Orda.kz редакциясы «орыстар» тізімінің жариялануына қатысты тергеу жүргізуді талап етеді

Біздің көзқарасымызды білдіретін осы редакциялық бағанда көңіл кірін кетірмесе де, кірбіңін білдіретін ішкі толқу бар. Бірақ біздің ойымызша, бұл орынды. Orda.kz өз ұстанымы мен түбейгейлі көзқарасынан ешқашан тайқыған емес. Оған ешкім әсер ете де алмайды.
«Жаптым жала – жақтым күйе» деп Орда ашылғалы бері қызмет істеп келе жатқан қазақ журналистерінің еңбегін еш етуге ешкімнің де морольдық құқығы жоқ!
Әлеуметтік желіде Orda.kz редакциясы журналистерінің «тізімі» жарияланды. Ол тізім журналистердің кәсіби біліктілігі мен талантын немесе керісінше, дарынсыздығын қозғаса мейлі дер едік. Олардың салмақты зерттеу мақалаларын талдап, тергеу ісінің түбіне жеткенше қаза жазатын қаламының қарымын сөз қылса не керісінше күрделі тақырыпқа тым жеңіл қарап, оймақтай ой айта білмепті деп сөксе - көкейге қонар еді. Өкініштісі сол бұл тізім тек ұлтаралық араздық тудыру үшін жасалғандай, журналистердің тек ұлтын майшаммен қарап, тізіп шыққан ...
Иә, тізімде көрсетілген тілшілердің барлығы қазақ емес. Олардың аттары мен тектері ақ қағазға қара сиямен жазғандай анық тізіліп жазылған. Алдымен әйелдер, кейін ер азаматтарға санақ жүргізгенімен, санадан өткізбеген. Тіпті қазақ редакциясы бар ма, олар не жазып жатыр екен деп көз жүгіртіп өтуге болатын еді. Өкініштісі сол сайттың мемлекеттік тілдегі бетін ашып, қазақ тіліндегі мақаланы оқымаса да, жаңалықтарды шолып шықса болар еді. Оны да істемеген, соған қарағанда қазақтың «намысын жыртпақшы» болған адам, қазақша бетті де қарамаған. Мақсатты түрде ұлты орыс тілшілерді тіміскілеген.
Бұны әдейі істелген қысастық демеске амал жоқ. Мемлекеттік тілдегі бетті ашса талай қазақтың аты алдынан атып шығар еді. Әлде оның айтпағы орыс тілді тілшілер ішінде ұлты қазақ адам жоқ деген шығар дейін десең де қисынға келмейді. Осылай «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп сілтей беруге бола ма екен?
Бұндай тізімнің адамзат тарихында не үшін жасалғанын жақсы білесіздер... Ашаршылық жылдары осындай тізімнің арқасында жарты қазақ атылып, жақсыларымыз жапанда қалмап па еді?! Бұра тартып, бөлінгеннен кімнің төбесі көкке жетіп еді? Талай тағдырды шайқап, миллиондаған адамдарды қырғынға ұшыратқан екінші дүниежүзілік соғыс осындай тізімнен басталған.
Сонымен не істеу керек? Жұмысқа тыйым салу қажет пе? Төлқұжатқа арнайы баған ашып, әрқайсының тегі мен руын, жеті атасын тізіп жазу керек пе? Мүмкін әркімге әрқалай киім кигізіп, ерекше белгілермен таңбалау керек шығар?
Жоқ, біз бұған жол бере алмаймыз. Дәл осы жағдайда әрекетсіз қалу – қылмыспен тең. Түтін иісі шыққан жердің ертең бықситыны, одан арғы күні от тұтанып жалындап жанатыны белгілі. Сондықтан ертең жалынға оранбас үшін бүгінгі қоламтаны басу керек.
Орыс тілді «Орда» журналистерінің тізімі – моральдық тұрғыдан дұрыс еместігін былай қойғанда, нақтылық жағынан да қате. Қасақана тек орыстардың аты-жөнін тізіп жазған.
Ал көзі қарақты Орданы оқып отыратын Жолымбет Мәкіш сияқты сауатты журналистер әлеуметтік желідегі парақшасында ұлты қазақ журналистердің де, қазақ редакциясының да бар екенін ашық жазды.
Тізім түзгіштердің ойы сонда ұлтаралық негізде тізеге салып, арандату ма, әлде талай сынға төтеп беріп, айрандай ұйып отырған ұжымды екіге бөліп, бір-біріне қарсы қою ма? Неге тізімде тек орыс ұлтының өкілдері ғана бар? Орда ашылғалы еңбек етіп келе жатқан, жарыса жазып, талай даулы істің басында жүрген, талай шулы оқиғаларды зерттеген қазақ журналистері адам емес пе, сонда?! Ұлттың намысын жыртқыш болса, алдымен мемлекеттік тілдегі сайтты ашпай ма? Әлде бұл ұлты қазақ журналистердің еңбегін еш етіп, сендер көзге көрінбейсіңдер дегендік пе? Олай болса, арандатушылық пен ұлт араздық отын осы тізім арқылы тізім түзгіштер өздері бастап отырған жоқ па?!
Неге қазақ редакциясының еңбегін олар әдейі іске алғысыз етіп тастап отыр? Әрине, біз бұны қасақана арандату, араға от салып, айдақтау деп білеміз!
Тіпті, редакцияда көптен бері жұмыс істемейтіндердің аты-жөнін тізімге кіргізіп қойғанына қарағанда айтаққа еріп сайтты ашып та қарамаған, бір қарап шықса да болар еді. Арандатуға жол бермес үшін материалдардың қай күні жазылғанына қарай салса, бұрын істеп кеткен адамдар екенін, тіпті соңғы кезде ол авторлардың жазбалары жоқ екенін көрер еді, жоқ оны да тексеруге тырыспаған.
Ильдар Адильченов бастаған тұтас бір редакция бар, онда жұмыс істеп жатқан қазақ тілді «Орда» тілішілерін әдейі көзге ілмей, кісі орнына оқынбау – біздің де намысымызды қоздырып отыр. Іште бөлінбеген ұжымды сыртта отырып алып бөліп-жарып, төрелік айтқандар енді өздері заңның төрелігі алдында жауап берсін.
Осының бәрі қылмыс деп есептейміз. Біз осы орайда қылмыстық тергеуді талап етеміз! Тізімнің авторы, тек орындаушы екеніне сенімдіміз. Біз негізгі тапсырыс берушіні тауып, жазалауды талап етеміз! Осы тұрғыдағы өз көзқарасымызды білдіріп, қазірдің өзінде ішкі істер министрлігіне шағым түсірдік.
«Бұндай масқаралыққа көз жұма салу мүмкін емес. Бұл ұлтараздығын тудыратын көрініс. Біз ұлтына қарап, қазақ, орыс, татар, украин, ұйғыр, беларус, өзбек, қырғыз деп бөліп жатпаймыз, біз үшін бәрі бірдей. Біз журналистерді шыққан тегіне емес, қабілетіне қарап жұмысқа аламыз», - деп атап өтті Ильдар Адильченов.
«Орда» журналистерінің тізімі әлеуметтік желіде жік тудырып, біле бермейтін оқырмандардың талқылауына емес, талауына тастау үшін әдейі жасалған. Біздің журналистерімізбен таныс болмаса да, ақпарат көзін зерделеп талдамай-ақ, мемлекеттік тілдегі сайтты бір қараған адам бұндай жаңсақ пікірді жалаулатуға ұялар еді...
Иә, Ордадағы адамдар да, олардың ұлты да әртүрлі. Біз осы ұқсамайтындығымызбен жақынбыз, бірлігіміз де, күшіміз де осында!
«Біздің редакцияда әртүрлі адамдар жұмыс істейді. Мен ешқашан ешкімнің ұлтын сұраған емеспін, сұрамаймын да. Олардың бет-әлпеттері, мінездері, көзқарастары әртүрлі, ұжым болған соң кейде әр тақырыпқа дауласып та жатамыз. Бірақ ұлт тақырыбын қозғаған емеспіз. Ұлтты карта ойынындай сапыру - бұл соншалықты арамзалық, соншама өрескел. Сонымен қатар, қылмыс. Менің ойымша, билік осыған тапсырыс бергендерді табуға міндетті», - дейді Orda.kz негізін қалаушы әрі бас редакторы Гүлнәр Бажкенова.
Тергеу нәтижесі қандай болатынына қарамастан, біз қазірдің өзінде қарсыластарымызға «Бізді осылай арандатамыз деп ойламаңдар, дегендерің болмайды!» демекпіз, ал сенімді оқырмандарымызға «Бізді оқыңыз» дейміз.
Құрметпен,
«Орда» редакциясы
Жаңалықтар
- Orda.kz редакциясы «орыстар» тізімінің жариялануына қатысты тергеу жүргізуді талап етеді
- Қытай аспанындағы отты шоу: дрондар көрермендердің үстіне құлап, өрт шықты
- Елімізде 11 қазаннан бастап дүкендерге жаңа ереже енгізіледі
- Шіріген құбырлар Алматының тұтас бір ауданын сусыз қалдырды
- Қазақстанда техникалық байқау тәртібі өзгермейтін болды
- «Робин Гуд»: 6 млн несиені қайтармаған Сариев сотта көз жасына ерік берді
- «Қазтелеком» Орталық Азиядағы екінші ірі AI-кластерді іске қосты
- «Қайратпен» өткен матчтан кейін «Реал» жұлдыздарының бағасы құлады
- Руслан Берденов жаңа лауазымға тағайындалды
- Белгілі жазушы Еркін Жаппасұлы қайтыс болды
- ХАМАС бейбіт жоспар аясында Газа тұтқындарын босатуға дайын екенін мәлімдеді
- Алматыдағы тергеу абақтысында судья қайтыс болды
- «Тозақ отын жаудырамын»: Трамп ХАМАС-қа соғысты тоқтату туралы шарт қойды
- Украин дрондары Қазақстан шекарасына жақын орналасқан мұнай өңдеу зауытына соққы жасады
- Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Әзірбайжанға барады
- «Өлімші етіп сабаған»: Алматы колледжінде төбелескен қыз бен жігіт полицияға жеткізілді
- Ұлтаралық араздық туғызған Алика Мұхамедиеваның ісі сотқа жіберілді
- Алматы қаласында заңсыз БДСМ студиясын ашқандар ұсталды
- Павлодар облысында әкім фельдшермен төбелесті
- «Өлім жазасы»: Қырғызстанда 17 жастағы Айсулуу Мукасеваның өлімі қоғамды дүр сілкіндірді