Өзбекстанда балалардың жаппай улануына қатысты жағдай президент бақылауында

cover

Уланудың ықтимал себептерінің бірі болған препаратқа уақытша тыйым салынды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Наманган облысындағы балалардың улануына байланысты жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырды. 

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі президент балалардың денсаулығына байланысты оқиғаға қатты алаңдағанын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейтінін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының атына тұрақты түрде жағдай туралы есеп беріледі. Облыс әкімі мен жауапты тұлғаларға жағдайды ерекше бақылауға алып, себептерін анықтап, тиісті ұсыныстар енгізу тапсырылды», - деді президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов.


Сонымен қатар, Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі тергеу аяқталғанша құрамында йод бар «Антиструмин» препаратын қолдануға тыйым салды. Себебі ата-аналардың пікірінше, улану жағдайлары осы дәрінің салдарынан  болуы мүмкін.

21 қыркүйекте аудандық медицина бірлестігіне 71 бала түскен. Олардың қызуы көтерілген, ал кейбіреулерінде іш ауыруы, диарея және жүрек айнуы болған. Жағдайлары қанағаттанарлық деп танылған он бала үйлеріне жіберілді. Қалғандары бақылауда. Ешқайсысы жансақтау бөліміне жатқызылмады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар