңірегіне тек өзіне адал адамдарды жинап жүр. Онда «адал қызмет үшін» мемлекеттік сыйлық аласың деген түсінік қалыптастырған. Өзі де марапат алғаннан кет әрі емес.

Мәселен, 2022 жылы ол «Барыс» орденінің екінші дәрежесін алды. 2025 жылы — бірінші дәрежесін. Яғни, бар болғаны үш жыл өтті. Ал заң бойынша екі марапаттың арасында кемінде бес жыл өтуі керек.

Ең қызығы — сол марапатқа қол қойған адам  Ерлан Қариннің өзі болған. Өйткені ол — мемлекеттік марапаттар жөніндегі комиссияның төрағасы.

Еділов бұған наразы екенін ашық айтты:

«Ерлан Қарин орден мен медальды жақсы көреді. Бұған дейін де оған ерекше жағдай жасалып келген. Енді тағы да сол жағдай қайталанып отыр. Бірақ заң бәріне бірдей емес пе?!» — дейді ол. 

Ал қазір елде парламентті өзгерту туралы талқылау ақырындап жүріп жатыр. Ендігі жолы Ерлан мырза бізді шақыра ма, жоқ па? Бұл жағы бізге беймәлім болып тұр. 

Автор: Зарина Файзулина


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар